Жаңалықтар

Тоқаев: Кореяда білім алып жатқан қазақстандық жастар – арадағы «достықтың алтын көпірі»

Тоқаев: Кореяда білім алып жатқан қазақстандық жастар – арадағы «достықтың алтын көпірі»
Фото: Ақорда 12.06.2024 14:22 1085

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Республикасының президенті Юн Сок Ёль кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Екі ел делегацияларының қатысуымен өткен келіссөз барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Юн Сок Ёльдің Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарын тарихи оқиға деп бағалады. Сондай-ақ бүгінгі келіссөздер қазақ-корей ықпалдастығының аясын кеңейтіп, екіжақты байланысты жаңа белеске көтеретінін айтты.

Қазақстан президентінің пікірінше, Оңтүстік Корея жаһандық ауқымдағы нағыз экономикалық және технологиялық локомотивке айналды. Ал әлемге әйгілі корей корпорациялары халықаралық аренада елдің «негізгі жаһандық мемлекет» ретіндегі позициясын ілгерілетуге елеулі үлес қосып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қатынастарды дамыту мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, Сеул – Қазақстанның Азия-Тынық мұхиты аймағындағы маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі. Корея сыртқы сауда айналымы бойынша төртінші орында және еліміздегі ең ірі шетелдік инвесторлардың ондығына кіреді.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Кореяның отыз жылдан астам уақыт ішінде жоғары деңгейдегі саяси диалогқа қол жеткізгенін, табысты экономикалық ынтымақтастықты және берік гуманитарлық байланыстарды жолға қойғанын атап өтті. Екі ел парламентаралық, үкіметаралық, ведомствоаралық деңгейде және басқа да түрлі салаларда ықпалдастық орнатқан. Іскерлік кеңес пен Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия табысты жұмыс істеп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел кәсіпкерлері арасындағы тығыз қарым-қатынасты жолға қою ісінде тұрақты байланыстар аса маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Сондай-ақ Қазақстанда Оңтүстік Кореяның капиталы бар 700-ден астам компания жемісті жұмыс істеп жатқанын ерекше атап өтті.

Бұдан бөлек, тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселесіне назар аударды.

Қазақстанда тұратын 120 мың этникалық корей ұлтының өкілдері екі ел арасындағы қатынастарды нығайтуда маңызды рөл атқарады және оған өлшеусіз үлес қосады. Өз кезегінде Кореяда білім алып жатқан мыңнан астам қазақстандық жастар мемлекеттер арасындағы «достықтың алтын көпірі» саналады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға