Жаңалықтар

Тілсіз жаудан сақ болыңыз!

Тілсіз жаудан сақ болыңыз!
20.06.2022 17:32 1855

Жыл сайын елімізде 4,5 мыңға жуық табиғи өрт оқиғасы тіркеледі. Оқыс оқиғаның қатарында суға кететіндер де азаймай тұр. Мәселен, соңғы үш жылда кәмелет жасына толмаған 380 бала суға кетіп көз жұмған. Оқыс оқиғалар мен тілсіз жаудың себеп-салдары туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлиден сұрап білдік.

 Жыл басынан бері қанша өрт оқиғасы тіркелді, қызыл жалынның шығу себебі неде?

– Елімізде биылғы жылдың 5 айында 4 083 өрт оқиғасы тіркелді. Тілсіз жаудан 165 адам қаза тауып, 112 тұрғын жарақат алған. Оқыс оқиға салдарынан материалдық шығын 1 млрд.759 млн. теңгені құрады. Өткен жылмен салыстырғанда өрт оқиғасы 10% – ға төмендегені байқалады. Жалпы, ел бойынша өрт санының азаюы Ақтөбе облысын қоспағанда, барлық өңірлерде байқалады. Өрттің негізгі үлесі тұрғын үй секторына тиесілі, онда 2 623 өрт тіркелген. Сонымен қатар тілсіз жаудың 4%–ы табиғи өрттерге тиесілі. Жылдың 5 айында 164 орман-дала өрті тіркелді. Мұның себебі де әр түрлі. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 3,5% - ға аз екенін көрсетеді.

– Ел бойынша шомылу маусымы басталғаны белгілі. Су айдындарында қанша оқыс оқиға болды? Суға кетудің алдын алу үшін қандай шаралар жүргізіліп жатыр?

– Қазақстанда 50 мыңнан астам су айдыны бар. Оның тек 497-сінде ғана суға түсуге рұқсат берілген. Су айдындарында құтқару бекеттері жұмыс істейді. Рұқсат етілмеген жерлерде суға шомылуға қатаң тыйым салынады. Маусым айы басталғалы 29 адам суға кетіп, көз жұмды. Оның ішінде 14 бала бар. ТЖ министрлігінің құтқару бөлімшелерімен халық ең көп пайдаланатын 125 су айдыны бақыланады. Мұнда 493 құтқарушы тәуліктік кезекшілік қызметін атқарады. Шомылу маусымы басталғалы су айдындарының қауіпті және күзетілмейтін бөліктерінде министрліктің қосымша 62 жылжымалы құтқару бекеттері жұмыс жасап жатыр. Су айдындарындағы жағажайларда зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсететін 167 медициналық бекет бар. Суға шомылу ережелері мен сақтық шаралары туралы халық арасында 120 мыңнан астам үнпарақтар таратылды. Өңірлердегі су айдындарында 2 мыңнан аса қауіпсіздік белгісі орнатылды. Сондай-ақ, картографиялық платформада еліміздің барлық өңірлеріндегі өзен-көлдерде шомылуға тыйым салынған 4598 және шомылуға рұқсат берілген 497 орындар туралы мәлімет орналастырылған. Халық платформа арқылы барлығын бақылай алады. Тек рұқсат етілген жерде ғана шомылуды сұраймыз.

– Суға кетудің негізгі себептері қандай? Қауіпсіздік ережелері сақтала ма?

– Суға кетудің себебі көп. Көпшілік суға шомылу ережелерін сақтамайды. Нәтижесінде қайғылы оқиғалар жиі болып тұрады. Мысалы, суға секіру, балалардың қараусыз қалуы, құтқару құралдарынсыз балық аулау, ішімдік ішіп, суға түсу салдарынан жазатайым оқиға жиі тіркеледі. Суға кетудің алдын алу үшін қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет. 

- Өзен-көлдерде «Шомылуға тыйым салынады», «Сүңгуге тыйым салынады», «Қауіпті! Ұңғыма» деген белгі орнатылған жерлерде шомылуға болмайды;

- Мас күйде шомылмау;

- Шомылудың шекарасына қойылған белгілерден асып жүзуге тыйым салынады;

- Су бетіндегі қайық, кемелерге жақын жүзуге болмайды;

- Тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде шомылмау;

- Шомылуға арналмаған заттарды пайдаланбау;

- Қайықтардан, катерлерден, айлақтардан (жартастар, қоршаулар және басқа да заттардан), сондай-ақ осы мақсаттарға бейімделмеген құрылыстардан суға шомылуға тыйым салынған. Ең бастысы, балаларды шомылу кезінде қараусыз қалдырмай, ересектердің қарауынсыз суға сүңгуге жол бермеу керектігін ескерулеріңізді сұраймыз.

– Төтенше жағдай, оның ішінде су шаю, өрт оқиғасы, жер сілкінісі, су тасқыны қай өңірлерде жиі тіркеледі?

– Су қоймалары бар республиканың аумағы, әсіресе өзен-көлдер, теңіз арналарының толуына байланысты, жағада орналасқан елді-мекендерді су басу қаупі жиі тіркеледі. Қатты жауын-шашын мен қардың күрт еруі, елді-мекендердің еріген немесе жаңбыр сулары су басуына әкеп соғуы мүмкін. Биыл Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау және Түркістан облыстарындағы елді мекендер жаңбыр мен еріген қар суларынан зардап шекті. «Қазақстан Республикасының сейсмоқауіпті аймақтарында құрылыс салу» құрылыс нормаларының деректеріне сәйкес Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Ұлытау, Абай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарының және Алматы мен Шымкент қалаларының аумағындағы бірқатар елді-мекендерге сейсмикалық қауіп төнеді. Құрылыс нормаларында көрсетілген аумақтарда тұрғын үйлер мен объектілерді салу нақты сейсмикалық төзімділік дәрежесімен жүзеге асырылуы тиіс.

Техногенді апаттар неден пайда болады?

– Техногендік апат тек өнеркәсіптен шыққан ақау мен өрт, жарылыс салдарынан болмайды. Азаматтық қорғау заңында мұндай апаттарға көлiк апаты, күштi әсер ететiн улы, радиоактивтi және биологиялық қауiптi заттар жайылуы, ғимараттар мен құрылыстардың кенет құлауынан, бөгеттердің бұзылуы мен электр энергиясы және коммуникация жүйелерiндегi ақаудан болған төтенше жағдайлар жатқызылады. Ақаудың туындау себебіне өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзу, пайдаланылатын құрылыстар мен жабдықтардың тозуы, қызметкерлердің өндірістік және еңбек тәртіптерін бұзуынан орын алады. Биылғы жылдың бес айында техногендік сипаттағы 4271 оқиға тіркелген. Нәтижесінде 349 адам зардап шеккен, соның ішінде 190 адам қаза болды. Техногендік сипаттағы жағдайлардың негізгі үлесі өндірістік және тұрмыстық өрттерді 91,8% құрайды. Ағымдағы жылдың 5 айында 3 техногендік сипаттағы өрт оқиғасы тіркеліп, 277 адам зардап шекті. Өрт туындайтын негізгі объектілерге тұрғын үй секторы, көлік құралдары, ормандар, сауда кәсіпорындары, ашық аумақтар, өндірістік мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстар, әкімшілік-қоғамдық ғимараттар, салынып жатқан объектілер және құрылыс алаңдары жатады.

– Табиғи апаттың алдын алу үшін қандай жұмыстар жүргізіледі?

– Төтенше жағдайлар министрлігі республика аумағын селден қорғау мақсатында Қорғас, Ақсай, Аюсай өзендерінде сел ұстайтын бөгеттер салуды жүзеге асырады. Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедицияның сейсмостанцияларына республиканың сейсмоқауіпті аумағының мониторингі және жер сілкінісі туралы мемлекеттік органдар мен халықты хабардар ету жүзеге асырылады. Сейсмология институты, Төтенше жағдайлар министрлігі жер сілкінісінің жағымсыз әсерлерінің алдын алу шеңберінде сейсмикалық және шағын аудандастыру карталарын әзірлеуді жүзеге асырады. Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқынына қарсы іс-шараларды іске асыру бойынша жұмыс жүргізеді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Қазгидромет болжамдары негізінде олардың туындау қаупін бағалайды. Алдағы су тасқынына болжамдарды ескере отырып, құтқарушылар су басу қаупінен сақтанады.

– Қазақстанда төтенше жағдай қызметкерлері жеткілікті ме?

– Бізде кадр тапшылығы жоқ. Алайда, мамандар жиі ауысып отырады. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың әлеуметтік мәртебесі мен материалдық-техникалық жағдай тұрақталса, кадрлардың кетуі төмендейді. Азаматтық қорғау органдарына өрт сөндірушілер лауазымына орналасу М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының оқу орталықтарында алғашқы кәсіптік даярлық арқылы, аға басшы құрам лауазымдарына конкурстық негізде жүзеге асырылады. Әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының заңнамасын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, әскери құралымдарында әскери қызмет атқару қағидаларына сәйкес келісімшарт бойынша ерікті түрде немесе әскерге шақырылып қызмет етеді.

– Сұқбатыңызға рақмет!

 


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға