Жаңалықтар

Тоқаев: Достық үйі Алматы облысында салынуы керек

Тоқаев: Достық үйі Алматы облысында салынуы керек
Фото: Ақорда 24.04.2025 12:00 200

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV-сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар маңызды міндеттерге тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Біріншіден, Ассамблея аймақтардағы жұмысты жандандыруы керек. Былтыр еліміздің рухани және тарихи-мәдени ордасы – Түркістанда жаңа Достық үйі ашылды. Енді осындай Достық үйін халық тығыз қоныстанған Алматы облысында салу қажет. Бұл ғимарат аймақтың қоғамдық өмірі үшін өте маңызды орталық болмақ. Түрлі этнос өкілдері тұратын Қордай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов және басқа да аудандарда Ассамблея ашу керек. Сонымен қатар Достық үйлері тағы бірнеше қала мен аудан орталығында ашылады деп жоспарланып отыр. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Біз қоғамдық келісім инфрақұрылымын біртіндеп кеңейте беруіміз керек. Барлық аймақтағы Достық үйлерін өз азаматтарымыз да, қажет болып жатса, шетелдік қонақтар да баратын туристік бағыттар картасына енгізген жөн. Құзырлы орган басшылары мен әкімдер Ассамблеяның этномедиация саласындағы жұмысына жан-жақты қолдау көрсетуге тиіс. «Елдесу және татуласу» жобасының ауқымын кеңейтіп, оны алдағы екі жылда бүкіл елге тарату қажет. Үкімет пен әкімдер Ассамблеяның басқа да жобаларын қоғамдық-саяси жұмыс жоспарларына қосып, нақты шаралар қабылдауы керек. Екіншіден, ақпараттық кеңістікте бірлік мен келісім идеяларын кеңінен дәріптеу маңызды, - деп атап өтті ол.

Президенттің сөзінше, бұл – Ассамблеяның барлық құрылымына, әсіресе, журналистер клубына қатысты кезек күттірмейтін міндет. Салалық министрлік, өңір әкімдері ҚХА журналистер клубының құрамына жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қосып, клуб жұмысының бірыңғай алгоритмін жасауы керек. Қазақстандағы этностардың тілінде шығатын, ең алдымен, өңірлердегі бұқаралық ақпарат құралдарына жүйелі түрде қолдау көрсеткен жөн.

Үшіншіден, «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын жүзеге асыру үшін мәдениет пен өнердің әлеуетін толық пайдаланған дұрыс. Александр Пушкин, Тарас Шевченко, Федор Достоевский, Михаил Шолохов және басқа да тұлғалардың музейлері – Қазақстан мәдениетінің баға жетпес қазынасын толықтырып тұр. Бұл музейлерді көпшілікке таныту үшін экспозицияларын Астана мен Алматыда ұйымдастыру маңызды. Кейбір этномәдени бірлестіктер бірегей өнер және этнографиялық жеке коллекцияларды жинады. Бұл да еліміздің мәдени мұрасына айналуға тиіс. Қазақстанда 9 орыс драма театры табысты жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ ерекше төрт этнос театры, яғни, ұйғыр, корей, өзбек және неміс театрлары көрерменнің көзайымы болып жүр. Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Алматыда бәрінің басын қосып, Қазақстан этностары театр өнерінің фестивалін өткізсек болады. Халық көп келеді деп ойлаймын. Наталья Дубс ханым театр мен мәдениет саласына техникалық мамандарды даярлау мәселесін орынды көтеріп отыр. Бұл бастаманы зерттеп, оны жүзеге асыруға көмектесу қажет, - деді Тоқаев. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға