Тоқаев күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады
![Тоқаев күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады Тоқаев күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады](/storage/storage/element/2025/02/11/mainphoto/141985/1200xauto_wFhFaeSPzBiIFhNmz8OifAficcdLJbRABSMeVvSL.jpg)
Президент UAE SWAT Challenge сайысында топ жарған күштік құрылымдардың бір топ офицерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Биыл Дубайда өткен дүбірлі додаға Қазақстан атынан 12 команда қатысқан. Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар» және «Томирис» командалары халықаралық жарыстың күміс жүлдегері атанды. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» командасы төртінші орынға ие болды. Мемлекеттік күзет қызметі мен Қорғаныс министрлігінің командалары да шеберліктің үздік үлгісін көрсетті. \Мемлекет басшысы жеңімпаздарды құттықтап, бұл табыс тиянақты дайындық пен қажырлы еңбектің нәтижесі екенін атап өтті.
Елдің атын ер шығарар» деген. Сайыпқыран сарбаздарымыз көк туымызды асқақ желбіретті. Төрткүл дүние жауынгерлеріміздің мықтылығына куә болды. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Осындай жеңісті сәттер барша халқымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың рухын көтереді. Ел қорғаны мықты болса, Қазақстанның еңсесі әрдайым биік болмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы халқымыздың ерлік дәстүрі тереңде жатқанына назар аударды.
Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтеміз. Бұл – бостандық пен әділдік ұғымдарын ту етіп, майданда жанқиярлықпен шайқасқан, тылда еңбек еткен барша қазақстандықтарға көрсетілген құрмет. Батырларымыздың теңдессіз ерлігін ұрпақ жадында сақтау – парызымыз. Бүгінде сіздер жауынгер халықтың ұрпағы ретінде Отан алдындағы қасиетті парызды терең түсініп, адал қызмет етіп жүрсіздер. Бәріңіз де еліміздегі бейбіт өмірді сақтау үшін табанды еңбек етіп келесіздер. Сіздерді заң мен тәртіп сақшысы деуге толық негіз бар. Заң мен тәртіп – әділетті әрі қауіпсіз мемлекеттің өзегі, – деді президент.
Былтыр Ұлттық қауіпсіздік комитеті заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін жиырмадан астам жедел жауынгерлік іс-шара өткізді. Екі террорлық актінің жолын кесіп, қаскөйлерге тосқауыл қойды. Ұлттық ұлан жасақтары төтенше жағдайлардың салдарын жоюға белсене атсалысты. Ішкі істер министрлігінің құрылымдары ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Өткен жылы есірткі өндіретін 64 орын жабылды. 22 мың тонна есірткі тәркіленді. Есірткіні жарнамалаған 7,5 мың сайт бұғатталды. Екі миллиард теңгеден астам қаржыны шетелге шығармақ болған алаяқтардың жолы кесілді. Соңғы үш жылда 8 мыңға жуық түрлі қару-жарақ табылды. Мұндай мысалдар өте көп. Арнаулы қызмет қатарындағы мыңдаған сарбаз мемлекеттің егемендігі мен азаматтардың қауіпсіздігін қорғап жүр. Жауынгерлеріміз қашанда Отан алдындағы антына адал, – деді Мемлекет басшысы.
Заң мен тәртіп үстемдігін орнату маңызды екенін әрдайым айтып жүрміз. Уақыт біздің ұстанымдарымыз бен стратегиялық бағдарымыздың дұрыс екенін көрсетті. Сондықтан біз алдағы уақытта да ұлттық мүддемізді қорғап, елімізге лайықты бірегей жолмен жүреміз. Жалпыұлттық құндылықтарымызды дәріптейміз. Ешкімге жалтақтамай, өз саясатымызды жүргіземіз. Өйткені біздің мақсатымыз – айқын. Бұл – қуатты және өркендеген Қазақстанды құру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
![Telegram](https://el.kz./static/site/images/tel26.png)