Жаңалықтар

Тілге құрмет – өткенге тағзым!

Тілге құрмет – өткенге тағзым!
18.10.2019 11:11 2663

Елордалық Достық үйінде халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Бірыңғай жалпы құндылықтарды қалыптастыру», «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүйелі іске асырылуын қамтамасыз ету» тақырыптары аясында келелі кеңес өтті. 

Аталмыш шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских, Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының және қалалық Ассамблеяның мүшелері, ғалымдар қатысты.

Кеңеске қатысушылар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ел үшін маңызды тұстарын талқылай отырып, тұтас қазақ халқының этномәдениетінің ерекшелігіне де тоқталды. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қ. Кертаеваның айтуынша, этномәдениет  - дәстүрлі құндылықтардың жиынтығы.

Тілге құрмет – өткенге тағзым!

«Біз өмір сүру ортамызға қарай бейімделе білуіміз керек. «Рухани жаңғыру» деген не? Бұл біздің жан-дүниеміздің жаңғыруы. Сол арқылы тарихымыз бен тұрмыстық құндылықтарымыз жаңғырады. Егер этнос өкілдерінің әрқайсысы өз ұлттық құндылықтарымен бөлісе отырып, жалпы біртұтас қазақстандық құндылықтарды қалыптастыруға үлес қосар болса, біздің қоғам бүгінгідей бейбіт саяси жүйеде өмір сүруін жалғастыра береді», - деген Қ.Кертаева біртұтас қоғам құру жолында әрбір этностың ұлттық мәдениетінің сақталуына жағдай тудыру керек деп түйіндеді сөзін. 

Семинарда сондай-ақ, жалпыадамзаттық құндылық, қазақстандық жүйенің ерекшелігі, құндылық теориясы туралы ой-пікір ортаға салынды. «Қазақстан түрлі этнос өкілдерінің отаны. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында елде этномәдени орталықтардың дамуына жағдай жасалады деп жазылған. Сонымен қатар, қазақ тілін ұлтаралық қатынас тілі ретінде дамыту мәселесінің де бүгінгі күні өзектілігі жоғары», - деген педагогика ғылымдарының докторы, профессор Несібелі Құрман қазақтар үшін қастерлі тарихи деректермен, көшпелі тұрмыстың құндылықтары туралы мәліметтермен бөлісті. 

Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских соғыс пен депортация кезінде бас сауғалап келген күллі ұлт өкілдерін өгейсітпей, бауырына басқан қазақ халқына алғыс ретінде оның тіліне құрметпен қарауға шақырды. Сондай-ақ, аталмыш мәжілісте елордалық этномәдени орталықтарының басшылары да сөз алып, өз ойларын ортаға салды.

Бөлісу:

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.



Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға