Тезек, Қаңлы және Үйсін
Б. з. б. 48-44 жылдары Үйсін, үлкен саясаттың жалғасы болар, Тезекке тірек болып, оны таяуға шақырып отырған Қаңлыға да бірнеше рет шабуылдайды. Келесі - б. з. б. 43 жылы Тезек Қаңлы ханының ұсынысы бойынша, Талас бойына ордасын көшіріп əкеледі жəне астана қылмаққа Тараз қаласын салдыра бастайды. Əрі Қаңлымен бірлесіп Үйсінге жиі тиісіп тұрады. Бірақ оны өзіне қоса алмайды.
Алайда, оның арты Тезек пен Қаңлы ара “бал айының” бұзылуына соғады. Белгісіз себептен (Хəн жылнамаларынша болғанда, Тезектің өркөкіректігінен, Қаңлыға құрметсіздігінен, кей ғалымдар болжалынша, араға от жағып, Тезекті оқшаулап құрту үшін жасалған сыртқы қулықтан) араларына от түсіп, ол ауыр қайшылыққа ұласады. Бір ашуланған сəтінде, Тезек өзі алған Қаңлы ханікесін, оған ере келген адамдарымен қоса, қырып салып, мəйіттерін боршалап, Талас дариясына тастатады.
Б. з. б. 36 жылы Хəннің Батыс Өңір басқағы Ган Яншоу мен оның орынбасары Чын Таң (іс жүзінде Чын Таң патшаға айтпай, патша атынан өзі өтірік жарлық шығарып, оған басында көнбеген Ган Яншоуға қарумен қысым жасап, Такламакан маңайындағы бағынды қалалық хандықтарынан қол жиып), Тараздағы Тезекке тұтқиыл тиіседі. Тезек алғашында қаланы тастап шығып кетуге оқталады. Бірақ далаға шыққан оны, келе жатқан Хəн қолы түгіл, екі жағындағы Қаңлы мен Үйсін де оңдырмау ықтималдығы бар-ды. Соны ойлап, алыстан шаршап келген Хəн қолы қайте қояр дейсің деп, қалада тұрып қорғануға бекиді. Сұрапыл соғыста, басым күшпен жеңген Чын Таң оны өлтіріп, ордасын ойрандап кетеді.
Өңкейдің ұлы Сең б. з. б. 33 жылы өлгесін, орнына Сеңнің ұлы Цыли(Селет) ұлыкүнби болады. Əкесіне қарағанда билігін қатайтқан осы Цыли күнби. Соның бір мысалы, ол кезде жай бұқараның кей мықтылары тіпті “күнбидің жайылымын да иемденіп кететін, басқа ақсүйектер бірінің жерін бірі басып алатын, қосып əкететін жайттар үнемі кезігіп тұрушы еді. Цыли күнби мемлекеттік билік күшімен жарлық жариялап, жайылымды меншіктену, пайдалану құқығын қорғайды. Күнби əулетінің жайылымына қол сұғуға, оған мал түсіруге, бірін-бірі бұлап-талауға тиым салады. Күнбидің ең жоғарғы меншік құқығын кепілдендіреді. Сондай-ақ, əр дəрежелі ақсүйектер арасындағы қайшылықты қалайда бəсеңдетіп, қоғамды біршама тыныштандыру арқылы, ел ортасында Оңғай би заманындағыдай тыныштық орнаған тамаша жағдай туғызуға мүмкіндік əзірлейді”.
Өжет өлгесін, орнына ұлы Бөрі (Фули) шығады. Үш жылдан соң, б. з. б. 30 жылы, Бөріні хəншіл болып кеттің деген өз інісі Рыер өлтіреді де, кіші күнби болу үшін жалғасты ұмтылады. Оның алдында, Дуан Хуйзұңды қоршап алып, недəуір қысым жасайды. Бөрінің орнына хəндер (үш жылдың алдында Батыс Өңірге басқақ болып тағайындалған, бұл жолы Үйсінге елші болып келген Дуан Хуйзұңның ақылы бойынша), Рыерді емес, Анетті (Əнріні)шығарады. Б. з. б. 30 жылы таққа шыққан Бөрінің ұлы Əнрінің (Анеттің) күшейгенін көргесін, Дуан Хуйзұң өзіне илікпеген соң, Рыер Қаңлыға қашып кетеді. Хəн əулетінің əскерлері бұйрық бойынша, Ақсудан тың игеріп, оны жазалауға жабданады. Бірақ ол əскерлерсіз-ақ оның көзі жойылады. Оны Əнрі өзіне адал Гумони сықылды үшеуді Қаңлыға жасырын жіберіп өлтіртеді.
Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"