Тiлеубердi БИНАШЕВ: "Қажымұқанның әруағы қолдап, бағым ашылды"
Тiлеубердi БИНАШЕВ, мүсiншi.
– Мүсiн өнерiмен айналысқаныңызға ширек ғасырдан аса уақыт өтiптi. Осы жылдар iшiнде кiмдердiң мүсiндерiн сомдадыңыз?
– Əрине, олардың бəрiнiң атын атап, түсiн түстеп жату шарт емес. Дегенмен, олардың iшiнен Абылай хан, Кейкi ба-тыр, Қарасай батыр, Шақшақ Жəнiбек, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Əйтеке би, Қажымұқан, Бауыржан Момышұлы, Шəмшi Қалдаяқов, Дiнмұхаммед Қонаев, Талғат Бигелдинов, Мəншүк Мəметова сияқты тарихи тұлғалар мен қоғам, əдебиет, мəдениет қайраткерлерiн атасақ та жеткiлiктi. Сонымен қатар, халқымыздың басынан кешкен түрлi оқиғаларға байланысты композициялық монументтер жасадым. «Заманына қарай ама-лы» демекшi, нарыққа икемделiп, жеке тұлғалардан да тапсы-рыстар қабылдаймын.
– Олардың iшiнде суреттерi қалғандары да, қалмағандары да бар. Бет-бейнесi белгiсiз тарихи тұлғаларды сомдағанда неге сүйенесiз?
– Өткен ғасырларда өмiр сүрген хан, батыр, би-шешендердiң мүсiнiн соғар алдында олар туралы мəлiметтер жинаймын. Ақын-жазушылармен, тарихшылармен, ғалымдармен əңгiмелесiп, со-лар туралы жазылған шығармалармен танысамын. Содан кейiн жүз ойланып, мың толғанып, кейiпкер бейнесiнiң жобасын сы-зып, қағазға түсiремiн. Егер ол өзiмнiң көңiлiмнен шығып жатса, өзiм кеңес алған өнер майталмандарына апарып көрсетемiн. Олар құптап, мақұлдаса, кейiпкер бейнесiн саз балшықтан жа-сап аламын. Содан кейiн барып гипстен қалыбын алып, тасқа немесе қолаға аударамын.
– Ең алғашқы мүсiндi жасауға кiм жəне не себеп болды?
– Мен Оңтүстiк Қазақстан облысының Арыс ауданына қарасты Байырқұм деген ауылда туып өстiм. Əкем қойшы едi. Бала кезiмде əкеме қолғабыс жасап, мен де қой бақтым. Күнi бойы қой соңында жүрген соң, өзiме ұнайтын бiр iспен айналысуға тура келдi. Сонда жанымнан тастамайтын бəкiмен ағаш жонып, тастарды қашап, мүсiнмен əуестенiп жүрдiм. Тiптi, осы iске берiлiп кеткенiм соншалық, бағып жүрген қойларымды ұмытып, олардан көз жазып қалған кездерiм де болды. Ондай кезде əкем менiң «адам болатыныма» күдiкпен қарап, қатты ренжитiн. Бiр күнi сəттi шыққан тырнақалды төл туындымды көрсеткенiмде ризашылығын бiлдiрiп, ақ батасын берiп едi марқұм. Соны-мен қатар, сурет те салатынмын. Мектеп қабырғасында бiлiм ала жүрiп, совхоздың суретшiсi болып iстедiм. Коммунистiк партияның ақ дегенi алғыс, қара дегенi қарғыс болып тұрған кез. Совхоздың төрағасы мен мектептiң директоры менi меншiктеп алған. Солардың тапсырысы бойынша Маркс, Энгельс, Ленин-дердiң портреттерiн салып, партияның түрлi ұрандарын жазамын. Мектепте қабырға газеттерiн безендiремiн. Осы еңбектерiмдi бағалап, ұстаздарым маған ылғи да жақсы бағалар қоюшы едi. Қойшы, əйтеуiр не керек, сөйтiп жүрiп мектептi де бiтiрдiм. Екi қолым алдыма сыймай жүрдiм. Жоғары бiлiмi жоқ адамда ақыл айтып, кеңес беретiн ұстаз қайдан болсын?! Бiр күнi сол кездегi Темiрлан аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Рашид Нұғыманов Қажымұқанның мүсiнiн жасау ту-ралы ұсыныс жасады. Əрине, алғашында бiрден келiсе кетуге жүрексiндiм. Батылым жетпей тұрғанын сездi де: «Сен қорықпа. Бiз саған қолдан келген көмектiң бəрiн жасаймыз» деп үлкен рух берiп қойды. Содан тəуекел етiп, үлкен iске бел шеше кiрiсiп кеттiм. Қажымұқан атамыздың мұражайына барып, ол кiсiнiң ертеректе түскен суреттерiн көрдiм. Бiрақ олардың басым бөлiгi анық емес, бұлыңғыр. Сөйтсем, сол Темiрланда Қажекеңнiң Жанəбiл, Айдархан деген балалары тұрады екен. Солардың үйiне барсам, Қажекеңнiң кiшi ұлы Айдархан атан түйедей бо-лып, қорылдап ұйықтап жатыр екен. Осы көрiнiс маған қатты əсер еттi. Қажекеңнiң өзiн көргендей болдым. Дəл осыдан кейiн маған ешқандай суреттiң керегi болмай қалды. Айдарханды оят-пастан оның сұлбасын сызып алдым. Ол кезде менде шеберхана қайдан болсын?! Сол Темiрландағы бiр қонақ үйдiң залында мүсiндi жасауға кiрiсiп кеттiм. Оның шаңырағының биiктiгi үш метр екен. Мен де мүсiндi соған лайықтап жасадым. Егер оның биiктiгi бес метр болса, ескерткiш те сондай биiк болар едi. Жұмыс толық аяқталған соң, Айдарханды шақырып көрсеттiм. Ол көзiне жас алып тұрып: «Сен менiң əкемдi қайта тiрiлттiң ғой» деп ризашылығын бiлдiрдi. Кейiн Рашид Нұғыманов ағамыз келiп көрдi де: «Бұл мүсiн бiздiң көңiлiмiзден шықты. Бiрақ ел-жұрттың да пiкiрiн бiлейiк. Сондықтан Қажекеңмен дəмдес болған замандастарына көрсетейiк» дедi. Мен келiстiм. Бiрақ қатты қобалжығаным рас. Содан үш-төрт қария келдi. Солардың бiрi қарап тұрып: «Балам, мына ескерткiштiң бiр жерiнде кемiстiк бар» дедi. «Айтыңыздар, ақсақалдар, мен ол кiсiнiң көзiн көрген жоқпын. Егер кемшiлiктерi болса, əлi де түзетуге болады» дедiм. Сонда əлгi қария: «Қажекеңнiң бiр құлағының жартысы жоқ болатын. Жырық едi. Сен оны бүтiн етiп қойыпсың» дедi. Мен: «Ақсақал, Алланың өзi оның 12 мүшесiн түгел етiп берген. Сондықтан мен оны өзгерте алмай-мын» деп едiм, қариялардың бəрi жамырап: «Онда бiзде басқа айтар мiн жоқ. Қажекеңнiң өзiн көргендей болып тұрмыз» деп ақ баталарын бердi. Содан соң ескерткiш тас тұғырға қонды. Оны «Время» деп аталатын ақпараттық бағдарламадан көрсе-тiп, «Правда» газетiне жазып, абыройымызды асқақтатып жiбердi. Сөйтiп, менiң осындай үлкен iске баруыма Рашид ағамыз себепкер болды. Содан кейiн Қажекеңнiң аруағы қолдап, жоғары оқу орнына түсiп, елге танылдым, өнердегi бағым ашылды.
– Қазақтың белгiлi қоғам қайраткерлерi мен ақын-жа-зушыларының, сондай-ақ бiртуар дарын иелерiнiң де мүсiнiн жасап, тұғырға орнатыпсыз. Олардың көбiмен тiрi кезiнде араласып, əңгiме-дүкен құрдыңыз. Солармен болған кезде-сулерде тəлiм-тəрбиелiк маңызы бар оқиғалар болды ма?
– Əрине, болды. Олардың бəрiмен болған кездесулердi таңды таңға жалғап отырып айтуға болады. Бiрақ мен мемлекет жəне қоғам қайраткерi Дiнмұхаммед Қонаев пен екi мəрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов ағаларымыз туралы ай-тайын. Менi екеуiнiң де өте қарапайымдылығы таң қалдырды. Ең алғаш Димаш ағаның үйiне барар алдында: «Ол кiсi хан сарайындай зəулiм үйде тұратын шығар» деп ойлағанмын. Сөйтсем, ары кетсе, бес бөлмелi үйде тұрады екен. Көздiң жау-ын алатын дүние-мүлiк, жиһаздар жоқ. Үй қабырғаларындағы сөрелерде толған кiтап. Димекеңмен еркiн отырып əңгiмелестiм.
Қазiргi əкiм-қаралардай тəкаппар емес. Қоштасып, кетiп бара жатқанымда: «Мен Темiрландағы Қажекеңнiң ескерткiшiн көрдiм. Көңiлiмнен шықты. Бiрақ оның авторы сен екенiңдi бiлмедiм. Мен Қажекеңнiң көзiн көрген адаммын. Ескерткiште жан бар. Сол үшiн саған алғысымды айтамын» деп кiтабына қолтаңба жазып, визиткасын бердi. «Бұдан былай менiң сыйлы қонағым болып келiп тұр» деп шығарып салды.
Талғат ағамыз да өте қарапайым екен. Осы уақытқа дейiн үш бөлмелi үйде тұрып жатыр. Жарқыраған дүние-мүлiк жоқ. Ескi теледидар, ескi шкаф. Өзi: «Қазiр кеш түссе, көшеге шығуға қорқамын. Соғыстан жаман» дейдi. Мұның алдында үйiне ұрылар түсiп, қол-аяғын байлап, «Алтын жұлдызын» алып кет-кен екен. Елбасы араласып жүрiп, бiр-екi жұмада қайтарыпты. Қазiргi тағып жүргенi көшiрмесi көрiнедi.
– Ал Димекең өз мүсiнiн көре алды ма?
– Өкiнiшке қарай, ол кiсi көре алмады.
– Ол ескерткiш қазiр қайда тұр?
– Димекеңнiң өз бастамасымен қолға алынып, салынған үл-кен Алматы каналының бастауында тұр.
– Мүсiндердi үйiңiздегi шеберханада жасайды екенсiз. Арнайы шеберхана ашуға мүмкiншiлiгiңiз болмады ма?
– Қазақстан Мүсiншiлер одағы ғимаратынан шеберхана ашуға болады. Бiрақ онда жарық, жылу жоқ. Сосын ол жерде күнде той-думан. Жұмыс iстеуге кедергiлер көп болады. Жал-пы, қазiр қай Одақты алсаңыз да, бəрiнен мəн кеттi ғой. Ал шеберхананың өз үйiңде болғаны жақсы. Отбасың, бала-шағаң қасыңда. Олар маған күш-қуат, рух, шабыт бередi. Үлкен қызым менiң жолымды қуып, Темiрбек Жүргенов атындағы өнер ака-демиясында оқып жүр. Маған қолғабысын тигiзiп қояды.
– Байқауымша, Сiз қазiр еш жерде жұмыс iстемейсiз. Сонда осы кəсiбiңiзбен күн көрiп жатырсыз ба?
– Иə, қалталы азаматтардың тапсырысын орындаймын. Оны iстемесең, бала-шағаңды несiбесiнен қағасың. Жеке шығармашылық жұмыстарым қалып барады.
– Кəсiби шығармашылықпен айналысу үшiн Сiзге қандай жағдай қажет?
– Шаңырағы биiк, кең де жайлы шеберхана жəне қаржы қажет.
– Олардың бəрiмен қамтамасыз етiлдiңiз дейiк. Сосын қандай жұмыстарды қолға алар едiңiз?
– Қазақтан шыққан хан, батыр, би-шешендер мен дiнбасы-лардың басын бiрiктiретiн композициялық монумент жасау менiң ойымда көптен берi жүр. Оның атын «Жетi ата» деп атап та қойдым. Қазақта: «Жетi атасын бiлмеген – жетесiз» деген сөз бар. Сол айтқандай, бұл бүкiл қазақ халқына тəн бабалардың рухын тiрiлтуге себеп болар едi.
– Ол композициялық монументтi қайда қоюға болар едi?
– Астанадағы Орталық алаңға қойса, еш сөкеттiгi жоқ. Əрбiр қазақ өзiнiң жетi атасынан басқа, бүкiл қазаққа ортақ аталарының да аты мен затын бiлiп жүрер едi.
– Шет елдерден Сiздiң жұмысыңызды сатып алғандар болды ма?
– Мүсiн өнерiмен айналысқалы берi мен бiрнеше рет рес-публикалық, бүкiлодақтық жəне халықаралық көрмелерге қатыстым. Сонда Түркия, Польша, Ресей, Балтық жағалауы елдерi адамдары көптеген еңбектерiмдi сатып алды. Кей елшiлiктерден тапсырыс та келiп түсiп жатады.
– Əңгiмеңiзге рақмет!
Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, «Ағынан жарылсақ», 2005 жыл.