Жаңалықтар

Тоқаев пен Жапаров Астанада Айкөл Манас ескерткішін ашты

Тоқаев пен Жапаров Астанада Айкөл Манас ескерткішін  ашты
Фото: t.me/aqorda_resmi 19.04.2024 16:35 726

Мемлекет басшысы шарада сөйлеген сөзінде елордада мұндай еңселі ескерткіштің бой көтеруі, ең алдымен, қазақ халқының қырғыз ағайынға деген риясыз құрметінің белгісі екенін атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Екі жыл бұрын Бішкекте ұлы Абайдың ескерткіші ашылғанын білесіздер. Мен сол шараға арнайы барып қатыстым. Мұндай игі бастамалар екі елдің достық байланысын нығайта түсетіні сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев мыңжылдық тарихы бар Манас жырын барша адамзат руханиятында өзіндік орны бар бірегей мұра ретінде атап өтіп, оны тек қырғыз халқының ғана емес, тұтас түркі жұртының баға жетпес қазынасы деуге болатынын айтты.

Әйгілі жырдың заман сынағынан аман өтіп, бүгінгі күнге жетуіне қазақ ғалымдары зор үлес қосқан. Осы орайда Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сияқты біртуар тұлғаларды атап өтуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті екі елдің мәдени мұраларының тамыры бір екеніне назар аударып, қазақ пен қырғыздың әйгілі тұлғалары қай кезде де өзара тілектес, ниеттес болғанына тоқталды. Мемлекет басшысы еліміздегі су тасқынына қарсы күресте көмек қолын созған барша қырғыз жұртына қазақ елінің атынан зор ризашылығын білдірді.

Бас қаламызда бой көтерген осы сәулет туындысы түбі бір түркі жұртының бірлігін көрсетеді. Бұл – Манасқа ғана емес, қазақ пен қырғыздың мәңгілік бауырластығына қойылған ескерткіш. Мен екі елдің достығы ешқашан мызғымайды деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға