Жаңалықтар

Тоғызқұмалақ әлемде ең көп ойналатын ойындар қатарына енді

Тоғызқұмалақ әлемде ең көп ойналатын ойындар қатарына енді
Фото: © ОКҚ 21.08.2023 16:35 1147

Бұл туралы Республикалық және Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Бүгінгі күнде тоғызқұмалақтан 6 әлем, 5 Азия және 4 Еуропа чемпионаттары өткізілді. Канадалық iggamecenter.com және польшалық playok.com сайттарының арқасында тоғызқұмалақ ең көп ойналатын ойындар қатарына енді. Отандық IT-мамандар «Android» пен «iOS» жүйелері үшін арнайы қосымшалар әзірледі. Тоғызқұмалақпен 30-дан астам елде тұрақты түрде шұғылданады. Бұл елдердің қатарында Колумбия, Германия, Франция, Ұлыбритания, Чехия, Латвия, Литва, Бангладеш бар, - деді ол.

Республикада жалпы ұлттық спорт түрлері бойынша 10 клуб, 13 спорт мектебі жұмыс істейді. Елімізде 6856 тоғызқұмалақ үйірмесі бар. Ұлттық команданың құрамында 165 спортшы бар, оның ішінде: ерлер – 36, жастар – 33, жасөспірімдер – 21, әйелдер құрамасы – 36, жастар – 18, жасөспірімдер – 21.

«Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы» РМҚК базасында жыл сайын тоғызқұмалақтан жаттықтырушыларға арналған біліктілікті арттыру бойынша курстар өтеді. Жыл сайын өңірлерден 50 жаттықтырушы қатысады. Тоғызқұмалақты дамыту мақсатында балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға тарту бойынша жалпы білім беретін мектептерде тұрақты негізде республикалық көп деңгейлі турнирлер мен жарыстар ұйымдастырылады. Ұлттық мектеп спорт лигалары аясында тоғызқұмалақтан спорттық жарыстар өткізіледі, - деді ол.

Ұлттық спорт түрлерімен айналысатын азаматтардың үлесін ұлғайту үшін заңнамалық деңгейде білім берудің барлық деңгейлерінің дене шынықтыру сабақтарында ұлттық спорт түрлерінің міндетті компонентін енгізу көзделген. Бірінші кезекте білім беру саласындағы уәкілетті органға тоғызқұмалақ, асық ату, қазақ күресі сияқты спорт түрін енгізу ұсынылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға