Жаңалықтар

Торғай – туризмге сұранып тұрған өлке

Жер астынан шығып жатқан шипалы ыстық су, оның астындағы қара лай және қара тұз көлі туризмге сұранып-ақ тұр
Торғай – туризмге сұранып тұрған өлке
26.10.2022 14:55 4101

Туризм туралы әңгіме қозғалса Түркия еске түседі. Әлемнің өзге де демалыс орындары ойға оралады. Алайда атамекеніміз – Қазақстанның әр өңірінде туризмге сұранып тұрған жерлер жетіп артылады. Тек соны бағалау жағы кемшін.  Асқақтату жағы нашар. Қазақтың киелі жерінде бәрі бар. Тек соны құнттайтын азаматтар ғана аз болып тұр.

Былтыр шілде айында киелі Торғай өлкесіне іссапармен барып қайттым. Сайын даласы самал желімен тербеп, қырат-төбелері сыр айтқысы келгендей қос қапталда қалып жатты. Нағыз туризмге сұранып тұрған өлке екен, шіркін. Көкірекке түйген, ішке жиған ой көп. Бұл даланың көне жәдіргерлері мен аспан астындағы тарихи орындары бөлек әңгіме. Менің  сөз еткелі отырғаным алаш көсемдерінің ардақтысы Ахмет Байтұрсынов атамыз дүниеге келген өңірдегі екі шипалы орын жайлы болмақ. Оның біріншісі жер астынан шығып жатқан ыстық қайнар. Екіншісі оның астынан шығатын қара лай. Үшіншісі ат шаптырым жерді алып жатқан шипалы қара тұзды көл.  Туризмге сұранып тұрған осы жерлерді тарқата жазып оқырманға  ұсынуды жөн көрім. 

Жер астынан шығатын қара лай

(Жер астынан шығатын қара лай)

(Шипалы қара тұзды көл)

Арқалық қаласы мен Амангелді, Жәнгелдин аударын алаңсыз аралап, қиырдағы алаш арысы Ахмет Байтұрсынов дүниеге келген «Ахмет Байтұрсынов» ауылына ат басын бұрдық.  Айтпақшы жолай Жанкелдин ауданы әкімі Шота Сәбитбекұлы Оспановпен жүздесіп, әңгімелестік. Аудан әкімі де ағынан жарылды. «Ахмет Байтұрсынов атамыздың атындағы ауылда тіршілік бір қалыпты. Ол жерде екі ауыл бар. Біреуі Ақкөл, екіншісі Ахаң ауылы. Екі ауылдың да деңгейі қазір бірдей. Төрт жүзден аса халық тіршілік кешуде. Әрине, бұрын молырақ халық тұрды. Түрлі себеп-салдарға байланысы халық азайды. Дәл қазіргі таңда екі ауылда да жаңа орта мектеп бар. Жүзден аса бала оқиды екі мектепте де. Яғни, орта мектепті ұстауға толық мүмкіндік жетеді. Бәрі талапқа сай. Халық саны неге бұрын көп болып, қазір неге азайып кетті? – деген сұраққа айтарым: қазір бізде үдере көшіп жатқан халық жоқ. Тұрмыстары жақсы. Халықтың көбі сонау 90-шы жылдары көшіп кетті. Бұл екі ауылды ұлы Жыланшық өзені жанай өтеді. Одан бөлек «Ақкөл» жатыр жарқырап, балығы тайдай тулаған. Халық көлден балық аулайды. Оны кәсіп қылып алғандар өте көп. Ел тұрғындарының малы да жетерлік. Кешегі қиын заманда да «Ақкөл» халықты тығырықтан алып шықты. Қазір малға басымдық берілуде. Халық та түсінді, мал құнданды, бағасы көтерілді. Сондықтан болар ірі қара мен жылқыда өсім көп. Қойды бір қалыпты деңгейде ұстап отыр. Қазір екі ауылға мемлекет тарапынан үлкен қаржы бөлінуде. Соның арқасында әр үйге су жүргізіліп жатыр. Оның құны 700 млн теңге. Мемлекеттік бюджет есебінен. Кеңес үкіметі кезінен шешілмей келе жатқан бір проблема бар еді, ол екі ауылдың ортасын Жыланшық өзені бөліп қана тұрғаны. Бірақ жол қатынасы қиын еді. Өзенді кесіп тура тартса 9 шақырым жерге жету мұң болатын. Көктем айларында су тасыған кезде екі ауылдың адамдары бір-біріне өте алмай қиналатын. Амалдың жоқтығынан алпыс шақырым жерді айналатын. Халықтың «Екі ортаға көпір салынса» деген өтініші үкіметтің құлағына жетіп «Жұмыспен қамту жол картасы аясында» қаражат бөлінді. Оған дейін жобалық сметалық құжатын дайындап қойған едік. Қазір көпір жұмысына 400 миллион теңге шамасында жұмсалуда. Мердігер «Алюмининстрой». Көпір толық біздің қабылдауымызға берілген жоқ. Әлі біраз жұмыстары бар. Ең қуанарлығы халық төте жолмен қатынап қуанып жатыр. Бұл – үлкен бір іс! Кешегі дүрілдеп тұрған кеңес заманында салынбаған көпір, енді салынуда. Бүгінгі уақытта көпір салу көп қаржыны талап ететін жоба. Сондықтан бұған қуану керек. Әрине ел болғасын түрлі жетіспеушіліктер, кемшіліктер болуы да заңдылық. Оны өздеріңіз көре жатарсыздар. Ең бастысы актив байланыс жүйесі бар. Мойындаймыз интернет жағы әлсіз. Алдағы уақытта бұл да шешіліп қалар деп ойлаймын» деді.

