Тілдің бесігі – тәуелсіздік
Бөбегім, дүние жүзінде мыңдаған тілдер бар. Замананың ызғарына қарсы тұра алмай, жойылып кеткендері қаншама. Тілдің жойылғандығы – ұлттың жойылғандығы. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген Ахмет Байтұрсынұлы бабаңның жанайқайын осы жазбаларымды оқыған сайын есіңе алып, ұғына түсерсің.
Тілдерге төнген қауіп қатерді саралап, ЮНЕСКО оларды жыл сайын Тілдердің Қызыл кітабына енгізеді. Сол кітаптан бір үзік ... «Жер бетіндегі тілдердің тағдыры алты сатылы шкала бойынша айқындалады. Біріншісі, өлген, жойылған тілдер. Жер бетінде бірде бір сөйлеушісі қалмаған тіл. Екіншісі, жойылу алдындағы тілдер. Оннан бірнеше жүзге дейін сөйлеушісі бар тіл. Бәрі егде жастағы адамдар. Олардың өлімімен, тіл де жойылады. Үшіншісі, жойылу үстіндегі тілдер. Екі жүзден ондаған мыңға дейін сөйлеушісі бар тіл. Бірақ олардың қатарында жас ұрпақ өкілдері жоқ. Бұл тілді аға ұрпақ екінші тіл есебінде қолданады. Төртіншісі, қауіп төнген тілдер. Бұл тілде жас ұрпақ өкілдері сөйлейді. Әйтсе де, олардың қатары уақыт өте келе азаяды. Сөйлеушілердің саны мыңнан миллионға дейін ауытқып отырады. Бесіншісі, тұрақсыз тілдер. Бұл тілде барлық жастағы адамдар сөйлейді. Бірақ тілдің ресми мәртебесі әрі беделі жоқ. Алтыншысы, болашағы зор тілдер. Ешқандай қауіп қатерсіз жылма жыл өркендеп келе жатқан тілдер».
Бөбегім, қаралы тізімге енген тілдердің тағдырын оқығанда, туған қазақ тіліңнің тағдырын ойла. Ана тіліңді жылап тұрып жақсы көр. Оны сақтап, дамыту – сенің азаматтық, ұлттық парызың екендігін ұғын!
Тағдырына қауіп төнген тілдердің дені ел болып тұғырын орнықтырмаған, замананың өн бойында мемлекеттілігін қалыптастыра алмаған халықтардың еншісінде. Тілді сақтаудың, дамытудың алғышарты, негізі – тәуелсіздікте. Ұлттың азаттығында. Тілдің бесігі – тәуелсіздік. Сенің туған халқыңның – қазақ ұлтының егемендігі бар. Ең басты байлығы сол. Бөбегім, ер жеткенде сен де еркіндігімізді сақтау үшін еңбек етуге тиістісің!
Баоның әні – бо халқының соңғы әні
Андаман тілі
Бөбегім, сен құрсағымда тебінесің... Жылы сөз айтсам, сүйінетін тәріздісің. Сен тіршілікке ұмсынып, жарық дүниеге ұмтылсаң, Андаман аралдарының бірінде ака-бо тілінің соңғы сөйлеушісі Бао сексен бес жасында көкірегін кернеген өкінішімен көз жұмды. Бұл 2010 жылдың қаңтар айы.
Андаман – Үнді мұхитын бойлай жатқан, Үндістанның аумағына қарайтын арал. Ғалымдардың зерделеуінше, аралдың байырғы тұрғындарының бірі бо халқы бұл жерді 65 мың жыл бойы қоныс еткен. Олар Ұлы андаман тайпасына кіретін дүниенің қарт халықтарының бірі еді. Ғалымдар ака-бо тілін адамзаттың ежелгі тілдерінің санатына қосады. Ал Бао болса, бүгінде көзі тірі 52 андамандықтың ішіндегі ең қарт адам болатын.
Он тоғызыншы ғасырдың орта шенінде андамандықтардың саны бес мыңға жуықтады. Ағылшын басқыншылары 1858 жылы аралға басып кіріп, жұртты атып асып, жаппай қырып тастады. Тірі қалғандарының өзі еуропалықтар әкелген жұқпалы аурулардан көз жұмды.
Көзі тірі елу шақты андамандық бүгінде Үндістан мемлекетінің қамқорлығында. Бейбақ жұртқа ас-суды үнділіктер жеткізіп тұрады. Ал онсыз да жер бетінен жойылуға шақ қалып тұрған арал иелері араққа салынып жатыр...
Бао өмірінің соңғы жылдарын лингвист, профессор Анвита Абби бақылады. Зерттеушінің әңгімелері жүректі шымырлатады. «Ака-бо тілінің соңғы сөйлеушісі болғандықтан Бао жалғыздықтың азабын тартты. Ол сырласарға жан таппай құса болды. Ал осы кейуанамен бірге тұтас бір мәдениеттің әрі қайталанбас ғажап тілдің құмға сіңгендей жоғалатынын сезіп тұру маған қандай қасірет болғанын білесіз бе?!» - дейді ол. Бао қырық жыл бойы туған тілінде ешкіммен әңгіме дүкен құрмаған.
Бөбегім, құрсағымдағы саған қазақтың әнін саламын. Ертең сен де жалғарсың анаңның әнін, ал кейуана Бао болса, қасірет әнін айтып жатыр. Бүтін халқын туған тілінде соңғы рет жоқтаған Бао бейбақтың дауысын лингвистер таспаға түсіріп алыпты. Не деген зарлы арман... Баоның әні – бо халқының соңғы әні.