Жаңалықтар

Төтенше жағдайда тұрғындар да, қоршаған орта да оқшаулануы керек - депутат

Төтенше жағдайда тұрғындар да, қоршаған орта да оқшаулануы керек - депутат
Фото: gov.kz 07.07.2023 22:49 396

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сергей Ершов Қарағанды облысында болып, жергілікті тұрғындармен, мәслихат депутаттарымен және сайлаушылармен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жүздесу барысында сенаторға орман алқаптарында, елді мекендерде және облыстың далалық аймақтарында өртке қарсы қауіпсіздікті ұйымдастыру жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы егжей-тегжейлі баяндалды. Сондай-ақ өрт сөндіру бөлімдерінің жаңа пункттері мен олардың жабдықталу деңгейі таныстырылды.

Қатысушылар кездесу барысында Қарқаралы ұлттық табиғи паркіндегі өрт қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Ең алдымен материалдық-техникалық базаны қаржыландыру деңгейінің төмендігі мен ұлттық парк қызметкерлері жалақысының аздығына байланысты мәселелер айтылды.

«Орталық мемлекеттік органдар өзекті мәселелерді шешу үшін шұғыл және салмақты шаралар қабылдауы тиіс. Төтенше жағдай туындаған кезде елді мекендердің тұрғындары да, қоршаған орта да апат ауқымынан оқшаулануы керек. Сенат депутаттары Палата отырыстары мен депутаттық сауалдарында бұл мәселелерді бірнеше рет көтерген болатын», - деді сенатор Ершов.

Депутат сонымен қатар Қарағанды облысы әкімдігі жанындағы аумақтық қорғаныс жөніндегі әскери бөлімде де болды. Сергей Ершов әскердің орналасқан жерін көріп, әскери қызметшілермен әңгімелесті және осы бөлімнің қызметімен танысты.

Әскери бөлімнің басшысы өз кезегінде аумақтық қорғанысты ұйымдастыру жөніндегі келешек жоспарлар мен алда тұрған міндеттер туралы баяндады. Қазіргі кезде әскери қалашық салу туралы жоспарды іске асыру алдағы маңызды міндеттердің бірі болып отыр.

Сенатор өңірге сапардың соңында Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасымен кездесті. Тараптар өңірдегі өзекті мәселелерді және оларды заң жүзінде шешу жолдарын талқылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға