Тігін цехының иесі: Тігіншілік – өлмейтін мамандық

Тігіншілік - шыдамдылық пен жауапкершілікті, тиянақтылық пен ұқыптылықты қажет ететін мамандық. Есесіне үйде отырып-ақ табыс табуға мүмкіндік бар. Ал енді бірі осы саланы тереңірек меңгеріп, кәсібін дөңгелетіп жүр. Солардың бірі – Жазира Аймаханова. Бұған дейін сауда-саттықпен айналысқан келіншек осыдан 10 жыл бұрын кәсіби тұрғыда тігіншілікті мықтап қолға алған. Түркістан облысы Кентау қаласында тұратын төрт баланың анасы бүгінде әскери киімдерді тігіп шығаратын «MN Tex» тігін цехына иелік етеді. El.kz тілшісі кәсіп иесімен сұхбаттасып, саланың қыр-сыры, кәсіпкерлерге мемлекеттен беріліп жатқан қолдаулар мен жеңілдіктер туралы сұрап білді. Сонымен қатар тігінші әйел алдағы жоспарларымен де бөлісті.
El.kz: Алдымен өзіңіз туралы тоқталып өтіңізші. Қай жақтың тумасысыз? Негізгі мамандығыңыз қандай? Бұл салаға қалай келдіңіз?
Жазира Аймаханова: Өзім Түркістан облысы қазіргі Сауран ауданына қарасты Теке ауылының тумасымын. Жасым 34-те. Жолдасым екеуміз Алланың берген төрт перзентін тәрбиелеп отырмыз. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықараық қазақ-түрік университетін дизайнер мамандығы бойынша тәмамдағанмын. Яғни, кәсіби тұрғыда тігіншілікті меңгергенмін.
El.kz: Тігін цехын ашып, бизнес бастау идеясы қайдан келді? Не түрткі болды? Жоспарларыңыз неше уақыттан кейін орындалды?
Жазира Аймаханова: Негізі біздің тігін цехымыз - жолдасым екеуміздің отбасылық кәсібіміз. Бұл кәсіпті 2015 жылы бастағанбыз. Уақыт деген зымырап өтеді емес пе?! Содан бері міне, 10 жыл өтіпті. Алғашында үйде отырып, онша-мұнша тапсырыспен әскери киімдердің жағасы мен шұлығын тігіп жүрдім. Содан бірте-бірте тапсырыс саны арта бастаған соң үй жанында асхана, сарай сияқты қосымша ғимараттар болады ғой. Соны тігін шеберханасына лайықты етіп қалыпқа келтіріп, бизнесті сол жақта жалғастырдық. Бизнестің көзін тапқан адам бір орнында отырып қалғысы келмейді екен (күліп). Кәсібін дөңгелетсем, дамытсам деп шапқылайды. Бүгінде үлкенірек ғимарат салып алдық. Аллаға шүкір, кәсібіміз өркендеп, дамып жатыр. Жұмысшыларымыз да бар. Ал жалпы идеяға тоқталсам, бұған дейін біз Алматы қаласында тұрдық. Жолдасым екеуміз саудамен айналыстық. Ол кезде әскери формаларды сататынбыз. Сөйтіп жүріп күндердің күнінде «Неге тігін цехын ашпасқа?» деген ой келді. Өйткені тігін тігу болмаса да, әскери киімдердің түр-түрінен хабарымыз бар. Стандарттар қандай болуы керек, жылдың қай мезігілінде формалардың қай түріне сұраныс болады. Шет-жағасын білеміз. Оның үстіне егер матасы мен өзге де қажеттіліктерін алып, өзіміз тігетін болсақ, таза пайда осынша шығады екен деп ойша есептеп те жүрдік. Себебі дайын тауардың үстіне қосып сатқаннан сол өнімді өзің өндіріп сатқанның пайдасы көбірек болады. Ол сол 2014 жылдар болатын. Сөйтіп жүріп Алматыдағы бүкіл шаруаларды реттестіріп, бәрін қойып, ішкі мақсат-жоспарларымызды жүзеге асырайық деген оймен Кентауға көшіп келдік.
