Жаңалықтар

Тоқаев: Табиғатты сақтау - басты міндетіміз

Тоқаев: Табиғатты сақтау - басты міндетіміз
Фото: Ақорда 14.03.2025 16:50 112

Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биологиялық әралуандығын қорғау айрықша маңызды міндетке айналғанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кеше жұмыс секциясы кезінде «Ауыл» партиясының өкілдері киіктер туралы мәселе көтергенін білемін. Аймақтардан да осыған қатысты өтініштер-хаттар келіп жатыр. Рұқсатсыз аң аулағандарға жазаны күшейту үшін менің бастамаммен 2019 жылы заңнамалық шаралар қабылданды. Осы және басқа да жан-жақты шаралардың арқасында еліміздегі киік саны күрт артты. Қазір оларға жойылып кету қаупі төніп тұрған жоқ. Бірақ, енді, басқа мәселе туындады. Ауыл шаруашылығы зардап шегіп жатыр. Эпизоотиялық ахуалдың да күрделеніп кету қаупі бар. Жалпы экожүйеге түсетін салмақ артты. Үкіметке білікті мамандарды жұмылдыра отырып, осы мәселені жан-жақты зерделеуді және байыпты шешім қабылдауды тапсырамын. Біз Балқаш көлінің айналасында Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіруге кірістік. Бұл – шаруашылық қызметке байланысты шешуге тура келетін көптеген мәселемен қатар жүретін күрделі міндет. Келесі кезекте ілбістерді сақтап, оның санын көбейтуіміз керек, - деді ол.

Президенттің сөзінше, адамзаттың бүлдіргі іс-әрекетінің кесірінен Каспий итбалығы, қызғылт қоқиқаз және басқа да ерекше жан-жануарларға қатер төніп тұр.

Біз табиғаттың осы бір сыйына барынша назар аударып, оны сақтай білуіміз қажет. Сондықтан Биологиялық әралуандықты қорғау қорын құру керек деп санаймын. Мен Мемлекет басшысы ретінде бұл ауқымды жұмыстың маңызы орасан зор екенін көрсету үшін осы қоғамдық ұйымға өзім жетекшілік етуге дайынмын. Бұған қоса, біз тағы бір қазынамыз – тазыны халықаралық тізімге енгізе алғанымызды айта кеткім келеді. Аң аулайтын айрықша қасиеттері бар қазақы иттің тұқымын енді бүкіл әлем біледі, - деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға