Жаңалықтар

Торғайдағы көтеріліс

Екі жылдан кейін Амангелді Иман бастаған Торғайдағы көтерілістің 100 жылдығы болады. Осы айтулы датаны лайықты деңгейде өткізуге қаншалықты дайынбыз?
12.08.2014 09:02 32500

Екі жылдан кейін Амангелді Иман бастаған Торғайдағы көтерілістің 100 жылдығы болады. Осы айтулы датаны лайықты деңгейде өткізуге қаншалықты дайынбыз? Империялық билікке қарсы қазақ халқын көтерген Торғай көтерілісінің көшбасшыларын ұмытып бара жатқан сияқтымыз. Бұл көңіл көншітпейтін жағдай. Кейбіреулер айтады, тәуелсіздік қазаққа оңай келді, «аспаннан түскендей». Бірақ, осындай көтерілістер бұл адамдарға нақты жауап емес пе? Қазақ, Сырым Датұлы көтерілісінен бастап Желтоқсан көтерілісне дейін тәуелсіздік үшін күресті тоқтатқан жоқ! Торғайдағы қазақтың көтерілісі осыған нақты дәлел.        

Торғайдағы көтерілісТарихқа үңілсек. 1916 жылы орын алған көтерілістердің ең ірі оқиғаларының бірі Торғай облысында болды. Мұнда қазақ шаруаларының күресі мейілінше табанды болып, ұзаққа созылды. Жергілікті ауылдық-болыстық әкімшіл басқарудан аластатылып, билік көтерілісшілердің қолына көшті. Торғай уезіндегі қыпшақ руының  көтеріліске шыққан қазақтары Орта жүздің ықпалды биі Нияздың немересі , аса беделді Әбдіғафар  Жанбосынды өздерінің ханы етіп сайлады. Кенесары ханның атақты Иман батырының немересі Амангелдіні сардарбегі етіп тағайындады.  

Торғайдағы көтеріліс ошағы биліктің бір орталықта болуымен, көтерілісшілер қозғалысын басқарудың тәртіпке келтірілген жүйесімен көзге түсті. Әскери іс мәселелеріне Әскери Кеңес баса назар аударып отырды. 1916 жылғы қыркүйекте Торғай уезінде Амангелді Иман көтерілісшілердің үлкен жасағын құрып, қару жасаушыларды ұйымдастырды және көтерілісшілерді әскери өнерге өзі үйретті. Олардың жалпы саны жиырма мыңға дейін жеткен. Көтерілісшілер қатарын Ырғыздан, Қостанайдан, Ақтөбеден, Байқоғыр және Шоқпаркөл кеніштерінен, Орынбор – Ташкент теміржолынан келген жұмысшылар толықтырды.

Көтеріліс сардарбегі Амангелді Иман ұрыс жүргізудің өзіндік тактикасын қолданды. Мергендерден ерекше жасақтар құрып, оларды шағыл құмдардың арасына орналастырды. Жазалау отрядтарының коммуникациялық жолына тез қимылдайтын атты әскер жіберіп отырды. Жазалаушылар Торғай көтерілісшілерінің «әскери сап құратынын, колоннамен лек-лек болып жүріп, бірден қоятынын, тынығу кезінде тосқуыл қойып, 25 шақырымнан астам жерге шолғыншы жіберіп отыратынын» байқап білді.   

Қазан айының соңында Амангелді Иман бастаған 15 мың көтерілісші Торғай қаласын қоршады. Көтерілісті  талқандау үшін патша үкіметі генерал Лаврентьев басқарған тоғыз мың адамдық жазалаушы экспедициялық корпус жіберді. Торғайға беттеген жолында жазалаушы отряд қазақ ауылдарын шапты. Торғайды ала алмайтын болғандықтан, көтерілісшілер қоршауды тоқтатып, Батпаққара жазығы мен Аққұм құмының маңына ірге теуіп, партизандық күрес әдісіне көшті.  

Амангелдінің серігі, атақты мерген Кейкі батыр жасағы жігіттерінің құйындай ұйытқып жасаған шабуылдары жазалаушылардың зәресін ұшырды. Амангелді Иман сарбаздары жазалаушы отрядтарына Татыр, Шошқалы қопа, Күйік қопа, Доғал – Үрпек түбіндегі шайқастарда, Торғайды қоршаған кезде табан тірей қарсылық көрсетті. 

Доғал –Үрпек түбіндегі ұрыс жеңіліспен аяқталды. Шегіне отырып ұрыс жүргізген қырық сарбазды жазалаушылар қоршап алды. Сарбаздар соңғы оғы қалғанша атысып, тірі қалғандары кешке қарай қолына найза алып, қоян-қолтық айқасқа түсті. Көтерілістің аяусыз жанышталғанына қарамастан, көп жерде, бой көрсету бұдан кейін де біраз уақытқа жалғасты.

Патша үкіметі көтерілісшілерден аяусыз кек алды. Үш мыңға жуық адам жазаланды. Жүздеген ауылдар өртеліп, көптеген бейкүнә адамдар атылды. Алайда тарихтың өзі тәрік еткен отаршылдық жүйені жазалау экспедициялары да, әскери-дала соттары да, атып-асу да құтқарып қала алмады. Бұл қазақ халқының езілген Ресей халықтары  азаттық күресінің жалпы тасқынына біржола қосылғаны еді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға