Жаңалықтар

«Титаник» және «Аватар» фильмдерін түсірген режиссер

Кино тарихындағы ең қымбат «Аватар» фантастикалық кинотуындының режиссері Джеймс Кэмерон 1954 жылдың 16 тамызында Канаданың Онтарио провинциясындағы Капускасинде дүниеге келген.
25.07.2014 11:46 5409

Кино тарихындағы ең қымбат «Аватар» фантастикалық кинотуындының режиссері  Джеймс Кэмерон 1954 жылдың 16 тамызында Канаданың Онтарио провинциясындағы Капускасинде дүниеге келген. Чиппью қаласындағы мектепке барған. Бірақ  1960 жылы Кэмерондар отбасы АҚШ-тың Калифорния штатына көшкендіктен бастауыш мектепті  сол жерде аяқтады. Джеймс Калифорния университетінің физика факультетіне оқуға түседі. Бірақ оқуды бітірмей, кино түсіруге кіріседі. 1978 жылы мектепте бірге оқыған достары Уильям Вишермен және Джейсон Фессенденмен «Ксеногенезис» атты қысқаметражды фантастикалық фильмді түсіреді. Бұл кинотунды төменбюджетті фильмдердің шебері Роджер Корманды қызықтырып, ол Джеймсті өзінің New World Pictures киностудиясына жұмысқа алады.

«Титаник» және «Аватар» фильмдерін  түсірген режиссер

1984 жылы жарыққа шыққан, Арнольд Шварценеггер басты рөлде ойнаған  «Терминатор» фильмі Джеймс Кэмеронға танымалдылық алып келді. Терминатор кейпін Джеймс тұмаумен ауырғанда түсінде көрді. Джеймс жазған сценарий көптеген кинокомпанияларға ұнады, бірақ олар енді ғана режиссерлік кәсібін бастап келе жатқан адаммен іс бастаудан бас тартты. Нәтижесінде сценарий оның болашақ әйелі Гэйл Энн Хёрдқа, ол бұл фильмді басқа режиссерлермен түсірмейді деген талаппен бір долларға сатылды. 6 миллион долларға түсірілген «Терминатор» фильмі бүгінгі күнге дейн де жанрдың эталоны болып табылады.

Сәтті шыққан «Терминатор» фильмінің жалғасы болады деген әңгімелер шыға бастады. Бірақ Джеймс асықпады. Ол арнайыэффектілердің дамуын күтті. Уақыты келіп Кэмерон түсірілім жұмыстарын бастады. Фильмнің бюджеті 100 миллион доллар болды. Басты рөлді қайтадан Арнольд Шварценеггер сомдаған «Терминатор 2: Сот күні» фильмі өте сәтті және табысты болып шықты. АҚШ-тың өзінде фильм 205 млн доллар жинаса, шет елдерде 315 млн доллар табыс тапты. Сонымен қоса фильм үздік грим, дыбыс, дыбыс және визуалды эффектілер номинацияларында төрт Оскардың иегері атанды.

Джеймс Кэмеронға әлемдік танымалдылықты алып келген тағы бір фильм «Титаник». Бұл Кэмерон үшін нағыз триумф болды. 1997 жылы шыққан фильмде басты рөлдерді Леонардо Ди Каприо, Кейт Уинслет және Билли Зейн ойнады. «Титаник» 2010 жылға дейін табысты ең көп тапқан фильмдер тізімінде көш бастап тұрды. Фильмнің бюджеті 200 млн доллар болса, әлем бойынша жинаған табысы 1,8 млрд доллар. «Титаник» фильмі 11 «Оскар» сыйлығының иесі атанды.

2009 жылы Джеймс Кэмеронның тағы да бір керемет туындысы «Аватар» фильмі жарыққа шықты. 3D форматында 20th Century Fox студиясында түсірілген фильмде ойдан шығарылған Пандора планетасында адамдар мен өзге планеталықтардың арасындағы соғыс туралы баяндалады. 2010 жылдың 1 қыркүйегіне дейін фильм 2,8 млрд доллар табыс тапты, осы нәтижесі арқылы Джеймс Кэмерон өзінің алдыңғы «Титаник» фильмін артта қалдырды. Бүгінгі күні Джеймс Кэмерон «Аватар» фильмінің жаңа бөлімдерін түсіруде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға