Тоқаев ШЫҰ елдеріне цифрлық теңсіздікті азайту үшін Қазақстанды үлгі етті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында цифрлық саладағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесін көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Президент әртүрлі елдер мен әлеуметтік топтар арасындағы «цифрлық алшақтық» өзекті проблемаға айналғанын айтты. Сондықтан цифрлық теңсіздікті жоспарлы түрде азайту біздің ұйым қызметінде нақты басымдыққа айналуға тиіс.
Үндістан ШЫҰ-ға төрағалық еткен кезеңде бұл бағыттағы ынтымақтастықты дамыту үшін ауқымды жұмыс атқарды. Енді осы стратегиялық маңызды саладағы үздік тәжірибелерді алмасу ісін одан әрі жалғастырып, жолға қойылған байланыстарды сақтау және нығайту маңызды. Былтыр Қазақстан БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту индексі бойынша 28-орынды иеленді. Бұл – ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы ең жоғары көрсеткіш, - деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанда жан-жақты цифрлық трансформация жасау үшін қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті. IT шешімдер мемлекеттік басқару жүйесіне жоспарлы түрде енгізіліп жатыр.
Дамыған банктік экожүйе пайда болды. Қаржы технологиясының нарығы кеңейіп келеді. Электронды коммерция қарқын алды. Қазақстан Цифрлық хаб ретінде ШЫҰ кеңістігінде өз қызметін ұсынады. Сондықтан 2024 жылы ШЫҰ-ның Цифрлық форумын Астанада өткізу маңызды деп санаймын. Осы ретте аталған жиынды технопарктер мен инновациялық кластерлер пулының Басқарушы комиссиясының бірінші отырысымен біріктіруге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Иран Шанхай ынтымақтастық ұйымына ресми түрде қабылданды.