Жаңалықтар

Тоқаев заңсыз алынған активтерді елге қайтару туралы заңға қол қойды

Тоқаев заңсыз алынған активтерді елге қайтару туралы заңға қол қойды
Фото: Akorda.kz 12.07.2023 15:08 1498

Мемлекет басшысы «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заң нормаларына сәйкес қайтару тетіктері ірі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік-билік ресурстары (байланыстары, ықпалы) бар адамдармен сыбайлас олигополиялық топтарға қолданылады.

Заң жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын (атқарған) субъектілерге, мемлекеттік заңды тұлғаларға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, сондай-ақ аталған тұлғалармен аффилирленген субъектілерге қолданылады.

Заң ережелерін қолдану үшін көрсетілген критерийлерге қосымша тұлғаларда Заңда белгіленген шекті сомадан – 13 млн. АЕК-тен асатын (44 млрд. 850 млн. теңге немесе шамамен 100 млн. АҚШ доллары) активтері болуға тиіс.

Оқи отырыңыз:

Активтерді қайтару жұмыстарын арнаулы уәкілетті орган (Бас прокуратура ведомствосы) жүзеге асырады. Ол мемлекеттік органдардың ақпараты және заңнамада тыйым салынбаған басқа да көздер негізінде мониторинг пен талдау жүргізеді.

Мониторинг және талдау барысында активтерді заңсыз шығару схемасына қатысы бар тұлғалар тобы, олармен үлестес тұлғалар тобы, активтердің жиынтық мөлшері, активтерді заңсыз иемденудің, оларды елден тыс жерге шығарудың белгілері мен мән-жайы және өзге де мәліметтер айқындалады.

Талдау қорытындысы бойынша, егер уәкілетті органда сатып алынған активтердің заңдылығына қатысты орынды күмән туындаса, ол активтерді қайтару жөніндегі комиссияға (Парламент депутаттарынан, қоғам қайраткерлерінен, Үкімет мүшелерінен, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларынан және өзге де тұлғалардан құралған комиссияны Премьер-Министр жасақтайды) осындай субъектілер мен олардың үлестес тұлғаларын тиісті реестрге қосу туралы ұсыныстар енгізеді.

Заңда уәкілетті органның орынды күмәндануына негіз болатын критерийлер нақты айқындалған. Бұл – активтер құнының заңды кірістер көлеміне немесе активтерді иемденуіне, тұлғаның немесе оның үлестес тұлғаларының активтерді белгіленген шектен жоғары бағада (жауапты лауазымға орналасу кезінде не одан кейін) сатып алуына арналған шығыстарды жабудың өзге де көздеріне сәйкес келмейтін және Заңда белгіленген басқа да негіздер.

Комиссия тұлғаларды Реестрге енгізу туралы шешім қабылдайды. Сондай-ақ әлеуметтік, саяси және экономикалық тұрақтылықты ескере отырып, активтерді қайтару жөніндегі алдағы шаралар туралы шешім қабылдайды, қала құраушы кәсіпорындардың активтері бойынша ұсынымдар әзірлейді.

Комиссия адамдарды Реестрге енгізген жағдайда, уәкілетті орган бұл туралы оларды хабардар етеді және осы сәттен бастап тұлғалар активтерді иемденудің заңдылығын растай отырып, активтер туралы декларацияны тапсыра алады (бір ай ішінде не 3 ай ішінде – құжаттарды жинау және дайындау үшін неғұрлым ұзақ мерзім қажет болған жағдайда).

Декларацияда субъектілер заңды тұлғаның кірістерін, активтерін, жарғылық капиталына қатысу үлестерін, Қазақстандағы және шетелдегі қарыздарды, активтердің шығу тегі туралы өзге де мәліметтерді көрсетуге тиіс.

Егер тұлға активтерді иемденудің заңдылығын растай алмаса, онда мұндай активтер шығу тегі түсініксіз активтер деп танылады.

Активті елден шығару немесе оны иеліктен шығару қаупі туындаған кезде, уәкілетті орган алдын алу шараларын қабылдау туралы өтінішпен сотқа жүгінеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға