Жаңалықтар

ТОП-5. Қазақстанның ең зерек балалары

Олар еліміздің болашағы
ТОП-5. Қазақстанның ең зерек балалары
19.04.2018 15:44 7969

Қазақстан өтен жылғы статистика бойынша ТМД елдері ішінде талантты балалардың саны жөнінде екінші орынды иеленген еді. Өздерін халықаралық турнирлерде жақсы қырынан танытып жүрген зерек балалардың жетістігі Қазақстанды әлемнің үздік 20 елінің қатарына қосады. Біздің ТОП-5 тізімімізде арифметикадан талай халықаралық жарыстарда оқ бойы озық жүрген балалар мен калькулятор-математик таланттар кіріп отыр.

Рамзан Байдәулетов (7 жас)

Қостанайлық Рамзан менталды арифметикадан түрлі әлемдік жарыстарда топ жарып жүр. Оның ең үлкені жеңісі деп 2016 жылғы БАӘ-де өткен халықаралық турнирде бар болғаны 8 минуттың ішінде 175 мысалды шешкенін айтуға болады. Бар-жоғы 6 жасында әділ қазылардың аузын аштырған талантты қазақ баласы 2015 жылы ғана арифметика академиясына оқуға қабылданған екен. Бір жылдың ішінде он мыңға жуық сандарды танып, біліп, ойша алып-қосуды жоғары деңгейде меңгереді. Шахматты да жақсы ойнайтын Рамзанның 3 дәрежесі бар. Анасының айтуынша, баласының есте сақтау қабілеті жоғары дамыған.

Абзал Мырзаш (12 жас)

Абзал 12 жасында мектепті үздік аяқтаған. Қазір Қазақстан-Британ техникалық университетінің 1 курс студенті. Оның зеректігін ата-анасы бар болғаны бір жарым жасында байқаған. 2 жасында әріп танып, 3 жасында оқып үйренген. Ал 4 жасында көбейту кестесін толық жаттап алған екен. Ата-анасының айтуынша, Абзалдың танып-білуін тереңдету үшін түрлі кітаптар сатып әперіп, оқуға қызықтырып қойған. Ол 3-сыныптан бастап, 4,6,8 сыныптарға ауысып, 12 жасында 11-сыныпты толық аяқтады. Оның әсіресе, тілді меңгеруге деген ынтасы жоғары екен. Мәселен, орыс тілін мүлде білмеген Абзал бір ғана тоқсандықта, толық үйреніп алады. Өткен жылы ҰБТ-дан 117 балл жинаған ол еліміздегі белді оқу орнының студенті атанып отыр.

«Бала кезімде әкем секілді дәрігер болуды армандадым. Бірақ, 9-сынып оқып жүргенде шешімімді өзгертіп, ІТ-технологияға бет бұрдым. Осы саланың нағыз маманы болғым келеді» – дейді Абзал.

Орынгүл Арыстан (12 жас)

Ақтаулық 5-сынып оқушысы Орынгүл үстіміздегі жылы Малайзияда өткен менталды арифметика бойынша халықаралық жарыста топ жарды. Бұл турнирге барлығы үш мыңға жуық әлемнің түкпір-түкпірінен оқушылар келіпті. Ол 8 минуттың ішінде 200 есеп шығарған. Яғни, әр есепке бар-жоғы 2,5 секундын жұмсап отырған. Бала кезінен есепке жүйрік Орынгүл арифметикалық математикаға былтыр ғана барған екен. Ол бұған дейін республикалық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүрген.

Ілияс Тоқтархан (11 жас)

Ілияс Астана қаласындағы орталық экономикалық мектептің 5-сыныбында оқиды. Барлық пәннен 5-тік алса да, ол математикаға жақын. Менталды арифметика мектебінің алғашқы талантты түлектерінің бірі Ілияс Ресейде өткен «Ғажап адамдар» байқауында және тағы басқа да интеллектуалды сайыстарда тамаша өнер көрсетті. «Калькулятор бала» ойша есептерді оңай шығарады.

Ол бұған дейін бірнеше халықаралық жарыстарда топ жарған. Оның бірі – Нью-Делидегі 12 мың оқушының басын қосқан жарыс. Өзінің ерекше қабілетімен барлық қарсыласын артта қалдырған қазақ баласы Гран-Приді жеңіп алды. Сол сияқты Индонезияда өткен ауқымды бүкіләлемдік білім бәсекесінде де 3000-нан аса баланы шаң қаптырып кетті.

Мәди Ердәулет (12 жас)

Мәди Астана қаласындағы №54 мектеп-лицейінің 5 сыныбында оқиды. Оның еншісінде тек республикалық емес, ірі халықарлық турнирлердің жүлдесі бар. Ол 2016 жылы Лас-Вегаста өткен Memoriad турнирінде 27 елден келген қарсыластарынан оқ бойы озық болды. Оның жинаған 29,5 мың ұпайы әлем рекордын жаңартты. Мәди ендігі 2020 жылы Дубайда болатын кезекті Memoriad турниріне қызу дайындалып жатыр. Бұл турнир есепті ойша шығару және жылдам оқу бойынша дүниежүзілік олимпиада. Әлемнің 148 елінде тіркелген және төрт жылда бір рет өтеді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға