Жаңалықтар

Тоқтар Әлімбеков: «Шымкентке жаңа сервис пен жаңа жобалар әкелдік»

Тоқтар Әлімбеков: «Шымкентке жаңа сервис пен жаңа жобалар әкелдік»
30.09.2021 10:45 48533

Тоқтар Әлімбеков – жас кәсіпкер. Жасы 28-де. Шымкент қаласында кофейня мен шаштараз кәсібін дөңгелетіп отыр. Бұдан бөлек U:projects қоғамдық бірлестігін құрып, әлеуметтік жобалар арқылы үшінші мегаполистің жастарын мәдениетке, білім мен ғылымға, жаңа технологияға, өнерге үндеп, сапалы маман болуға шақырып жүр.

Тоқтар Әлімбеков: «Шымкентке жаңа сервис пен жаңа жобалар әкелдік»

–  Тоқтар, кәсіпкерлікке қызығушылығыңыз қалай басталды?

–  Үйдің кенжесімін. Кішкентайымнан саудаға жақын болдым. Оңтүстіктің ұл-қыздарының ең алғашқы «бизнесі» бөтелке жинаудан, оны өткізуден басталады. Менде сөйттім. Достарыммен бірге үй ауласында, көшелерде шашылып жатқан бөтелкені жинап, арнайы орынға барып өткізетінбіз. 100-200 теңге тапсақ қуанатынбыз. Бұл алып-сатуды, сауданы түсінуге жол ашты. Оңтүстіктің жастарының пысық, елгезек болуы, кез келген істі дөңгелетіп әкететін, кәсіпке жақын қасиеті осының арқасында пайда болды деп ойлаймын. 7-сыныпта Шымкенттегі дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейіне (қазіргі білім-инновация лицейі) оқуға түстім. Сол жылы бір топ баланы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласына жазғы оқуға жіберді. Әлемдік экономикамен таныстым. Сол кезде өз еліміздің экономикасының дамуына үлес қосу туралы ой келді. Мектепте оқып жүргенімде инженерия саласына, ұшақ, дронның бөліктерін құрастыруға да қатты қызықтым. Инженер де болғым келді. 10 сыныпта екінші рет АҚШ-тың Техас штатына жарысқа бардым. Мектеп бітірген соң сонда жоғары оқу орнына түсемін деген мақсат қойып қайттым. Өкінішке қарай, біз мектеп бітірген жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша бакалаврға түсушілерге грант берілмейтін болып шешілді. Сондықтан өзіміздегі экономика, кәсіпкерлік бағыты бойынша үздік жоғары оқу орындарының бірі КИМЭП –ке тапсырдым. «Алтын белгі» иегері ретінде, ҰБТ-да жинаған жоғары балл нәтижесінде және республикалық, халықаралық сайыстарда жеңімпаз болғаным үшін президенттік грант иеленген едім. Бірақ үш айдан кейін университет ұжымы 100 пайыз тегін оқи алмайтынымды, оқу ақысының 50 пайызын төлеу туралы хабарлады. Бұл маған соққы болды. Құжаттарым мен заттарымды жинап, Шымкентке қайтып, ата-анама оқу ақысын төлеп, оқығым келмейтінін, АҚШ-қа кеткім келетінін айттым. Олар талабымды қайтармай, ақ батасын беріп шығарып салды. Бір жылымды жоғалттым. Бірақ мен Мичиган штатындағы Орталық Мичиган университетінің Президенттік грантын жеңіп алып, жаңа бір мемлекеттің тарихымен, құндылығымен, экономикасымен танысып, 4 жыл кәсіпкерлік және микроэкономика саласында білім алдым. Осылайша мен екі таңдаудың арасынан кәсіпкерлік бағытты таңдадым. Ұшақ бөліктерін құрау секілді, бір механизмді құрауға болады екен. Және сол механизмнің іске асқанын көргенде ләззат аласың. Әкем ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте, анам медицина саласында қызмет атқарған. Үй ішімізде кәсіпкерлікпен айналысқан ешкім болмады. Бірақ олар елге қызмет етуді, адал болуды құлағыма құйып өсірді. АҚШ-та да бос жүрмей, қосымша жұмыс істедім. Еден, ыдыс-аяқ жудым. Таксист болдым. Ағылшындарға орыс тілін үйреттім. 3-4 курста Қазақстанның, оның ішінде Шымкенттің нарығын, бос нишаларды зерттей бастадым.

–  Оқу бітірген соң ары қарай шетелде қалу туралы ой болмады ма?

–  Болмады. Қазақстанға келіп, зауыт ашпасам да, бос нишаның бірін таңдап, кішігірім кәсіп бастаймын деген мақсатым болған. Сол үшін туып-өскен өлкеге оралдым. Себебі, Шымкенттің потенциалы үлкен. Адам көп. Климаты ыңғайлы. Көп ата-ана секілді менің де ата-анам қала әкімдігі немесе министрлікке, мемлекеттік қызметке барғанымды қалады. Бірақ менің ойым, жоспарларым басқа болды.

Тоқтар Әлімбеков: «Шымкентке жаңа сервис пен жаңа жобалар әкелдік»

– Иә, төрт жыл бұрын әңгімелескенімізде «ата-анам шаштараз ашатын болсаң, Америкада несіне оқыдың? деп айтатын» дегенің әлі есімде. Қазір түсініктері өзгерген шығар?

– Шымкентке оралған соң үш айдан кейін ерлерге арналған шаштараз аштым. Бірақ мені басында үй-ішім, туыстарым түсінбеді. Америкада оқып келіп, шаштараз ашқаны несі деп ойлады. Түрлі пікірлерді естімеу үшін туыстар жиналған жерге бармай қашып та жүрген кездерім болды. Ал қазір олардың көзқарастары өзгерген. Бүгінде атауын ауыстырып, қаланың екі жерінде нүктеміз бар. Біз қалаға жаңа бір форматты, сервисті әкелдік. Екі айдан кейін біздің ашылғанымызға бес жыл толады. Америкада кәсіпкерлердің құндылығы бар. Бізге бірінші күннен-ақ кәсіпкер болып, миллион табу басқа, бірақ одан бөлек кәсіпкер қоғамға өзгеріс алып келу керек, кәсіп арқылы айналадағы адамды, ең кемінде көршіңді өзгертуің керек дегенді ұғындыратын. Сол үшін әрбір істеген жұмысымда бір мәні болсын деп істеймін. Мүмкін, табысы аз болар, мүмкін ұзақ уақытта дамитын болар, түбінде бір мән болу керек деген ұстанымдамын. Басында қалаға жаны ашитын, өзгерісті қалайтын прогрессивті жастарды бір жерге жинап, түрлі әлеуметтік жобаларды іске асыру жоспарда болды. Сол үшін кофейня аштым. Онда кішігірім іс-шара өткізуге болатын амфитеатр бар. Қоғамдық бірлестік құрдым. Жоспар жүзеге асып, өзгерістер бола бастағанда ата-анам, достар, туыстар мені түсініп, қолдай бастады.

Тоқтар Әлімбеков: «Шымкентке жаңа сервис пен жаңа жобалар әкелдік»

–  Алдағы жоспарларың қандай? Шымкент жастарын тағы қандай жобалармен қуантпақсың?

– Егер шаштараз бизнесі болмағанда мен U:projects әлеуметтік жобасын дамыта алмайтын едім. Табыстың бір бөлігін жобаларды дамытуға бөлемін. Жақында ғана Ресейдің Түмен, Омбы, Орынбор қалаларында болып қайттым. Ол жерде кәсіпкерлер форумы өтті. Зерттеу жүргіздік, бақыладық. Үлкен жобалармен танысып, қазақтар көп шоғырған аймақта жобаларды бірге жүзеге асыруға келісімшарт жасасып, жоспарлап отырмыз. Қазір тағы бір үлкен жобаны бастауға дайынбыз. U:projects әлемдік деңгейдегі қоғамдық бірлестік емес, жаңа бір түріне айналдыруға дайындап жатырмыз. Жолдың арғы бетінде, қаланың қақ ортасында U:hub деген ғимарат тұр. Сол ғимаратты біз эксперимент ретінде әр бағыт бойынша креативті экономика саласындағы маңыздылығын әрі нарықты зерттеп көрдік. Шымкентте 20-30 жас аралығындағы прогрессивті жастар аз. Көбі Алматы, Нұр-Сұлтанға немесе шетелге қарай ұмтылады. Бірінші себеп – жұмыстың жоқтығы. Екінші себеп – жастар саясатының қызықты болмауы. Біз мықты кадрлерден айырылып жатырмыз. Шымкент ғана емес, біздің еліміз. Қазақстаннан жыл сайын 30-40 мың адам, тіпті одан көбі шетелге көшіп кетіп жатыр. Осы проблеманы креативті экономика арқылы қалай шешуге болатынын үш жылдан бері зерттеп келе жатырмын. Өзім британдықтардың Creative Central Asia ұйымының мүшесімін. Қолға алып жатқан жобамыз, бізде жоқ, жаңашыл жоба болған соң түсіндіруім қиын боп тұр. Ол мектеп пен инновациялық хабтың ортасындағы жоба болады. Осылайша жақсы мамандардың қалада қалуына ықпал жасап, орта қалыптастыра алсақ, ойымыздың, ұзақ жылғы жоспарымыздың жүзеге асқаны.

Тоқтар Әлімбеков: «Шымкентке жаңа сервис пен жаңа жобалар әкелдік»

Шымкентте екі мыңнан астам қоғамдық бірлестік бар. Оның 95 пайызының мақсаты бөлек, ойы бөлек. Өзінің миссиясын орындамайды. Қоғамдық бірлестіктер – қоғамның проблемаларын ашып айтып, оның шешімін іздейтін болуы керек. Бірақ олар бізде басқаша жұмыс істейді. Сол себепті U:projects қоғамдық бірлестіктің мақсатын үлгі ретінде көрсетіп, жастар орталығына жақсы бір бәсеке орта құрып, сол арқылы олардың іс-шараларының сапасын өсіргіміз келген. Жергілікті ресурстармен біріге отырып, осы жобаларды масштабтық етеміз жастар саясатын бірге көтереміз дегенмін. Өкінішке қарай, бұл ойым жүзеге асқан жоқ. Себебі олар бізді қарсы тарап ретінде көрді. Қолдауы міндетті емес еді. Бірақ масштабтық түрде бірлесіп жұмыс істеуге болатын еді. Біз Шымкентке үлкен-үлкен жобаларды алып келген кезде бәсеке өседі деп ойладық. Бизнесте сондай. Жақсы бір кофейняның қасынан тағы бір жаңадан кофейня ашылса, біріншісі екіншісінен қалмайын деп одан да қатты дамиды, бағдарламасын өзгертеді. Мүмкін менің де қателігім болған шығар. Біздің мақсатымыз – адамдарды білім алуға, дамуға шақыру, интеллегенцияны жаңғырту. Бүгінде бізде 23 адам тұрақты жұмыс істейді. Ал қоғамдық бірлестікте 100-ден аса идея таратушы бар. Алдағы уақытта ерлерге арналған шаштаразды еліміздің басқа ірі қалаларынан ашу жоспарымызда бар. Тіпті кәсіпкер ағаларымыз Париж қаласынан ашуға ұсыныс айтып отыр. Қазір сол бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз.

– Сенің жобаңды бағаламайтын, қолдамайтын кезде қолыңды бір сілтеп, басқа қалаға немесе шетелге кетуді ойлайтын шығарсың?

– Бір мысал айтайын. Бір күні түнгі екіде көлігіммен қала көшелерінің бірінде келе жатқан едім. Жол ережесін бұзған жоқпын. Бірақ мені жол полиция қызметкері тоқтатты. Құжаттарымды тексеріп, «сенің көзің қызарып тұр, наркодиспансерлік орталыққа апарамын» дейді. Қолымды қайырмақшы. Ал мен өмірімде алкоголь өнімдерін ішіп көрмегенмін. Жол полициясы осылайша менен ақша сындырмақ болды. Осындай келеңсіз оқиғаларға тап болғанда «мына жүйені өзгерту қиын, бізді қорғайтын азаматтар осындай тірлік жасаса, мен не істеп жүрмін. Бұл қалаға, бұл елге неге потенциалымды, күшімді жоғалтып жүрмін» деген ойлар келеді. Сол үшін де жастар өзінің қарым-қабілетін бағалай алатын бейбіт елге, тыныш жерге кеткісі келеді. Мен де қазір басқа елге барып тағы да білім алып қайтуды ойлап жүрмін. Бірақ қайта ораламын. Жақында бізге Париждегі Мұстафа Шоқай қорының төрағасы Жасар Дінш аға қонаққа келді. Үш жылдан бері Парижге осы кісіге арнайы барып, сәлемдесіп, ақ батасын аламыз деп мақсат қойып жүрген едік. Бірақ жақында өзі Алматыға телеарналарға сұхбат беру үшін арнайы келген екен. Одан кейін Түркістанға сапарлаған. Осы сапарда біз туралы естіп, Шымкентте қонаққа келді, Жобаларымыздың маңыздылығын түсіндірдік. Идеялар талқыладық. Риза болды. «Алашордашылардың, қазақ интеллигенция өкілдерінің ісін жалғастырыңдар, ел үшін қызмет етіңдер» деп ақ батасын берді. Осындай сұхбаттасулар, үлкен кісілердің ақ батасы бізге сенім ұялатып, шабыт сыйлайды.

Фотосуреттер Тоқтар Әлімбековтің жеке мұрағатынан алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға