Жаңалықтар

Токио олимпиадасында ту ұстап шыққан спортшылардың киімдері Ұлттық музейге табысталды

Токио олимпиадасында ту ұстап шыққан спортшылардың киімдері Ұлттық музейге табысталды
Фото: ҚР ҰОК/Сали Сабиров 12.06.2024 18:17 1478

Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті Токиода өткен Олимпиада ойындарындағы ту ұстаушылардың киімдерін Ұлттық музейге салтанатты түрде табыстады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. Естеріңізде болса, Жапония астанасында Қазақстанның көк байрағын жеңіл атлет Ольга Рыпакова мен боксшы Қамшыбек Қоңқабаев алып шығып, отандық спортшылардың костюмдері көпшілікті тәнті еткен болатын.

Әлемдік БАҚ пен әлеуметтік желі қолданушылары жарыса жазған сол киімдер бүгін Ұлттық музейге табысталды. Іс-шараға Олимпиада ойындарының чемпионы Ольга Рыпакова арнайы қатысты. Өкінішке қарай, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев оқу-жаттығу жиындарына байланысты бұл рәсімге келе алған жоқ.

Токио олимпиадасында ту ұстап шыққан спортшылардың киімдері Ұлттық музейге табысталды

Сурет: ҚР ҰОК

Іс-шараны ашқан ҚР Ұлттық музейі директорының ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары Ақмарал Ибраева Ольга Рыпаковаға алғысын жеткізіп, бұл музей үшін тарихи оқиға екенін алға тартты, сонымен қатар спортшыларымызға Париж олимпиадасында сәттілік тіледі.

Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова және боксшы Қамшыбек Қоңқабаевтың Токио 2020-да ту ұстап шыққан костюмдері ресми түрде Ұлттық музей қорына өткізіліп, сол арқылы ол болашақ ұрпаққа жеткізіледі. Бұл киімдер Ұлттық музейде тұруға әбден лайық деп ойлаймыз. Сондықтан да бұл іс-шараның үлкен тарихи маңызы бар.

Қамшыбек Қоңқабаев біріміздің ініміз, біріміздің ағамыз, бауырымыз, тәуелсіз Қазақстанның баласы ғой. Осы бауырымызға және өзге спортшыларымызға Парижде сәттілік тілейік! Көк туымызды аспанда қалықтата берсін дейміз, – деді Ақмарал Ғосманқызы.

Өз кезегінде Рыпакова да қобалжып тұрғанын айтып, Токиода топты бастап шығу құрметіне ие болған сәтін еске түсірді.

Токио Олимпиадасының ашылу салтанаты үшін арнайы тігілген керемет костюмдерді киіп шығу мен үшін үлкен құрмет болды. Бұл киімнің арнайы саған тігілгені ерекше күйге бөлейді. Мұның үлкен жауапкершілік екенін сезесің және ол сонысымен де ерекше сәт еді. Дизайнер осы киімдерді тігер алдында менімен де, Қамшыбек Қоңқабаевпен де жеке-жеке сөйлесіп, біздің табиғатымызды зерттеді. Тиісінше жан дүниемізді сипаттайтындай етіп киім тікті. Әрбір бөлшектің өзіндік мәні бар, белгілі бір мағынасы бар. Сол үшін де шығар, бұл костюмдер Олимпиада ойындарының ашылуында көпшіліктің ерекше назарын аударды,– деді чемпион қыз.  

Токио олимпиадасында ту ұстап шыққан спортшылардың киімдері Ұлттық музейге табысталды

Сурет: ҚР ҰОК

Айта кетейік, Ольга Рыпакова – Лондондағы Олимпиада ойындарының  чемпионы, Бейжіңдегі Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері және Рио-де-Жанейро олимпиадасының қола жүлдегері. Ал бүгінде Қазақстан ҰОК спортшылар комиссиясының төрағасы.

Қамшыбек Қоңқабаев – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Токио-2020 Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Азия чемпионатының үш дүркін күміс жүлдегері.

Әдемі Анарбекова, ЕҰУ-дың екінші курс студенті

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға