Жаңалықтар

Timeline: Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды шешімдері

Семей полигонын жабудан Шымкенттің республикалық статус алуына дейін
Timeline: Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды шешімдері
20.03.2019 15:55 4329

 

Семей полигонының жабылуы
1991 жыл, 29 тамыз
Нұрсұлтан Назарбаев жасаған маңызды шешімдердің алғашқысы - Семей полигонының жабылуы. Полигондағы сынақ жұмыстары 1949-1989 жылдар аралығында жүргізілген. Ал 1963 жылға дейінгі ядролық жарылыстар жердің үстінде өткен. Полигонда жасалған барлық жарылыстар саны - 224.
1989 жылы ақпан айында болған сәтсіз жарылыстан радиоактивті бұлт атмосфераға өтіп, жақын орналасқан елді мекендерге жайылды. Осы оқиғадан кейін Қазақстанда жазушы Олжас Сүлейменовтың бастауымен “Невада-Семей” антиядролық қозғалыс басталды. Ядролық сынақтардан шамамен 1,5 миллион адам зардап шеккен.
Нұрсұлтан Назарбаев 1989 жылы 1 наурызда Семей облысындағы экологиялық жағдайды бақылау бойынша республикалық комиссия құрды. Ал 1939 жылы 30 мамырда ол Халық депутаттарының съезінде Семейдегі проблема жайлы сөз сөйледі. 1991 жылы 29 тамызда Нұрсұлтан Назарбаев “Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы” №409 жарлыққа қол қойды.

“Болашақ” бағдарламасы
1993 жыл, 5 қараша
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан білікті кадрларды дайындау жұмыстарын қолға алды. Осылайша, 1993 жылдың 5 қарашасында Нұрсұлтан Назарбаев “Болашақ” халықаралық стипендиясын белгілеу туралы” Қаулы шығарды. Бағдарлама шетелдік оқу орындарындағы академиялық (магистратура, докторантура) біліммен қатар, ірі компаниялардағы ғылыми-өндірістік тәжірибелерді қамтиды.
25 жыл ішінде “Болашақ” бағдарламасы аясында 12 898 қазақстандық жас шетелде білім алу мүмкіндігіне ие болған.

Елорданың ауыстыру
1994 жыл, 6 шілде
Нұрсұлтан Назарбаев елорданы ауыстыру бойынша ұсынысын айтты. 1994 жылы 6 шілдеде Қазақстанның Жоғарғы кеңесі бас қаланы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру бойынша қаулы шығарды.
1998 жылы 6 мамырда Қазақстан Республикасы президентінің Жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана деп өзгертілді. Ал 10 маусым күні жаңа елорда әлемге таныстырылды.

Латын әліпбиі
2017 жыл, 27 қазан
Тәуелсіздік алғаннан бері латын алфавитіне ауысу жайлы ұсыныстар бірнеше рет көтерілген болатын. Ал 2017 жылы 27 қазанда Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы” Жарлыққа қол қойды.
2018 жылы 19 ақпанда Нұрсұлтан Назарбаев аталған жарыққа өзгерту енгізіп, латын әліпбиінің жаңа нұсқасын бекітті.

Шымкент - республикалық маңызы бар қала
2018 жыл, 19 маусым
19 маусымда Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы” Қаулыға қол қойды. Қаулы бойынша Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қалалардың санатына енді.
Ал Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіріліп, өңірге Түркістан облысы деген атау берілді. “Түркістанды заманауи технологияларды қолдана отырып, өз мәдениетімізге сай қайта жаңғырту керек. Бұл орайда оның ежелгі сәулет өнерін сақтап қалу қажет”, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға