Жаңалықтар

Тіл жанашыры жындыхана қамағынан шықты

Тіл жанашыры жындыхана қамағынан шықты
Фото: Faccebok Serik Elikbay 26.01.2024 13:16 2091

Күні кеше қазақ тілінің жанашыры Руза Бейсенбайтегін Павлодардағы психдиспансерге еркінен тыс жапқаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Солтүстікте ұлтымыздың жоғын жоқтап жүрген тіл жанышырының жындыханаға қамалуы елдің қытығына тиюдің қадамы екенін айтқан біраз депутат аталған мәселе бойынша мемлекеттік органдарға бұл жағдайдың сорақылық екенін айтып, министрлік пен облыс басшылығына дейін мәселенің мән-жайын анықтауды тапсырды.

Енді, міне, бүгін бостандықты талап еткендердің тілегі орындалып, тіл жанашыры жындыхана қамағынан босап шықты. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса өзінің Faccebok парақшасында жазып, жан тебірентерлік жазба қалдырды.

Депутат қазақ тілін қорғаған Рузаны елі қорғап қалғанын айтты.

Айдың-күннің аманында аймаңдай Руза апайымызды жоғалтып алып, төтенше жағдайда өткен күндеріміз де артта қалды. Қазақ тілінің қорғаны Руза апайымыз ортамызға оралды. Кешегі бір күніміз бен түніміз биліктегі жауапты тұлғалармен сөйлесуге кетті. Кереку өңірі басшыларымен де сөзіміз аз болған жоқ. Ақыры,әділеттілік орнады. Қазақтың қайсар қызы, қазақ тілінің жанкешті күрескері Руза Бейсенбайтегі апайымыз бүгін бостандыққа шықты. Қазақ тілі бостандыққа шықты десек те болады. Руза апаймен сөйлестік, көңіл күйі дұрыс. Қазір үйінде. Елге рахмет айтуда. Қасында павлодарлық ұлтшыл азаматтар Серік Елікбай мен Медет бар, – деді депутат Қазыбек Иса.

Еске сала кетейік, кеше сағат бесте Павлодар көшелерінің біріндегі Халық банктен белгілі тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегін полиция мен жедел жәрдем алып кетіп, жындыханаға жапқаны туралы ақпарат тараған болатын. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға