Жаңалықтар

Тоқаев жылыту маусымына дайын болмаған басшыларды сынады

Тоқаев жылыту маусымына дайын болмаған басшыларды сынады
Фото: © El.kz 15.11.2024 16:35 370

Президент жылыту маусымын мінсіз өткізу – өзекті мәселелердің бірі екенін жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол ерекше бақылауда ұстайтынын айтты.

Саран қаласы ауа-райының суытуына дайын болмай шықты. Мұндағы үйлер жақында ғана жылу жүйесіне қосылған еді. Кемшілікке жол берген жауапты тұлғалар тиісті жазасын алды. Бұл барлық әкімге сабақ болуы керек. Жылыту маусымына дайын болмау басшылардың өз қызметіне сай келмейтінін көрсетеді. Дегенмен биыл ел аумағында энергия көздері мен жылумен жабдықтау желілерін жөндеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Қоймалардағы отын қоры жеткілікті. Бірақ қамсыз отыруға болмайды. Жағдайды ұдайы бақылауда ұстау керек. Мемлекеттік басқару жүйесінің алдында қазір нақты міндеттер мен едәуір сын-қатер тұр. Оқыс оқиғаларға дер кезінде үн қату, жағдайды ушықтырмау, дәл болжам жасау, қоғамның талап-тілегіне құлақ асу маңызды. Барлық мемлекеттік орган, коммуналдық және басқа да қызметтер үйлесімді әрекет етуі керек. Алайда, күнделікті шаруамен айналысып жүріп, стратегиялық мақсаттарды ұмыт қалдырмау қажет, - деді ол.

Президент алға қарай ұмтылып, кең ауқымды перспективаны бағыт етуді тапсырды.

Проблеманың уақытша шешімін іздемей, оның түпкі себептерін жоюымыз қажет. Жолдауда бюджет қаржысын тиімді пайдалануға бағытталған шаралар қабылдауды тапсырғанымды білесіздер. Әлбетте, бюджет саясатында прагматизм қағидаты басты орында болуы керек. Бірақ әлеуметтік шығындардан, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысынан, зейнетақы мен жәрдемақыдан үнемдеуге болмайды. Бұл – менің берік ұстанымым. Азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі басым міндетті ұдайы назарда ұстаған дұрыс. Зейнетақы жүйесінің әлеуетін арттырудың, оны жетілдірудің тәсілдерін табу керек. Дені сау, қажыр-қайраты мол зейнеткерлердің ел дамуына қосып жүрген үлесін ынталандыру маңызды. Орташа өмір сүру жасын біртіндеп ұлғайту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты жетістіктерінің бірі. Бұл көрсеткіш қазірдің өзінде 75 жастан асты. Осы тұрғыдан алғанда аталған мәселе өзекті бола түседі, - деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға