Жаңалықтар

Тоқаев Ұлттық банк төрағасына инфляцияны тежеуді тапсырды

Тоқаев Ұлттық банк төрағасына инфляцияны тежеуді тапсырды
Фото: Ақорда 24.01.2025 16:04 194

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тимур Сүлейменов Ұлттық банктің былтыр жүзеге асырған ақша-кредит саясатының қорытынды есебі мен 2025 жылға арналған монетарлық реттеу жоспарын баяндады.

Қазақстан экономикасы мен қаржы жүйесінің ахуалы, іскерлік белсенділік, инфляция факторлары, сондай-ақ бағаны тұрақтандыру және инфляция деңгейін ортамерзімді мақсатқа сәйкес 5 пайызға жеткізу үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берді.

2024 жылдың қорытындысы бойынша инфляция Ұлттық банктің болжаған шегінде қалыптасқаны, яғни 8,6% пайызды құрағанын айтты.

Ұлттық қордың активтері, алтын-валюта резервтері және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жай-күйі жөнінде ақпарат берді. 2024 жылы Ұлттық қор активтерін басқарудан түскен табыс 7,5 пайызға артып, 4,5 миллиард долларды құраған.Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері 45,8 миллиард долларға жетіп, 27,4 пайызға ұлғайған.

БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін басқарудан түскен инвестициялық табыс 3,4 триллион теңгені құраған. Ал кіріс көрсеткіші инфляциядан екі есе асып түсіп, 17,8 пайызға жеткен.

  • валюта нарығындағы жағдай таныстырылып, теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы баяндады;
  • банк секторындағы жағдайдың тұрақтылығы, депозиттер базасының қалыпты өсімінің жалғасуы, сондай-ақ қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары мен макропруденциялық саясаттың тиімділігін арттыру жоспары жөнінде айтты;

Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту нәтижелері мен Антифрод-орталығының қызметін таныстырды.

Мемлекет басшысы инфляцияны тежеп, қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды екеніне назар аударды. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк пен Үкімет макроэкономикалық саясатты үйлесімді жүргізуі қажет екенін атап өтіп, Ұлттық банк қызметіне қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға