Жаңалықтар

Толағай деген тау да, алып та аңызда бар

Тау көтерген Толағай туралы аңыз-ертегіні білеміз, Толағай тауы туралы ше?
17.08.2015 03:47 21718

Тау көтерген Толағай туралы аңыз-ертегіні білеміз, Толағай тауы туралы ше?

Толағай деген тау да, алып та аңызда бар

(І нұсқа)

Бұрынғы өткен заманда апайтөс Арқаның бел ортасында бір қауымдық жұрт өмір сүріпті. Жағалары жайлауда, жан­дары рахатта тамаша ғұмыр кешкен. Шұрайлы жерден қоныс алған малға да, жанға да бай өлкенің тұрғындарында: «Бізде барлығы да бар. Бірақ сол мал-жанды қорғайтын батырымыз болса екен», - деген бір ғана армандары болыпты. Күндердің күнінде бір отбасында алтын айдарлы алып бала дүниеге келіп, ел-жұрты болып үлкен той жасайды. Сол нәресте жыл санап емес, күн санап ержете бастайды. Туған-туысқандары да көркейіп келе жатқан баланы өз атымен атамай көз тимесін деп, Толағай дейтін болыпты. Сөйтіп баланың аты Толағай ата­нып кетеді. Күндердің бір күнінде жер қуаңшылық тартып, жаңбыр болмай, ел күйзеліске ұшырайды. Халықтың басына түскен ауыртпалық Толағайды да қатты мазалапты. Сонан бері Толағай Дана деген қарт ақсақалға барып, ақыл сұрапты. Сонда қарт айтқан екен:

– Қарағым Толағай, біздің жеріміз жазық, бұлт үйіріліп тоқтайтын тауы жоқ. Жаңбырдың болмауы сол себептен,- дейді. Толағай айтқан екен:

– Ата, сіз рұқсат етсеңіз, мен барып бір жерден тауды арқалап алып келсем болмай ма? - дейді. Сонда қарт айтқан екен:

– Шырағым Толағай, елді ойлап егіліп тұрсың-ау! Тау арқалап әкелу оңай болмас, дегенмен ондай талабың болса, оңтүстік өлкеде Алатау деп аталатын алып таулардың ақсақалы бар, рұқсатты сонан сұрарсың, - деп батасын береді. Сөйтіп, тауды арқалап әкелуге сайланған Толағай сапарға шығыпты.

Арада ай өтеді, жыл өтеді. Бір күндері Ақ басты Алатауға жетіп, «Ассалаумағалейкум» деп сәлем беріпті, өзінің талап-тілегін айтыпты. Маңғаз Алатау талапты ерге зор қошемет көрсетіп, етегінде орналасқан бала тауды Толағайға арқалатып қоя береді. Алғашқыда аяғын ширақ басқанымен иығына түскен салмақ еңсесін езіп, бірте-бірте әлсірете бастайды. Арада көп уақыттар өтеді. Арқасында тау, әлсіреген, қансыраған Толағай елінің шетіне іліге бере тізесі бүгіліп, құлап түседі де ұйқыға кетеді. Арқасындағы тау болса батыр жігітінің үстінен басып қалыпты. Сонан сол Толағай күні бүгінге дейін тау астында ұйықтап жатыр дейді. Ал жаңағы Бала тауды ел «Толағай» деп атап кетіпті.

 (ІІ нұсқа)

Бұрынғы заманда бір үлкен алып бар екен. Бұл алыптың екі баласы болыпты. Кіші баласы Ертістің суына шомылып жүріп суға кетіпті. Алып үлкен баласымен қанша дамыл тап­пай қиналып іздесе де, баласының сүйегін таба алмапты. Сонда Алып Ертісті бөгеуге ойлап, баласын ертіп алып Тарбағатай тау­ларына келіпті. Бұл тауларда бұлар Толағайды иығына көтеріп өздерінің ойлағанын орнына келтіруге Ертіске қарай жүріпті. Жол үстінде бұлар Қалба тауының етегіндегі өздерінің үйлеріне қонуға тоқтапты. Әкесі баласына айтыпты: «Бүгін сен жалғыз жат. Қатыныңмен жолықпа»,-деп. Баласы әкесінің өсиетін тыңдамаған себептен таңертең әкесіне қолғабыс қыла алмай Толағайды Ертіске шейін апара алмапты. Әкесі қайғыланып Толағайды Қалба тауларында тастап кетіпті. 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға