Жаңалықтар

Тілдік қорды байытатын ерекше сөздік жарық көрді

Тілдік қорды байытатын ерекше сөздік жарық көрді
Фото: El.kz 18.04.2025 18:16 344

Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге арналған тиімді әдістемелік құрал - қазақша-орысша-ағылшынша фразеологиялық сөздіктің тұсаукесері өтті. 

Авторы – Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ф.ғ.к., ілеспе аудармашы Камал Әбілқасымқызы Әлпейісова.

Таныстырылған еңбек Ассамблеяның 30 жылдығы аясында жарық көріп, мемлекеттік тілдің заманауи қоғамда, еларалық қатынастарда  белсенді қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған.  Қазақ  тіліндегі көркем де терең, қысқа-нұсқа мақал-мәтел, тұрақты тіркес, қанатты сөздердің (фразеологизмдердің) басқа тілдердегі мағыналық аудармасын білу  саясаткерлердің, журналистердің, ғалымдардың, ұстаздардың тілдік қорын байытатыны  сөзсіз.  

Бұл сөздік 2006-шы, 2011-ші, 2016-жылдары екі тілде (қазақша-орысша) жарық көрген. Ол шығарылымдардағы тұрмыс-тіршілігімізде жиі кездесетін тіркестер мемлекеттік тілді үйренушілер үшін тиімді құрал екендігіне көз жеткізілді. Толықтырылып шығарылған жаңа нұсқада  фразеологизмдердің   үшінші – ағылшын тіліндегі мағынасы беріліп отыр. Сөздік  заманауи кітап  пайдаланушының тіл байлығын одан әрі дамытуға ықпал етіп, үш тілде еркін сөйлеуге, шешендік өнерді игеруге таптырмас құрал болып табылады.

Тілдік қорды байытатын ерекше сөздік жарық көрді

Әдетте, фразеологизмдерді қиюын тауып пайдалана білуінен сөз сөйлеушінің тіл байлығы, дүниетанымы, рухани әлеуеті танылады. Сөз – адамның болмысын білдіретін құралдардың бірі, ал сауатты, әсем, шешен сөйлей білу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін қасиет. Жұртшылық   білімдарлығына, іскерлігіне сүйсініп жүрген жандардың көп алдында еркін, әсерлі сөйлей алуы оның абыройын одан сайын асқақтата түседі. Тіліміздің тұнық бастауларынан нәр алғанын көрсетіп, інжу-маржандарымызды тізе отырып сөйлеген шешеннің сөзін кәрі де, жас да тамсана тыңдары, оған бұрынғыдан да тәнті болары анық. 

Ал бүгінгі заманда сол құндылықтарымызды әлем халқының басым көбі сөйлейтін ағылшын тілінде еркін жеткізу сөйлеушінің де, оның елінің де абыройын асыра түсетіні сөзсіз. Шет елдерге барып оқып жатқан ұл-қыздарымыз, елде және тыс жерде өтетін халықаралық іс-шараларда сөз сөйлейтіндер ана тіліміздегі нұсқасына сілтеме жасай отырып, мақал-мәтелдің ағылшын тіліндегі баламасын мысалға келтіруі  отандасымыздың өресін көрсетіп қоймай, ұлттық құндылықтарымыздан, халқымыздың ұстанымдарынан хабар берері сөзсіз.

Іс-шараға жазушылар, ғалымдар, ҚХА мүшелері, сарапшылар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, аударма өнеріне қызығушылар қатысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға