Жаңалықтар

ТМД тарихындағы тұңғыш ансамбль

ТМД тарихындағы тұңғыш ансамбль
Фото: qazaqconcert 21.05.2024 14:00 903

Еліміздегі мәдениет саласын дамытуға мемлекет тарапынан  жасалатын қамқорлық жыл сайын артып келеді. Мәселен өткен жылы Қазақстанда 35 мәдениет нысаны салынды.

Жаңа ғимараттар Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Абай, Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстарында пайда болды. 238 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы алғанда, алдағы төрт жылда 1025 мәдениет мекемелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 220 жаңа мәдениет нысаны салынады.

Өз ісіне, өнеріне жан-тәнімен берілген дарынды әртістердің арқасында біздің бай мәдениетіміз бен тарихымыз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халықаралық ареналарда айқын көрініске ие. Бүгінде елімізде 25 ансамбль жұмыс істейді.

Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Birlik ансамблі» атты ән-би ансамблі құрылып, ұжымының тұсаукесері-концерті 2024 жылғы 1 наурыз - Алғыс айту күні өткен болатын.  

ТМД тарихындағы тұңғыш ансамбль

Сурет: qazaqconcert

Шығармашылық ұжым Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының жанынан жанды аспаптық сүйемелдеумен әлем халықтарының билерін зерделейтін және кәсіби деңгейде орындайтын халықаралық ұжымды қалыптастыру, өскелең ұрпақты басқа ұлттардың өнері мен мәдениетімен таныстыру, сондай-ақ қоғам санасында мәдени код ретінде көп ұлтты Қазақстан халқының бірлігін нығайту мақсатында құрылды.

ТМД тарихындағы тұңғыш ансамбль

Сурет: qazaqconcert

Мұндай ерекше ансамбль ТМД тарихында тұңғыш рет құрылғанын да айта кету керек. 60-қа жуық этносты бір сахнада тоғыстырған айтулы кеште, 200 дей адам өнер көрсетті. Бас-аяғы 15 шығарма көрермен назарына ұсынылды. Мұнда оркестрлер, би ансамбльдері және аспаптық ансамбльдер бар. Өнерлі жастар әр өңірден жиналған. Ұжымның бірегей репертуары еліміздегі 130 этностың музыкалық мұрасы мен өнерін қамтиды. «Birlik ансамблін» құрарда кастинг өткізілген. Нәтижесінде 20 үздік биші мен музыкант таңдалды. Композицияларды қою мақсатында, тәжірибе алмасу үшін көрнекті шетелдік хореографтар, Ресей, Татарстан, Өзбекстан мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері шақырылған.

ТМД тарихындағы тұңғыш ансамбль

Сурет: qazaqconcert

Хореограф Жанатай Қожабеков бұл ерекше ансамбль екенін айтты.

Қаншама өнерпаздың арасынан іріктедік, биге қабілеті барларын ғана алдық. Бірақ бір ай дайындықпен  осындай концерт өткізу деген үлкен еңбек. Себебі би үшін бұл өте аз уақыт. Соған қарамай осы концертті өте жоғары деңгейде өткіздік. Келген көрерменің брлығы бізге осындай жоғары баға беріп жатыр, деді Хореограф Жанатай Қожабеков.

Айта кетейік, көпұлтты «Birlik» ансамблі 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған кезекті мерекелік кеш өткізді.

Ансамбль концертте орыс, татар, өзбек, қазақ билерімен қатар, өзге де ұлттардың билерін ұсынды.

Жиналған көрермен әуезді ән мен әсем би ұштасқан әсерлі кештің куәсі болып қайтты.

Ертең 22 мамыр күні Парижде Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблінің жеке концерті өтеді.

Музыкалық кешке әлем халық билерінің танымал солисі, «Birlik» ансамблінің көркемдік жетекшісі Анель Марабаева қатысады.

Анель Марабаева Қазақстанның Франциядағы Елшілігі жанындағы Мәдениет орталығында қазақ ұлттық биінен шеберлік сағатын өткізеді.

Еуропа төрінде ансамбль жергілікті көрермен назарына ұлттық өнеріміздің жауһарлары мен өз репертуарындағы танымал шығармалар, сондай-ақ жаңа композицияларды ұсынады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға