Жаңалықтар

Төрт облыстың шаруалары елордадағы жәрмеңкеге 900 тонна өнім әкелді

Төрт облыстың шаруалары елордадағы жәрмеңкеге  900 тонна өнім әкелді
Фото: Астана қаласы әкімдігі 12.10.2024 18:44 503

Астанада кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтуде. Осы аптада өз өнімдерін төрт облыстың, Алматы, Жетісу, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарының аграршылары ұсынады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер елордалық жәрмеңкеге 900 тоннадан астам өнім әкелді. Сөрелерде ет, көкөністер, жемістер, сүт өнімдері, өсімдік майы, бал, балық, шұжық, қант және түрлі кондитерлік өнімдер бар.

Павлодар облысы жеткізген өнім көлемі бойынша көш бастап тұр. Бұл өңір 550 тоннаға жуық өнім әкелді, оның басым бөлігі картоп, көкөніс және бақша дақылдарын құрайды. Жетісу облысының аграршылары жаңа піскен жеміс-жидектер, ет және қантты қоса алғанда, 120 тоннадан астам тауар ұсынуда. Батыс Қазақстан облысы ет өнімдерінің алуан түрін, сондай-ақ ұн мен макарон өнімдерін әкелді.

Өз кезегінде Алматы облысы 200 тонна өнім ұсынды, олардың ішінде әйгілі «Апорт» сұрыпты алмалары ерекше көзге түседі. Жәрмеңке күндері астаналықтардың 350-700 теңгеге 1 кг алма сатып алу мүмкіндігі бар.

Біз Алматы облысының атынан келдік. Елордалық жәрмеңкеге жыл сайын қатысамыз, сатылымдар жақсы жүріп, тауарлар жылдам өтіп жатыр. Бүгін алмұрт, «Апорт», «Американдық» алмалары, «Дюшес» сұрыпты алмұрттар әкелінді. Біздің апорт – жемістің төресі. Көптеген қазақстандықтар үшін бұл тарихтың бір бөлігі, туған жер байлығының символы және балалық шақтың өзіндік дәмі, - деп атап өтті сатушы Фарида Лазгиева.

Астаналық Айсұлу Өтешева жәрмеңкеге жұбайымен бірге келіп, өз әсерімен бөлісті.

Аймақтық ауылшаруашылық жәрмеңкелері – бұл біз үшін, қала тұрғындары үшін жаңа және табиғи өнімдерді фермерлерден нарықтық бағадан төмен бағамен сатып алудың тамаша мүмкіндігі. Жұбайым екеуміз жыл сайын осы жерден сатып алуға тырысамыз, өйткені мұнда қол жетімді бағамен сапалы көкөністер, жемістер, ет және сүт өнімдерін табуға болады. Бұлтты ауа райына қарамастан, бұл жолы жаңбыр мен қар жауып тұрса да, біз әлі де мүмкіндікті жіберіп алмауды шештік, - деді ол.

Жәрмеңке 12 және 13 қазанда сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін «Қазанат» ипподромына қарама-қарсы орында, Қарқаралы тас жолында өткізіледі. Елорда тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болуы үшін жәрмеңкелер кезінде № 18, 37, 303 және 323 автобус маршруттары ұзартылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға