Жаңалықтар

Тоқсан би

Халқымыздың тарихында қалың жауға қарсы шапқан батырлар, ел бастаған көсемдер, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен шешендер, ақпа ақындар, ақылман абыздар аз болмаған.
03.09.2014 10:13 7274

(1737-1839)

Халқымыздың тарихында қалың жауға қарсы шапқан батырлар, ел бастаған көсемдер, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен шешендер, ақпа ақындар, ақылман абыздар аз болмаған. Осындай асылдарымыздың бірі есімі үш жүзге жайылған Жабайұлы Тоқсан би еді.

Атақты Қара бидің баласы Жабай Абылай ханның мыңбасы батырларының бірі болған. Оның ерлігін ақын­жыраулар ел­жұртқа өнеге еткен.

Тоқсанның ұлы әкесі Қара би де қазақ тарихында белгілі адам. Оның ғибраты кейінде немересіне дарығаны да осы тарихтан аян.

Ел аузында сақталған әңгімелер көп. Соның бірі былай өрбітіледі. Жабай батыр дүниеден озарында Тоқсан мен Сексен деген балаларын шақырып алып өсиет етіпті: «Сексен, саған ерлікті, Тоқсан, саған әкем Қара биден қалған билікті бердім!»

Әңгіме­шежірелерде Тоқсанның дүниеге келуі туралы мынадай аңыз бар. Тоқсанға аяғы ауыр болған шешесі бір күні сыртқа шығып тұрса, атына мінген атасы Қара би келе жатыр екен. Сонда жанында тұрған келіні енесіне:

–       Шіркін­ай, атамның атының құлағын жесем ғой! – деп тамсанады.

–       Әй, көргенсіз, не деп тұрсың өзің?! Кір үйге! – деп енесі ұрсып тастайды.

Би үйге кірген соң бәйбіше оған келінінің сөзін жеткізеді.

Ашу шақырар деген бидің екі көзі шырадай жанып:

–       Иә, аруақ! Бұл бала жай болмайды екен. Кәне, жылқыны бауыздаңдар да, екі құлағын келінге асып беріңдер! – деп бұйырыпты. Сол дүниеге келген баланың есімін атасы Тоқсан қойыпты.

Тоқсан бидің қай жылы туып, қай жылы өмірден өткені жайлы нақты дерек жоқ. Өзінен қалған сөздерге, ел аузындағы әңгімелерге қарағанда ол XVIII ғасырдың екінші жартысында туып, тоқсан жыл өмір сүрген.

Би жасынан ел аралап, игі жақсылармен жүздесіп, олардың ғақлия сөздерін тыңдап, өзі де билік айтып, сөз сайыста сынға түсіп, сөз өнеріне ерте тәрбиеленген. Киікбай, Қалқаман билермен, Нұрым төремен кездесіп, солардың үлгі­ өнегесін, тәлімін алған. Солардың берген батасы дарып, сөз машығының майталман жүйрігіне айналған.

Қазір біздің қолымызда нақты «Тоқсан би айтты» дейтін шешендік, билік сөздердің отыздан астамы бар. Олар – билікке негізделген толғаулар, арнаулар, айтыстар, сөз қағысулар түрінде. Дәуір шындығын ақтарып, заманның ұнамсыз жақтарын батыл сынаған, жақсы мен жаманды безбендеген, ел өміріне, қонысқа, мал­жанға байланысты дауларды шешкен. Өз руын басқару ісіне жастай араласып, өмір құбылыстары, дүние заңдылықтары, әлеуметтік жағдайлар, адам тіршілігі, қоғам болашағы жайлы толғаныстарын айтқан. Өз шығармаларын талғампаз ақын­жырауларға тән әдетпен суырып салып шығарған. Әрине, бір­біріне ұқсас ойлар, толғамдар сол дәуірдің ақын­жырауларына, би­шешендеріне ортақ сияқты көрінуі де мүмкін. Бұл ретте Тоқсан сөздері де ел ішінде өзгеріске ұшырамады дей алмаймыз. Алайда жер­ жерде «Тоқсан сөзі» деген сипат алған шығармалар оның көптеген шығармаларының барынша толығырақ сақталғанын да аңғартады. Сөйтіп, олардың негізінен оншалықты өзгеріске ұшырамағаны байқалады.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға