Жаңалықтар

Термин – тілдің тағдырлы мәселесі

Құрметті конференцияға қатысушылар! Бүгінгі жиынның тіл білімі саласындағы аса бір өзекті мәселені қарап отырғанына дау жоқ.
01.03.2014 10:33 8627

Құрметті конференцияға қатысушылар! Бүгінгі жиынның тіл білімі саласындағы аса бір өзекті мәселені қарап отырғанына дау жоқ.  Сол себепті  терминологиямен айналысып жүрген маман болмасам да күн тәртібіндегі мәселе жөнінде кейбір өзіндік  ойымды ортаға салсам деймін. Артық-кемі болып жатса, шынайы пікірімді дұрыс түсініңіздер.

Нақтылағанда  сөзімді бір-ақ мәселенің төңірегіне құрғым келеді.

Ол – мемлекеттік жүйеде Мәдениет және ақпарат министрлігі аясында  Термин проблемасымен арнайы айналысатын Комитет құрудың қажеттігі туралы. Бұл бұрын-сонды кем көтерілген жоқ. Біздер мұны депутат болған кезімізде де осы жөнінде айтқан болатынбыз. Бірақ атқарушы билік құлақ аса қоймады.

Әлемде мұндай тәжірибе жоқ емес. Кезінде халқының құрамы жағынан күрделі Малазия елі өз тіліне қалай мемлекеттік мәртебе бере алды екен деген сұраққа жауап іздеген кезімізде бұл мәселені елде аса маңызды мемлекеттік іс деп қарап, сан салалы нақты шаралардың ішінде арнайы терминком құрып, толып жатқан терминдік сөздіктер шығарғанын білген едік.

Рас, бізде қоғамдық негізде мемлекеттік терминологиялық комиссия бар. Бүгінгі нарық жағдайында қоғамдық жұмысты түсіне қою біздер үшін онша қиын болмағанымен, басқалар ұғына қоймас. Және бұл мұндай жұмыс формасына беріле салатын оңай-оспақ дүние емес.

Термин мәселесімен айналысатын мемлекеттік орталық құрудың қажеттігінің бірнеше себептері бар. Біріншіден, біз бүгін кешегі кеңестік кезеңнен түрі жағынан да, мазмұны жағынан өзгеше қоғам, нарыққа негізделген қоғам құрып отырмыз. Нарық қоғамның барлық саласына етене еніп алды. Бұл, әрине, жаңа терминдерді ендіруге алып келді. Бұрын ести қоймаған, әуелі кезде құлаққа жаға да бермеген сөздерді ести бастаған едік. Қазір оған үйрендік. Бұл заңды.

Екіншіден, қоғамымыздың жаңа саяси сипаты да жаңа саяси терминдер алып келіп отыр. Саяси жүйе, саяси режим, саяси билік, саясат субъектілері, т.т терминдер мен сөздер күнделікті қолданысқа айналды.

Үшіншіден, жаһандану процесі де жаңа ұғымдар алып келіп жатқанын естен шығаруға болмайды.

Төртіншіден, тіл - тірі организм. Ол дамуына тұрақты қамқорлық жасап отырғанды қалайды.

Термин жасаудың толып жатқан жолдары бар екені сіздерге белгілі. Соның бір саласы халықаралық қолданыстағы терминдерді өз тілімізге ендіру. Алайда осы тұста ескертетін бір қағида бар. Қазақ терминологиясының негізін салған, ғұлама ғалымдарымыз Ахмет Байтұрсынов, Құдайберген Жұбановтардың халықаралық терминдер қазақ тіліне аударылғанда аударма түп мағнасын дәл бермесе, онда терминді сол күйінде алу туралы қатаң ескерткен болатын. Біз бұл өсиеттерді жиі естен шығарамыз. Мәселенің байыбына бармай, аударуға құмарлық басым. Бір мысал келтіре кетейік.

Кейінгі кезде бұқаралық ақпарат құралдарынан, әсіресе теледидардан түспейтін «сыбайлас жемқорлық» (коррупция) деген сөздер бар. Осы «коррупция» термині қазақ тілінде дұрыс аудармасын тапты дей алмаймын. Біріншіден,

Ең негізгісі мағына алшақтап кетті. Ірі мәселе ұсақталды.

«Коррупцияның» латын сөзінен шыққанын білесіздер. Ол лауазым иелерінің, қоғам және саяси қайраткерлердің параға сатылғыштығы деген мағынада санамызда көптен қалыптасқан еді. Ал енді «сыбайлас жемқорлық» сөз тіркесі осы ұғымды толық ашады ма? Коррупционерді сыбайлас жемқорлар тобына жатқыза алсақ, сыбайлас жемқорлардың барлығын коррупционерлер дей аламыз ба? Соңғы терминді ендіре отырып, біз қылмыстың негізгі субъектілерінен алшақтап кеткен жоқпыз ба? «Үлкен заңдық энциклопедиялық сөздікте» «Коррупция (лат. соrruрtіо - подкуп) – сращивание государственных структур со структурами преступного мира в сфере экономики, а также продажность и подкуп политических и общественных деятелей, государственных чиновников» делінген. Ал «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның 2 - бабында былай деп жазылған: «1. Осы Заңда мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын адамдардың, сондай-ақ соларға теңестiрiлген адамдардың лауазымдық өкiлеттiгiн және соған байланысты мүмкiндiктерiн пайдалана отырып не мүлiктiк пайда алу үшiн олардың өз өкiлеттiктерiн өзгеше пайдалануы, жеке өзi немесе делдалдар арқылы заңда көзделмеген мүлiктiк игiлiктер мен артықшылықтар алуы, сол сияқты бұл адамдарға жеке және заңды тұлғалардың аталған игiлiктер мен артықшылықтарды құқыққа қарсы беруi арқылы оларды сатып алуы сыбайлас жемқорлық деп ұғынылады». Көріп отырғанымыздай, сөйлемнің құқықтық және лингвистикалық жағынан шұбалаңқы, түсінікке ауыр екенін былай қойғанда, энциклопедиялық сөздікпен салыстырғанда Заңда сыбайлас жемқорлықтың  субъектілері әлдеқайда әлсіреген. Оны «мемлекеттік міндеттерді атқаратын» дей салған. Бәлкім, Заңды дайындағандар саяси және қоғамдық қайраткерлердің оңайлықпен ұсталмайтынын күн ілгері білген шығар. Сонан соң осы «коррупцияны»  «сыбайлас жемқорлық» деп аударып, ежелден «шектес, жақын, көршілес, қатарлас» деп жақындықты танытатын сөздеріміздің синонимі болып келе жатқан «сыбайласты» жағымсыз мағынадағы құқықтық терминге пайдаландық. Енді қазір бұл сөз жұрттың зәресін алатын ұғымға айналды.

«Коррупция» терминін қазақ тіліне аударғанда оның өзінің негізгі ұғымына сәйкестігі, бір мағыналылығы, халықаралық деңгейде қолданылатындығы ескерілмеді. Осыларды ескергенде коррупция сөзін аударудың тіпті қажеті жоқ еді. Оны сыбайлас жемқорлықпен ауыстырамыз деп  терминнің

түп-төркініндегі мағынасын жоғалтып алдық. Қазір кез келген екі-үш адамның арасындағы түкке тұрмайтын келеңсіз ақшалық қарым-қатынасты коррупцияға жатқыза саламыз. Сөйтіп кейбір бейбақтар шатылып, құқық қорғау орындарына алған ақшасынан зорын беріп құтыла алмай жүр.