El.kz: Үйде отырып алған ең алғашқы тапсырысыңыз қандай еді? Есіңізде ме?
Жазира Аймаханова: Әрине, есте болады. Орысша «портняки» деп жатады ғой, әскери етіктің ішінен киетін ақ орамды матадан жасалатын шұлық. Алғашқы тапсырыс сол шұлықтар бойынша келіп түсті. Содан соң ақ матадан жасалған, гигиеналық мақсатта тігілген, тон, мақта және жүн аралас біркелкі әскери киімнің тік жағасының артқы жағында және мойынға іргелес жатқан тар жолақ жағаларға тапсырыс түсті. Кейін әскери киімге қажетті басқа да дүниелерді тігіп көрейік деп сарбаздардың «берет», «пилотка» деген бас киім түрлеріне көштік. Содан кейін өзге де қажетті тігін машиналарын сатып алдық та әскери шалбар, костюм түрлерін тігіп бастадық. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе болды. Осылайша бар тапқан таянғанымызды жинақтай отырып, тігін машиналарының санын көбейттік, қызметкерлерді жұмысқа қабылдадық.
(Фото: Жазира Аймаханованың жеке мұрағаты)
El.kz: Жолдасым екеуміздің – ортақ бизнесіміз деп қалдыңыз. Ол кісі де осы саланың маманы ма? Киім тігу жағынан хабары бар ма?
Жазира Аймаханова: Жоқ, жолдасымның мамандығы – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Бірақ ортақ кәсіп болған соң қарап жүрмейді, матаны қырқу, пішу секілді ұсақ-түйек шаруаларды өзі атқара береді. Былайша айтқанда, тігінге ебі бар.
El.kz: Кез келген кәсіпкерден сұрасаңыз, белгілі бір қиындықты бастан өткергенін баяндап береді. Себебі кәсіп бастау бір бөлек те, оны дөңгелетіп әкету үлкен жұмысты талап етеді. Айтыңызшы, ал сіздер тігін цехын ашқандай қандай кедергілерге тап болдыңыздар және оны қалай жеңдіңіздер?
Жазира Аймаханова: Біз жолдасым екеуміз алдымызға белгілі бір мақсат қоя білдік және соған жету үшін бар күш-жігерімді салдық деуге болады. Әрине, алғашында қиындықтар болды. Тігін саласы оңай емес, дұрыс емес пішіп немесе тігіс жасасаң, шығынға батасың. Біз де алғашында шығынға батып жүрдік. Бірақ уақыт өте үйренесің. Бір жіберген қателігіңнен сабақ аласың. Мойымадық, тек алға ұмтылдық. Оның үстіне жолдасымның ағасы үлкен көмек көрсетті. «Барлық нәрсе бірден болмайды. Солай-солай үйренесіңдер» деп әрдайым қолдауын білдіріп отырды. Әлі күнге дейін бізге қол ұшын беріп жүр. Ол кісіге айтар алғысым шексіз.
El.kz: Кәсіп бастарда мемлекеттен кәсіпкерлерге берілетін қандай да бір қолдау алдыңыздар ма? Жалпы бұл бағыттағы мемлекеттік бағдарламаларға қалай қарайсыз?
Жазира Аймаханова: Шыны керек, біз кәсіпті таза өзіміздің жиған-тергенімізбен бастадық. Басында мемлекеттен көмек алу туралы аса ойланбадық, өйткені барлық қаражатты өз күшімізбен жинап, ең қажетті деген техникаларды алып, біртіндеп кәсіпті дамыттық. Дегенмен, уақыт өте келе мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге түрлі қолдау бағдарламалары бар екенін түсіне бастадық. Соның бірі – «Даму» қоры арқылы кәсіпкерлікті қолдау саясаты аясында төмендетілген пайызбен несие алу мүмкіндігі. Былтыр жазда осы бағдарлама бойынша 20 млн теңге көлемінде несие алдық. Бұл біз үшін үлкен көмек болды, себебі оған тігін өндірісіне аса қажет, қуатты жаңа техника сатып алдық. Ол бір мезетте он екі тігісті қатар жүргізе алатын заманауи құрылғы. Яғни, он екі киімді зыр етіп жүргізуге болады. Мұндай техниканың көмегімен біз өнімділікті арттырып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік алдық.
El.kz: Мемлекеттік бағдарламаларға қатысу процесі қаншалықты қиын болды?
Жазира Аймаханова: Мемлекеттік қолдау алу процесі біраз уақытты алады, бірақ нақты талаптарды орындасаңыз, қиын емес. Біз алдымен «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорына жүгіндік. Онда бізге қажетті құжаттардың тізімін беріп, бизнес-жоспар құру бойынша кеңестер ұсынды. Барлығын дұрыс құжаттап, тиісті талаптарға сай келсеңіз, жеңілдетілген несиені алуға болады.
El.kz: Алдағы уақытта мемлекеттің қолдауына тағы да жүгіну жоспарларыңызда бар ма?
Жазира Аймаханова: Әрине, егер жаңа мүмкіндіктер туып жатса, мемлекеттің бағдарламаларына тағы да қатысқымыз келеді. Қазіргі басты мақсатымыз – өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа тігін машиналарын алу. Егер бізге тағы да тиімді несие немесе мемлекеттік грант алу мүмкіндігі берілсе, бұл қаржыны қосымша құрал-жабдықтарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жұмсар едік. Сондықтан мемлекеттен қолдау алуға әрқашан дайынбыз және кәсіпкерлерге арналған бағдарламаларды үнемі бақылап отырамыз.
El.kz: Бүгінде 30-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр екенсіздер. Тігіншілерді жұмысқа аларда міндетті түрде кәсіби мамандығына, тәжірибесіне қарайсыздар ма? Жалпы қандай критерийлерді негізге аласыздар?
Жазира Аймаханова: Шыны керек, біздегі қызметкерлердің барлығының қолында дипломы бар маман дей алмаймын. Кейбіреулер арнайы білім алмаса да, тігінге өте икемді келеді. Басым көпшілігі үйде бала тәрбиесімен отырып, қолынан іс тігу келетіндіктен бізге келгендер. Оларды біз жұмысқа аларда бірінші кезекте қызығушылығына, жұмысқа деген құштарлығына қараймыз. Егер ебі байқалса, 1-2 аптада барлығын өзіміз оқытып үйретеміз. Айтпақшы, бізде тек әйелдер емес, ер азаматтар да бар. Олар негізінен мата қию, пішу сияқты жұмыстармен айналысады. Ал жас ерекшеліктеріне келсем, әртүрлі. Жастар да, орта жастағылар да бар. Бір тігіншіміз зейнет жасына жақындап қалды.
El.kz: Жұмысшыларды басқа цехтарда немесе өзге қалаларда оқыту, біліктілігін арттыру шаралары бар ма?
Жазира Аймаханова: Әзірге бұл тәжірибені енгізе қоймадық. Барлығын өзім үйретіп отырамын. Болашақта жұмысшыларымыздың кәсіби біліктілігін арттыру үшін арнайы оқыту бағдарламаларын енгізу, тігіншілерімізді өзге қалаларға тәжірибелерін шыңдауға жіберу ойда бар. Себебі заман талабына сай жаңа технологияларды меңгеру - өте маңызды.
(Фото: Жазира Аймаханованың жеке мұрағаты)
El.kz: Білуімізше, бүгінде әскери киімнің 20-ға жуық түрін тігіп шығарады екенсіздер. Басқа да киім үлгілерін тігу жоспарда жоқ па?
Жазира Аймаханова: Әскери киімдер болғанда оның ішіне тек әскерилердің емес, ішкі істер органдарының, төтеншеліктердің, сонымен қатар түрлі жұмысшы мамандықтарының киімдері де бар. Бізден көбі «Әскери киім тігу қиын емес пе? Тігісі, қалталары, түймелері көп қой» деп сұрап жатады. Білмеймін, өзіміз о баста содан хабарымыз болған соң нар тәуекел деп бастағанбыз. Оның үстіне бізге тігіп шығарған өнімімізді жан-жаққа өткізіп беретін сенімді адамымыз болды. Жоғарыда айтып өткенімдей, жолдасымның ағасы біздің киімдерімізге тапсырыс беріп, Алматы арқылы Қазақстанның түкпір-түкпіріне жеткізіп беріп отырды. Әлі күнге дейін солай, осыншама тапсырыс бар деп хабарласады, біз дереу сол сұранысты орындаймыз. Қазір киім тігіп шығару алғашқыдай емес, кішкене жеңілдірек десем болады. Себебі жағаның ұзындығы қанша сантиметр болу керек, қалта қайда тігілу керек, қанша түйме болу керек деген сияқты мемлекеттік стандарттардан хабарымыз бар. Эскизді ойдан сызып, тігіп отырмаймыз. Бәрі дайын. Қызметтік форма болғаннан кейін ол белгілі бір Жарғымен бекітіледі. Дегенмен кейде мына тұсы осылай тігілсе, ана тұсында осы бір жіп қолданылса деп тапсырыспен тіккізетіндер де бар.
El.kz: Негізі өзіңіз басқа да киім үлгілерін тіге бересіз бе? Әскери формаларды тігіп шығару қарапайым көйлек, жейделерді тігуден несімен ерекшеленеді? Бәлкім уақыт көп жұмсалады ма? Айтып беріңізші, бір тігіншінің бір қызметтік форманы тігіп шығуына неше уақыт кетеді?
Жазира Аймаханова: Иә, әрине, кәсіби дизайнер болған соң кез келген киім үлгісін тіге аламын. Бірақ әзірге тапсырысқа қарай тек осы әскери формалармен шектеліп отырмыз. Ерекшелік дегенге келер болсам, әрине, қызметтік киім болған соң белгілі бір қиындықтары болады. Жұмсалатын уақыт та кішкене ұзақтау. Орта есеппен алып қарайтын болсақ, бір форманы тігіп шығуға 40 минут пен бір сағат уақыт кетеді.
El.kz: Тігін маталарын, фурнитуралар деген сияқты қажетті заттарды қайдан алдырасыздар?
Жазира Аймаханова: Қазіргі таңда Қырғызстанмен, Қытаймен жұмыс жасап жатырмыз. Мата деген сияқты ұсақ-түйек қажеттіліктерді сол жақтан алдырамыз. Оған қоса Белоруссиядан келетін заттар да бар.
El.kz: Цехта бір күнде қанша киім тігіп шығарасыздар? Жылдың қай мезгілінде сұраныс артады?
Жазира Аймаханова: Тігіп шығатын киім саны ол тапсырысқа тікелей байланысты. Орта есеппен алатын болсам, күніне шамамен 90-100 дана киім тігеміз. Көктем мезгілінен бастап сұраныс арта түседі. Сол кезде тапсырыс та бұйыртса көбейеді деп күтіп отырмыз. Қазірдің өзінде тапсырыс қабылдап жатырмыз.
El.kz: Тапсырысты мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асырасыздар ма?
Жазира Аймаханова: Әзірге ол жүйеге кіре қоймадық. Қазір сол бойнша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бағымызды сынап көрсек дейміз.
El.kz: Шығарған өнімді өткізе білу де үлкен жұмысты қажет етеді. Бұйымдарды жарнамалау ісі қалай жүргізілуде?
Жазира Аймаханова: Әзірге жарнама жағына аса көңіл аударып жатқан жоқпыз. Қазір тек сол тапсырысты жүзеге асырудамыз. Жолдасымның ағасы тапсырыс берушілердің бұйымтайын жеткізіп отырады. Жақсы тұсы болса, оны айтады. Қандай да бір кемшілік анықталса, оны да жасырмайды. Алла қаласа, аяқтан тік тұрып, бизнесіміз кеңейген соң жарнама жағын қолға алсақ деп отырмыз.
El.kz: Кентау - шағын ғана қала, Алматы сияқты мегаполис емес. Осындай жерде бизнесті жүргізудің қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар?
Жазира Аймаханова: Ең алдымен артықшылығы деп кететін шығынды айтар едім. Жұмсалатын шығын алып шаһардағыдай көп емес. Мәселен, үлкен қалаларда бизнесті бастағысы келетіндер көбіне ғимарат жағынан қиналады. Себебі оны жалға алу құны шарықтап тұр. Бізде шүкір, ғимарат өзіміздікі, оған шығын жұмсалмайды. Онымен қоса құжат рәсімдеу жағынан да уақытты үнемдейсің. Алып шаһарларда ұзын-сонар кезек болады, барып-қайту жолыңа да уақыт кетеді. Тағы бір ерекше атап өтерлігі, кішкентай қала болған соң бәсекелестік те аз болады. Бізде шағын-шағын тігін шеберханалары жетерлік, бірақ біздікі сияқты соншама адамды жұмыспен қамтып, тапсырыс көлемі үлкен цехтар аз. Ал кемшіліктеріне тоқталсам, жұмысшы көзін табуда қиындықтар кездеседі.
El.kz: Сонда шағын қалаларда тігіншілікке деген қызығушылық жоқ па?
Жазира Аймаханова: Енді қызығушылық дегенге келмес. Мәселен, жұмыс іздеп бізге келеді, біз саланың қыр-сырын үйретіп, көрсете бастаймыз. Бірақ жұмыс іздеп келген адам 1-2 күн келіп жүреді де келмей қояды. Басқа жұмыс тапқанын айтады, кейде қолымнан келмейді екен дейтіндері бар. Бәлкім көңілінен шықпайтын шығар.
El.kz: Бәлкім жалақы аз шығар?
Жазира Аймаханова: Жалақы аз деп айта алмаймын. Біздегі әр қызметкердің өзіне жүктелген міндеті бар. Олардың әрбіріне тапсырыс түскен киімнің белгілі бір бөлігін тігіп шығару бекітілген. Мәселен, бірі қалтасын қондырса, екіншісі жағасын тігеді деген сияқты. Ал жалақы сол тігіп шыққан өнім санына қарай төленеді.
El.kz: Шағын қалада бәсекелестік аз деп қалдыңыз. Дегенмен басқа өңірлердегі тігін цехтарының жұмысын бақылап отыратын шығарсыздар?
Жазира Аймаханова: Әрине, онсыз болмайды. Қалай тігеді, қандай өнімге сұраныс көп дегендерді қарап отырамыз. Кейде өзіміз тігіп шығарып жатқан өнімімізбен салыстырып та аламыз. Бұл таза тәжірибе жинақтау ғой.
El.kz: Жалпы елімізде әскери киім нарығында бәсекелестік жоғары ма?
Жазира Аймаханова: Иә, әскери киім нарығында бәсекелестік жоғары. Бірақ біз сапа мен қолжетімді баға ұсыну арқылы өз орнымызды қалыптастырып келеміз. Әскери киімнің ең басты талабы – беріктік, ыңғайлылық және стандарттарға сай болу. Сондықтан біз сапалы маталарды таңдап, тігін процесінде қатаң бақылау жүргіземіз. Бұл біздің басты артықшылығымыз деп есептеймін.
(Фото: Жазира Аймаханованың жеке мұрағаты)
El.kz: Тігіншілік – аса бір шыдамдылықты талап ететін мамандық. Былайша айтқанда, «инемен құдық қазғандай» сабырлық қажет. Бір бұйымның артында қаншама көз майын тауысып істейтін үлкен еңбек жатыр. Сондай сәтте шаршауды қалай жеңесіз? Оның үстіне төрт баланы тәрбиелеп отырсыз. Бала тәрбиесімен қатар бизнесті қатар алып жүру қиын емес пе?
Жазира Аймаханова: Негізі кез келген саланың өзінің қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Бірақ өзім жан дүниеммен осы салаға қызыққандықтан шаршау дегенді аса сезіне бермеймін. Қандай да бір киім тігерде бүкіл әлемді ұмытып, бүкіл назарыңызды сол іске аударасың.
Біз ата-ененің қолында тұрамыз. Жастары жетпістен асқан, зейнеттегі адамдар. Бала тәрбиесінде сол кісілер қолғабыс болып отырады. Оның үстіне балалардың алды есейіп қалды. Үлкен ұлым 14-те, одан кейінгі қызым 13 жаста. Кіші қызым 8-де, кенже ұлым 6 жаста.
El.kz: Балаларыңызды арасында қазірден бастап қолынан ине мен жіпті тастамай, сіздердің жолдарыңызды қуамын дейтіндері бар шығар?
Жазира Аймаханова: Үлкенім ұл болғандықтан тігінге қатысты ойын ортаға сала бермейді. Үлкен қызым кейде ара-тұра айтып қалғанымен, аса қызығушылық танытпайды. Қалған екеуі әлі кішкентай. Перзенттерім қандай мамандық таңдаймын десе, әкесі екеуміз қос қолдап қолдаймыз. Өйткені балалардың өздеріне ерік береміз деп отырмыз.
El.kz: Көп тігіншілерден қолынан тігін келетін қыз-келіншектер үйден шықпай-ақ табыс табуға мүмкіндігі мол дегенді естіп жатамыз. Келісесіз бе? Нендей кеңес берер едіңіз?
Жазира Аймаханова: Иә, толықтай келісемін. Өзімнің тәжірибемде бір әпкем болды. Ол біздің цехта тігінші болып жұмыс істеді. Кейін декреттік демалысқа шығып, бала тәрбиесімен үйде отырды. Ол кісіге «Үйден шағын болса да шеберхана ашып, қыз жасауын, құрақ көрпе мен көрпешелерге тапсырыс қабылдап отырмайсың ба?» деп кеңес бергенім бар. Өйткені қолынан іс келіп тұр. Үйде отырып-ақ табыс табуға не кедергі? Ол кісі көп ойланбастан, істі бастап кетті. Бүгінде тапсырыспен тігін тігеді. Одан кейін тағы бір келіншек болды. Ол да декреттік демалысқа кетті. Өзі көпбалалы ана. Алтыншы перзентін босанған. Ол әйел де бүгінде көрпе мен көрпешелерді, перделердің түр-түрін тапсырысқа қабылдап, үйінде кәсібін дөңгелетіп, нәпақасын тауып отыр. Сондықтан қолынан тігін тігу келетін, ебі бар, үйде отырған қыз-келіншектерге кеңес ретінде айтарым, шалбардың балағын қысқартып берсеңіз де үйде отырып табыс табуға болады. Тіпті болмағанда базарлардан дүңгіршек ашып, тігін ательесін дөңгелетуге болады. Негізігі тігіншілік деген өлмейтін мамандық қой. Таза жұмыс, аса бір физикалық күшті те қажет етпейді. Еткен еңбегін де бағаланады.
El.kz: Алдағы жоспарларыңызбен де бөлісе отырсаңыз...
Жазира Аймаханова: Әрине, кез келген кәсіпкер кәсібін одан әрі дамытуды қалайды. Біз де өндірісімізді кеңейтуді мақсат етіп отырмыз. Алдағы уақытта бушлат сияқты қыстық сыртқы киімдерге өтсек дейміз. Сол бойынша тәжірибе жинақтап, кәсіпті кеңейтуді, жұмысшы санын арттырсақ деп отырмыз. Кәсібімізді жаңа деңгейге көтергіміз келеді.
El.kz: Кәсіп бастағысы келетіндерге немесе кәсібін дамытқысы келетіндерге не айтар едіңіз?
Мен кәсіпкерлерге кеңес ретінде айтарым – мемлекеттен қолдау іздеуден қорықпаңыздар. Қазір елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған көптеген бағдарламалар бар. Әрине, әр кәсіптің өз қиындықтары болады. Бастапқыда қаржы тапшылығы, тәжірибенің аздығы сынды кедергілер болады. Бірақ уақыт өте келе бәрін еңсере аласыз. Кәсіпті жаңа бастағандарға айтарым – қиындықтарға мойымау керек. Бастысы – ниет пен еңбек.
El.kz: Ендеше дөңгелетіп отырған кәсіптеріңіз дами берсін! Сұхбатыңызға көп рахмет!
