Тісті жиі тазалау эмальді бұза ма? Тіс дәрігерімен сұхбат
Тіс – ас қабылдауға көмекші, тіс – күлкінің көркі, тіс – саулықтың белгісі. Тістің адам өміріндегі рөлі қай заманда болмасын маңызды болғаны баршаға аян. Егер бағзы заманда ауырған тісті жұлудан басқа амал болмаса, бүгінде оны емдеп қана қоймай, түзету арқылы оған сән де беруге болады. Мұнымен шектелмей, егер сіздің кей тістеріңіз туған кезіңізден жоқ болатын болса да қорқынышты емес, жаңа тіс салуға болады. Осындай мүмкіндіктерге қарамастан тіс дәрігерінің жұмысы азаяр емес. Өйткені бүгінде тіске қойылатын талап күшейіп кетті. Тістің сау тұруынан бастап, оның түп-түзу, әрі көркем болуына дейін. Осы орайда Ел.кз редакциясы тіс дәрігері Нұрбол Мүтәлімен арнайы сұхбат құрып, оның жұмысымен танысып қайтты.
– Стоматология саласында озық дамыған елдер?
– Бұл жерде көп мемлекетті атауға болады: АҚШ, Германия, Оңтүстік Корея, Израиль және т.б. Дамыған елдердің бәрінде стоматология жақсы жолға қойылған. Дегенмен, нақты мемлекетті атау қажет болса, медициналық туризм тұрғысынан жауап беріп көрейін. Медициналық туризм дегеніміз кәдімгі туризм секілді, тек мұнда сіз демалмайсыз, емделесіз. Медициналық, соның ішінде стоматологиялық туризм бойынша ең жоғарғы сұранысқа Германия мен Израиль ие. Бұл екі мемлекетте көрсетілетін қызмет сапасы өте жоғары және салыстырмалы түрде қолжетімді. Сол себепті шетелдіктердің көпшілігі осы елдерді таңдап жатады.
– Тіс дәрігері болуды не себепті таңдадыңыз?
– Мамандық таңдауға келер болса, мұнда ешқандай сенсациялық факт ести қоймайсыз. Мен бұл мамандықты ата-анам тіс дәрігері болғандықтан таңдадым және осы сала өзіме жақын болды.
– Қазақстанның стоматология саласында қандай қиындықтар бар?
– Қиындықтар өте көп және оны түрлі қырдан қарауға болады. Біріншіден, өңірлерді сапалы стоматология аз, адамдар не сапасыз қызметке душар болады не алыстағы облыс орталықтарына баруға мәжбүр. Екіншіден, маман тапшылығын айтсақ болады, әсіресе балалардың тістерін емдейтін маман өте аз. Мүмкін бұл балалармен жұмыс істеудің қиындығынан болар... Одан кейін халықтың өз денсаулығын күтуге деген дұрыс сана-сезімінің болмауы. Біз ауруымыздың асқынғанын аяғына дейін күтіп, сосын ғана дәрігерге барамыз. Мұндай жағдайда көбіне дәрігерлер қауқарсыз болып жатады. Профилактика жасау, ауырудан әлдеқайда арзан екенін адамдар білмейді, білсе де назар аудармайды.
– Тісті қалай күту қажет? Адамдардың жіберетін қателіктері?
– Ауыз қуысын күніне екі рет тазалап тұру керек. Жарты жылда бір рет тіс дәрігеріне қаралып тұру керек, тісіңіз сау болса да, профилактика артық етпейді. Одан кейін жаңғақты тіспен шағу, бөтелкені тіспен ашу дегеннен мейлінше аулақ болған жөн. Суық пен жылының да тепе-теңдігін сақтаған жөн.
– Тіс күтіміне байланысты мифтерді атай аласыз ба? Мысалы, тісті қайта-қайта жуу эмальді бұза ма?
– Мифтер өте көп, сіздің айтқан мысалыңыз да – миф, тісті бірнеше рет жуған эмаль бұзылмайды. Егер тісті тұрақты тазалап тұрмаса, онда тістің шеті тамақ қалдықтарымен қапталады, бұл кейіннен бұзылуына әкеледі.
Сондай-ақ, тісті таңертең емес, таңғы астан кейін тазалау керек деген де пікір бар. Таңғы астан кейін тазалау дұрыс, бірақ таңертең де тазалау керек, өйткені ауыз қуысында түні бойы бактериялар жиналады.
Ауырған тіске спиртке батырылған мақта басу қажет дейтіндер де бар. Бұл өте қауіпті. Ауырған тісіңіз бұдан жазылып кетпейді, есесіне сіз тістің жанындағы етіңізді күйдіріп алуыңыз әбден мүмкін.
Тісім ауырмаса, стоматологқа бармауға болады дейтіндерге айтарым, ауыз қуысындағы тістің бұзылуы процесі бастапқыда ешқандай ауырсынусыз өтеді. Ауыруы асқынғанның белгісі. Бастапқы кезде тісті емдеу оңай, әрі арзан.
Бұрынғы заманнан қалған стереотиптік миф бар, тіс дәрігеріне бару қатты ауырсыну дегенді білдіреді деген. Қазір заманауи технологиялар мен мүмкіндіктердің арқасында тісті емдеу ауырмайтындай етіп жүзеге асырылады.
– Тіс ауруынан адам қайтыс болатын жағдайлар бола ма? Қаншалықты жиі?
– Тіс аурунан адам қайтыс болуы мүмкін емес, бірақ кейбір адамдар ауруын асқындырып жібергендіктен нашар халге түсіп жатады. Оларға амбулаториялық көмек көрсетіледі. Бар-жоғы осы ғана.
– Қазір заманауи технологиялардың арқасында тісті емдеу арқылы оны аман қалуға болады. Тісті жұлу өткен заманның әдісіне айналып барады. Дегенмен, кейде тісті жұлатын жағдайлар болады? Сол жағдайда атай аласыз ба? Қандай жағдайда тіс жұлып тастайсыздар?
– Қазіргі заманауи технологиялардың арқасында тісті емдеу арқылы оны аман қалдыруға болады. Тісті жұлу өткен заман әдісі. Дегенмен кейде тісті жұлатын жағдайлар болады. Тіс жиегінің асқынуы салдарынан тіс жұлынады.
– Стоматологтың аппараты қайда жасалады? Қанша тұрады орташа бағасы?
– Стоматологиялық аппараттарды жасау Германия, Словакия, Чехия және Қытай елдерінде қатты дамыған. Орташа бағасы $ 5 000 – $ 30 000 барады.
– Жасанды тістердің өздеріңіз жасайсыздар ма, әлде қалыбын алып арнайы жасайтындарға бересіздер ме?
– Өз лабораториямызда жасап шығарамыз.
– Қазір стоматологқа тісті емдету үшін емес, сән үшін келетіндер көбеюде. Яғни түрлі технологиялар арқылы қисық тістерді дұрыстау немесе сары тістің ағарту деген секілді. Алайда мұның қымбат екенін естиміз. Брекет арқылы тісті туралау қаншалықты қымбат?
– Брекет арқылы тістерді түзету аса қатты қымбат емес. Ол сән үшін емес, ол дұрыс функционалдық қызмет атқару үшін, яғни шайнау қызметін жақсарту үшін.
– Тісті тесіп, ішіне бриллиант салатындар да кездеседі. Бұл тіс денсаулығына қауіпті емес пе?
– Ол бриллиант емес, арнайы тас. Сондай-ақ, тісті теспейді, арнайы желімге отырғызылады.
– Тіс дәрігерін қалай таңдау керек? Ең қымбаты ең сапалысы дегенді білдіре ме?
– Қай саланы алатын болсақ та, халықтың аузынан естіген жақсы пікірлерге сүйене маман таңдау керек. Қымбат болатын болса, ол тіс емханасында мамандар өте білікті болу тиіс. Себебі, жылына бір рет оқуға барады.
– Қазақстанда тіс имплантациясын жасау қаншалықты дамыған?
– Тіс имплантациясы Қазақстанда өте қатты дамыған. Себебі біздің де шет елдерден қалғымыз жоқ. Жарты жылда бір рет оқуға баруға тырысамыз.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.
Cұхбаттасқан – Дәурен Омаров