Жаңалықтар

Тіл білім институты қазақ тілінің ұлттық корпусын жасап жатыр - Анар Фазылжанова

Тіл білім институты қазақ тілінің ұлттық корпусын жасап жатыр - Анар Фазылжанова
Фото: ©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ 17.06.2023 13:40 1444

Кеше өткен Ұлттық құрылтай отырысына қатысқан А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова қазіргі таңда қазақ тілінің ұлттық корпусын жасап жатқанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Талқылаудың ұзаққа созылғанын айтқан Анар Фазылжанова кешегі «Білім және ғылым» секция отырысында  Тіл ғылымындағы жасалынып жатқан жұмыстарға тоқталғанын атап өтті. 
«Қазір қазақ тілі цифрлық кеңістікке шығу керек.  Ол жай шыға салмай, өте сапалы күйде шығу керек. Ол үшін тілтанушылар мен ІТ мамандардың тандемі жұмыс жасау қажет. Мысалы Яндекс компаниясының «Алисасы» сіздермен телефонда тірі адам сияқты сөйлеседі. Яғни, Яндекс Алисаны жасамас бұрын алдымен орыс тілінің ұлттық корпусы ақылды мәтіндер базасын жасады, соның операторы болды. Лингвистикалық бүкіл тілдің  құрылысын көрсететін корпусты жасады. Біздің тіл институты да қазақ тілінің ұлттық корпусын жасап жатыр. Қазір корпусымыздың базасында отыз миллионнан астам қолданыстан тұратын тілтанымдық тұрғыдан ақылды мәтіндер базасы бар. Мен осы туралы айттым. Осының базасын кеңейтіп, көбейту керек. Қазір алға қоятын мақсатымыз үлкен, осы жобаға жан жақты қолдау көрсету керек деген мәселені алға тарттым», - деді Анар Мұратқызы.

Оның айтуынша, ағылшын тілінің корпусында әлдеқашан екі миллиардқа жуық мәтіннің ақылды базасы бар, сол сияқты орыс тілі, жапон, фин тілдерінің базасы да бір миллиардқа жақындап қалған. 

«Ұсынысымыз жүзеге асатынына сенім мол. Былтыр алғаш рет өткен Ұлттық құрылтайда Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін қайтару туралы ұсыныс айтқан болатынбыз. Бұған Президент қолдау танытып, академияның мемлекеттік мәртебесін қайтардық, яғни Президент әкімшілігі жанынан ҚР Ұлттық ғылыми академиясы құрылды» - деді ол.
 
 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға