Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда
30.09.2024 17:15
289
Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Президент өз сөзінде бұрын-соңды болмаған геосаяси тұрақсыздық жағдайында дипломатия шешуші рөлге ие болғанын атап өтті.
Геосаясат пен геоэкономикадағы түбегейлі өзгерістер, жаһандық деңгейдегі климаттық және демографиялық сын-қатерлер, пандемияның жаңа қаупі, қарулану бәсекесінің өрши түсуі, технологиялық прогресс, соның ішінде жасанды интеллектіні енгізу жағдайында стратегиялық тұрақтылық пен орнықты даму мәселелері баршамыз үшін өзекті бола түсті. Бұдан шығатын қорытынды анық: халықаралық қоғамдастық сындарлы диалогқа тың серпін беруі үшін күн тәртібіне оң өзгеріс жасауы қажет. Сондықтан біртұтас еуразиялық қауіпсіздік идеясы көпполярлы, әділетті және орнықты әлемдік тәртіпті қалыптастыруға тұжырымдамалық негіз бола алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы конференция қатысушыларына қоғамдық өмірдің барлық саласында жүзеге асырылып жатқан Қазақстандағы ауқымды өзгерістер жөнінде мәлімет берді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, саяси реформалардың ең басты жаңалығы – Конституцияда Президент мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы ереженің бекітілуі.
Мұндай норма посткеңестік елдердің, тіпті одан тысқары мемлекеттердің ешқайсысында жоқ. Менің ойымша, Президентті бір рет жеті жылға сайлау – оның сайлауалды бағдарламасы мен реформаларын жүзеге асыруға жеткілікті уақыт. Оған қоса Президент – халық жалдаған мемлекеттік қызметкер. Елімізде Заң мен Тәртіп үстемдік құруға тиіс екеніне сенімдімін. Тек сонда ғана реформаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ Қазақстан экономикасына инвестиция тартуға қажетті жағдай жасай аламыз. Заң мен Тәртіп – Әділетті Қазақстанның негізі. Әділдікке қашан да, қай жерде де мұқтаждық бар. Біздің елде де солай. Қолға алған реформаларды іске асыру қаншалықты қиын болса да, діттеген мақсатымызға жетпей қоймаймыз. Оны ешкім тоқтатпақ тұрмақ, бағытынан жаңылдыра алмайды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достық байланыстарды нығайтуда білім саласының маңызы зор екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, қазір Ресейде 60 мыңнан астам қазақстандық студент оқиды.
Бүгінде елімізде Ресейдің танымал жоғары оқу орындарының филиалдары табысты жұмыс істеп келеді. Қазақстанда Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалын ашу жоспарланып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
АЭС тарихы, пайдасы мен зияны