Алашты зерттеушілерді тебіренткен өлке

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Шота Сәбитбекұлы, жердің шалғайлығы мен жолдың нашарлығын ескеріп көлік жағынан көмектесіп және бір қызметкерін қасымызға ертіп жіберді. Бұдан артық қандай қолдау керек. Әр әкім осындай болса ел мен жердің тыныс-тіршілігін кеңінен насихаттала түсер еді-ау дедік іштей.

Ахаң туған ауылға бізді бастап келген Абжамалов Дастан Тыныштықұлы «Жангелдин ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы екен. Дәкең жас та болса көкірегіне түйгені көп алаш десе аруақтанып кететін жігіт болып шықты. Зеріктірмейді. Қайта рухымды оятып, Ахаңа қатысты тың деректерді білетін қариялармен жолықтыруға күш салды. Бұл келешегі зор азаматтың ісі ғой...

Дастан сөз арасында осыдан бірнеше жыл бұрын Ахаң туған ауылға алаштанушы тарихшылар мен ғалымдар легінің келген айтып берді. «Ылғи ығай мен сығай. Жауын құйып тұр. Қызбелге барып Міржақып Дулатовқа тағзым етіп келген қонақтарды, Ақкөлге Ахаң туған ауылға алып келеміз. Айта кетейін, Алаш арысы Жақаңа баратын Қызбелдің жолы да көтерме жол ғой. Тас төселмеген. Езіліп жатыр. Батпаққа көміліп ол жақтан Арқалық-Торғай трассасына әрең жеттік.

Енді Ақкөлге келе жатырмыз. Қонақтар жол талғамайтын көліктердің ішінде.. Алаштанушылардың арманы Ахаң туған ауылды бір көріп, табаны тиген топырақты рахаттана бір иіскеу. Ахаң ауылына баратын жол да көтерме жол. Шұңқыры көп. Көліктің адымын аштырмайды.Ми батпақ. Аттың сыры иесіне мәлім ғой, Ақкөлге жетер жерде қатты жауын болса буып тастайтын шұңқыр сай бар еді. Содан өту қалай болар екен деп қысылып келемін. Үлкен қауіп сол. Қонақтар алаңсыз әңгімені соғып келеді. Жүріс мардымсыз. Қиқалаң-қиқалаң жол. Бір заманда мен қауіптенген жолға келіп желімге қонған масадай дәу машина «зар еңіреп» батты да қалды. Екінші көлікпен артқа сүйретіп әрең шығардық. Қонақтардан сондағы ұялғаным-ай...

Амал қанша, көрініп тұрған Ахаң ауылына жете алмай кері қайттық. Сонда алаштанушы, тарихшы аға-апалардың Ахаң туған топырақты уыстап, жусанын иіскеп еңіреп жылағанын көрдім.  Сонда бір кісінің «Ахаң туған өлкені тастап көшпей, қиындыққа шыдап отырған бұл ауылдың әр адамына награда беріп, ардақтап өтсе болады екен» дегені есімде сақталып қалды деді Дастан Тыныштықұлы.

Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үй

(Ахмет Байтұрсынов туған үй)

Ауыл ақсақалдарының айтуынша алаш көсемі Ахмет Байтұрсынов туған жері Ақкөлге 1926 жылы Бәдриса шешемізді ертіп келеді. Келудегі мақсаты: дүниеден өткен әкесі мен ағасының басын көтеріп, Байтұрсын әлуетінің зиратын қоршап, ағайын-туыспен қоштасу болған. Ең алдымен жас жігіттерді жинап, әбден иі қанған саманға жылқының қылын қосып құйғызады. Оны әбден кептіртіп қалатады. Содан кейін өзі туған Жыланшық өзені бойындағы қоржын тамның іргесіне он шақты кигіз үй тіктіріп, он жылқы, бірнеше қой сойғызып ата-баба аруағына бағыштап ас береді. Асқа жиналған Торғай өңірінің адамдарына: «Қиын заман туып келеді. Сіздерден өтінерім, ынтымақ-бірлікте болыңыздар! Бөлінгенді бөрі жейді. Аттан салғандарға еріп арандап қалмаңыздар. Асқа жиналған көпшілік, бұл ас – менің де соңғы асым болар, бәлкім. Сіздерді енді көремін бе, көрмеймін бе оны бір Алла ғана біледі», – депті көзі жасаурап. Сол кезде мына сөзге шыдамаған жұрт: «Аха, ешқайда кетпеңіз! Бізбен бірге болыңыз!» – деп шу ете қалыпты.

Ахаң сонда күлімдеп: «Мені үлкен жұмыстар күтіп тұр ғой. Оны аяқтауым керек. Маған енді кешігуге болмайды», – деп қоштасқан екен. Кейінірек көне көз қариялар «Ахаң содан кейін елге келмеді. Тіпті сүйегінің де қайда екенін ешкім білмейді ғой», – деп күрсінумен өтіпті.

Қолда барды бағалау кемшін...

Торғай даласындағы «Ақкөл» ауылындағы жер астынан шығып жатқан шипалы ыстық су, оның астындағы қара лай және қара тұз көлі туризмге сұранып-ақ тұр. Егер Түркия мен Германия секілді мемлекетте мұндай қазына болғанда бюджетке түсер қыруар қаржысы үшін айнадай жол төсеп, қонақ үйлер салып жайнатып қояр ма еді деген ой келеді. Қазір бұл жақ қаңырап тұр. Көкпектері «жер тепкілеп», жусандары «өкпелеп» жатқан тәрізді. Ұлы Жыланшық өзені де баяғыдай адуын мінез көрсетпейді. Халқы секілді іштен тынып ағады... Жағадағы ентелеген құрақ пен қамыс та азынаған желге мұңды әуен қосып қояды. Оны бірақ кім тыңдап жатыр. Қолынан басқа не келеді? Бейне «Бұл жердің қадіріне жетпедіңдер-ау адамдар» дегендей жамырайды күні-түні... Баспана түгіл, басында бас сұғатын лашық жоқ. Етектері босаған бөтелке мен қалдыққа толы. Маңай гигенаға сай емес. Бірінде дәретхана қауқиып тұрса, екіншісінде мүлде көрінбейді. Табиғи қажеттілікті өтеудің өзі мұң. Алыстан арнайы келген ем іздеушілер көлігіне түнеп, көңілдері жүдеп қайтатыны айтпаса да түсінікті.  Әсіресе бұл аймаққа Челябы мен Қостанайдан орекеңдер өте көп келеді екен артынып-тартынып. Өйткені шипалы мекен - су тегін...

Денсаулықтың қадірін жақсы білетін жұрт рахатын көріп жүр. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Өздері топтасып бірнеше жол талғамайтын көліктермен жүреді. Жастары ғана емес, кемпір-шалдары да қутың-қутың етеді. Тазалау жерге палатканы құрып жіберіп, дайын газдарын лап еткізіп апталап жата береді күн астында... Азық- түлік мол болса, ауыз су жеткілікті болса бір ай жат, қалауың біледі. Саф ауа, шипалы су, тұзды көл қандай. Қолда барда алтынның қадірі бола ма, бұл аймақтағы жұрттың күйбең тірліктен қолдары босауы қиын, босай қалса той-томалақ тағы бар, қазекеңнің тірлігі осылайша өтіп жатыр ғой, қайтейік.

Көргенімізді айтсақ, ауырып-сырқағандар еліміздің әр түкпірінен арнайы іздеп келіп ыстық суға буланып, қара лайына «боянып», тұзды көлге шомылып өздерінше ем қабылдап әлек. Жердің қасиеті ме, желдің құдіреті ме, судың қуаты ма, тұздың шипасы ма, әйтеуір, біз көрген кәрі мен жастың бәрі бірнеше күнде қызыл шырайланып, жасарып кеткендей көрінеді. Енді сортаң жердегі қара тұзы жайлы аз-кем мәлімет айтайын.

Жергілікті халық бұл араны «Қара тұз» көлі деп атайды. Ақкөлге 22 шақырым. Ойық жолмен барасыз. Ортасы биік болғандықтан асты еңселі көлік мінгеніңіз абзал. Көп қиындық көрмейсіз дегенім ғой. Қара тұз көлінің тереңдігі 18 метр, көлдің аумағы ат шаптырым. (10 шақырым). Көлдің ортасындағы ойықтарға көлікпен барсаңыз да болады.

Менің берер кеңесім, көлігіңізді жағаға қаңтарып, жалаң аяқ қара тұздың үстін жалпағынан басып жүрсеңіз. Сәлден кейін-ақ табаныңыз қызып, балтырыңыз сыздап, аяқ-қолыңыз мұздап, маңдайыңыз жіпсіп, қолтығыңыз бусанып, тұла бойыңыз шымырлап қоя береді. Рахат бір сезімді бастан кешесіз. Бәрін ұмытасыз. Күйбең тірлікті ұмытасыз ең бастысы. Дүниебоқ деп қараусыз қалып, әлсіреген организміңіз қай жерде «кінәрат» барын миға сигнал арқылы жеткізіп отырады. «Диогноз белгілі болды, сен екенсің ғой мазалап жүрген» деп сырқат жеріңізді қолыңызбен «ұстап аласыз». Одан артық не керек адамға....

Елу метрдей жүрсеңіз, алдыңыздан ойық шығады. Асығыстыққа салынып бірден қойып кетпеңіз. Өйткені тұзды су салқын. Қоймалжың. Одан бөлек қысымы күшті. Тұла бойыңызды тұзға бөккен майлы қою сумен әбден сылаңыз. Денеңіз жиырылып, шиыршық атасыз, бабыңызға келесіз, бәлкім суға аяғыңызды салып, құрыс-тұрысыңызды жазарсыз бір уақыт. Содан кейін барып қана ойықтың жиегінен ұстап суға бойлаңыз.  Денең тереңге батпайды. Қармақтың қалытқысы құсап судың бетінде жүресіз. Қанша сүңгуге тырыссаңызда бір тылсым күш жоғары қарай лақтырып жібереді. Орбитадағы ғарышкер секілді ойықтың бетінде қалқып жүресіз. Рахат!

Балтырың сыздап, тізең дірілдеп, белің құйысып, мойның тырысып жүрсе Ақкөлге жет, бауырым! Қарға аунаған түлкідей жайнап шығарыңа сөз беремін.  Әрине, бұл жерде сізді ешкім күтіп отырған жоқ. Өзіңді өзің ғана баптайсыз.  Айтарым, мұндай шипалы мекенді шетелден таппайсыз, қарағым! Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат бойыңнан түңілсін дегенді де есіңнен шығармағын. Шетелге ақша шашып қайтесіз, су тегін дүние қасыңызда тұрғанда.

Айтпақшы, Ақкөлге сапарға шыққанда, ауыз «апандағы» отыз тістен қалған түбіртектің бір-екеуі «ескі әніне» салған болатын. Тіпті тұзды көлге жеткенде құтырып кеткенін қайтерсің. (Ауыруды басатын дәрілерге үйреніп алған ғой әбден). «Атаңа нәлет-ай, сен-ақ қанымды ішіп болдың ғой» деп кіжініп жүруші едім, Ақкөлдің тұзды көлінің бетіндегі тұз қиыршықтарын «арпаға бас қойған жылқыдай» аузыма уыстап салып күтір-күтір шайнағанда түбіртектер «жуасып», қатары азайған тістер «таң асып», көмейім «күмбірлеп» шыға келді. Тынысым ашылғандай рахаттанып қалдым.

Кең диапазондағы халық әнінің бірін шырқасам 22 шақырым жердегі Ақкөл жұрты естуі бек мүмкін еді... Ішке кеткен кермек судан асқазан «айқайлап», шектер «шымырлап», бауыр «қимылдап», бүйрек «бұрқылдап» қалды. Шын айтамын, шабытымда шарықтап шыға келді...

Суреттер автордың жеке мұрағатынан

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға