Жаңалықтар

Тоғыз баланы дүниеге әкелген батыр ана отбасылық құпиясымен бөлісті

Тоғыз баланы дүниеге әкелген батыр ана отбасылық құпиясымен бөлісті
Фото: жеке мұрағат 17.03.2024 18:00 25619

Президент тапсырмасымен елімізде «Наурызнаманың» жаңа концепциясы әзірленіп, Наурыз мейрамы 10 күн бойы тойланатын болды. Мерекелік күнтізбеге сәйкес, 17 наурыз «Шаңырақ күні» болып бекітілді. Осы ретте El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі көпке үлгі, 9 баланы тәрбиелеп, бағып-қағып өсіріп отырған Әлімжановтардың шаңырағымен тілдескен болатын. 

Қазақ әрқашан отбасылық құндылықты жоғары қойған. Соның ішінде әсіресе, көп балалы аналар ерекше қадірлі. Бүгінде сол алтын құрсақты аналардың қатарында 9 құрсақ көтерген Әсел Әлімжанова сынды жас ана да бар. Ол небәрі 19 жасында үлкен әулеттің келіні атанды. 1980 жылы дүниеге келген алтын құрсақты ана қазір  44-те жаста болса да, сол 19 жастағы бәз-баяғы ажарын сақтап, одан сайын жасара түскен.

Мектепті 16 жасында тәмамдап, оқуға түскеннен кейін тұрмысқа шыққан келіншек бүгінде «Алтын алқаның» иегері. Тоғыз баланың алды 23-ке толса, ең кенжесі 2 жаста.

Жолдасым Қазбек Әлімжановпен 1999 жылы отбасын құрдық. Оның гитарамен ән айтатын өнері бар. Алғаш танысқан кезде мені сол өнерімен өзіне бірден баурап алды. Қыздардың бәрі оған ғашық еді. Ал ол басқа қызға қарамай, тек мені ұнатты. Осылайша, отбасылық өміріміз басталып кетті, – дейді батыр ана.

Бұл шаңырақтан балалардың күлкісі үзілген емес. Ересектері артынан ерген бауырларына қамқорлық жасап, ата-анасына қолғанат болып жүр.

Тоғыз баланы дүниеге әкелген батыр ана отбасылық құпиясымен бөлісті

Өз анам 4 құрсақ көтерген кісі. Мен соның ең кенже қызымын. Ал туған әжем 9 баланы дүниеге әкелген. Ең үлкен туған әпкем де бүгінде көп балалы ана, 5 бүлдіршіні бар. Осы адамдардың жолын қуып келе жатырмыз. Әр баланың өз несібесі бар дейді ғой. Олардың әрқайсысының орны бөлек, – дейді Әсел.

Әлімжановтар жанұясындағы ең басты ұстаным – өзара түсіністік, құрмет және қолдау. Олар кешкі және түскі ас болсын барлығы бір дастархан басына жиналып, ортаға салатын сұрақ немесе әңгіменің бәрін отырып талқылайды.

Үлкен қызымның және одан кейінгі балаларымның өзі маған үлкен көмекші. Қазір балалар бір-біріне демеу болып, өздеріне қарайды. Өзіме де, жолдасыма да қолғанат деуге болады, – дейді ол.

Балаларын байлығы санайтын Әлімжановтар отбасының ең үлкені – Әнел 23 жаста. Ол психолог мамандығы бойынша білім алған. Одан кейінгі ұлы Жалғас 19 жаста, бүгінде спорт академиясында оқиды және футбол ойнағанды ерекше жақсы көреді екен. Екінші ұлы Әлімжан «Жас Ұланда» білім алып жатыр. Бүгінде ол бокстан спорт шеберіне үміткер. Тағы бір ұлы Әділет 10-сыныпта оқиды, тамақ дайындағанды ұнатады. Болашақта ата-анасы оның аспазшы болатынын айтады.

Тоғыз баланы дүниеге әкелген батыр ана отбасылық құпиясымен бөлісті

Сондай-ақ, ол отбасында ең ұзын (192 см) бойлы жігіт. Оның актерлік келбеті бар көрінеді. Көбісі түр-келбетіне қарап актер деп санайды. Ал Әділеттен кейінгі ұлдары Әбілмансұр 11 жаста, ол да бокспен айналысады. Қызы Ясин 10 жаста, ол сурет салғанды ұнатады және гимнастикамен шұғылданады. Одан кейінгі ұл Жанболат 8 жаста, ол ұлдар арасындағы ең тәртіптісі және жинақы жүргенді ұнатады. Әрқашан шашылған ойыншықтарды жинап, үйді тазалайтын көрінеді. Одан кейінгі ұлы – Әльзахаям. Аты да ерекше, ол 5 жаста.

Бұл біздің ерекше ойлап тапқан есіміміз. Мұндай есім еш жерде жоқ, көп кездеспейді. Бұл «Ұлы» деген мағынаны білдіреді. Оның арманы өскенде бай болғысы және Дубайда өмір сүргісі келеді. Одан кейінгі кенже қызымыздың есімі – Қазына. Небәрі ол 2 жаста, біздің үйдің президенті деуге болады. Бәрі оған мойынсұнады. Отбасының командирі десек болады. Оған бәріміз бағынамыз. Айтқанын істейміз, ерке қыз, – дейді анасы Әсел.

Әсел мен Қазбек өздерін бақытты ата-анамыз деп санайды. Көп балалы ана, көп балалы әке болғанын мақтан көреді. Алтын асықтай 9 баласын бар байлығы және қуанышы санаған олар әрқайсысы бір төбе деп отыр.

Әр баламыз өзінше ерекше. Мен өте бақыттымын және көп балалы ана екенімді мақтан етемін. Балаларым менің бар байлығым. Бізде күтуші мен көмекші жоқ, бәрін өзіміз жасаймыз. Балаларым маған көмектеседі. Үлкендерге бір көрсетіп берсең болғаны, әріқарай өздері алып кетеді. Мен ас үйде тамақ дайындап жатқанда, олар маған үйді тазалауға қол ұшын береді, – деді ол.

Десе де, әр отбасының өз қиындығы бар. Әрине, 9 баланың әрқайсысын өсіріп-жеткізу оңай емес. Бүгінде олар Астана қаласында тұрады. Отағасы Қазбек электрик болып жұмыс істесе, отанасы Әсел бос уақытында қыз-келіншектерге арналған тырнақ әрлеушісі болып еңбек етеді. 

Тоғыз баланы дүниеге әкелген батыр ана отбасылық құпиясымен бөлісті

Әрине, кез-келген отбасында қиындық болады. Бірақ мықты адамдар ештеңеге қарамастан, сүйіспеншіліктің және бір-біріне деген құрметтің арқасында отбасын сақтап, шыдамды бола алады. Бос уақытымда істеп отырған жұмысым бұл күйеумнің арқасында деп ойлаймын. Ол маған әрдайым қолдау көрсетіп, әрқашан мақтап отырады. Бұл өз кезегінде әйел заты үшін өте маңызды», – дейді Әсел.

Батыр ананың жанында балаларымен бірге жолдасы да үлкен көмекші екен. Әсел бүлдіршіндерін дүниеге әкелген сәттен бастап, күйеуі барлық жағынан көмектесіпті. Тіпті, тамақ дайындауға үлгермеген кезде өзі ас пісіріп, шаршағанын көргенде ыдыс жууға қол ұшын созады екен.

Біздің отбасымызда бәріміз бірге қозғаламыз. Әр қимыл мен сәтті есептеп отырмаймыз. Күйеуім болашақта ұлдарына әйелдеріне көмектесу керектігін айтып отырады, – дейді.

Мұндай жанұялар көпке үлгі болып отыр. Бірақ отбасылық құндылықтарды сақтап, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп отырса да, бұл жанұяның басында өз баспаналары жоқ. Бүгінде олар күйеуі Қазбектің жұмыс жерінен берілген аядай жатақханада 9 баласымен өмір сүріп жатыр. Әсел өмірде жомарт жандардың барына сенеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға