Төтенше жағдайлар министрлігіне қосымша құзірет берілуі мүмкін
Төтенше жағдайлар министрлігіне біршама қосымша құзірет берілуі мүмкін, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Ашық» НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасынан белгілі болғандай, құжатқа сәйкес, енді ведомствоға бірқатар функциялар берілуі мүмкін. Атап айтқанда:
- адамдарды құтқару үшін және аса қажет болған жағдайда төтенше жағдайлар аймағындағы ұйымдардың байланыс, көлік құралдарын, мүлкі мен өзге де материалдық құралдарын пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
- міндетті түрде мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет құрылатын ұйымдар мен объектілердің тізбесін әзірлейді және бекiтеді;
- қалаларды азаматтық қорғаныс бойынша топтарға, ұйымдарды азаматтық қорғаныс бойынша санаттарға жатқызу жөніндегі өлшемшарттарды әзірлейді және бекітеді;
- мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтауға арналған объектілерді орналастыру және салу жөнінде шешімдер қабылдайды;
- табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың сыныптамасын белгілейді;
- өз құзыреті шегінде климаттық қатерлерден болатын дүлей зілзала тәуекелдерін бағалауды жүргізеді;
- объектілік кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын құру, орнын ауыстыру, қайта бейіндеу немесе тарату туралы ұйымдар басшылығының шешімдерін келіседі;
- мемлекеттік материалдық резерв саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және іске асыруды қамтамасыз етеді.
Үкімет қаулысының жобасы 5 сәуірге дейін көпшіліктің талқылауында болады.