Тағы бір мысал. Атам заманнан келе жатқан «лекция» сөзін «дәріс» деп аудардық. Ал енді осылардың мағынасына қараңыздаршы. Елеулі айырмашылық бар. Дәріс сөзінде тәрбиелік мән басым. 1999 жылы шыққан «Қазақ тілінің сөздігінде» «дәріс» сөзіне мынандай түсініктеме беріліпті: «Дәріс – арнаулы оқыған сабақ, лекция». Солай дейді де, оған мынандай мысал келтіріледі: Әуезовтей ұлағатты ұстаздан дәріс алдық.(А.Нысаналин). Бұл арада автор лекция тыңдадық деп тұрған жоқ. Тәрбиелі әңгімені айтып отыр. Ендеше лекцияны дәріс деп аударғанымыз дұрыс па? Егер осындағы дәріс сөзінің мағынасына қарасақ ол лекция емес. Әуезовтей ұлағатты ұстаздан лекция алдық дегенді қабылдай қою қиын. Екіншіден, лекцияның бәрін дәрісті деп айта аламыз ба? Мен класты сынып деп аударғанды да осы күнге дейін қабылдай алмай жүрмін.    

Келесі бір мәселе – сөздіктердің терминдік рөл атқаратынын да ескеру керек сияқты. Көптеген әдеби тілде аударылмай қалыптасқан халықаралық терминдерді қазақ тілінде сол күйі пайдалану дұрыс болар еді. Мысалы, Қалдыбай Бектаевтың «Үлкен қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздігінде» революция сөзі қазақшаға «революция және төңкеріс» деп аударылған, қайсысын пайдалану керек? Мұндай мысалдар ондап, жүздеп, мыңдап саналады. Мағынасына келгенде екі сөз екі басқа.  Революция қоғамдағы түбірлі өзгерістерді білдірсе, төңкеріс негізінен биліктің еріксіз ауысуын  танытады.

Қызылорда пединститутында оқып жүрген кезімізде белгілі тіл маманы Мәулен Балақаев келіп, лекция оқыды. Біздер сұрақ арасында кейбір сөздердің әртүрлі жазылуы туралы  сұрадық. Ол кісі: бұл сөз туралы менің пікірім басқаша болуы мүмкін, сіздер оған қарамаңыздар, сол сөз орфографиялық сөздікте қалай жазылған, соны басшылыққа алыңыздар, өйткені ол үкіметтік ұйымдар келісім берген ұжымдық еңбек деген еді.  Ал бүгін сөздерді жазуда бірізділік жоқ. Мұның бәрі тілдің еркін дамуына белгілі бір дәрежеде кедергі келтіреді. Мысалы, 2001 жылы  А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты шығарған «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде» әр түрлі сөзі бөлек жазылған, бұл сөз бұқаралық ақпарат құралдарында бірге жазылады. Ал біз қалайша жазамыз?

Шетелдерде оқытылғанына ондаған жыл болған, бізде жоғары оқу орнында тәуелсіздік жылдары ғана оқытыла бастаған «Социология» (Әлеуметтану) деген пәннің барын жақсы білесіздер. Осы атау осы күнге шейін ресми түрдің өзінде екі тілде қолданылады. 2007 жылы шыққан жап-жақсы «Әлеуметтану негіздері» деген оқулықта автор барлық тақырыптық бөлімдерде «Әлеуметтану» сөзін пайдаланады да, ал 3, 7, 10 және 11–інші «Социологиялық ойдың тарихи дамуының негізгі кезеңдері», «Қоғамды біртұтас әлеуметтік жүйе ретінде социологиялық талдау», «Қоғамның рухани өмірінің социологиясы. Мәдениет және қоғам» және «Жеке тұлға социологиясы» атты тақырыптарда «әлеуметтану» терминінен аунап шыға келеді. Әлеуметтану пәнінен сабақ беріп жүрген маман-оқытушылардың көбісі әлеуметтану сөзін менсіне бермейді. Бұл арада олардың мемлекеттік тілге деген қатынасы да байқалады. Меніңше, «әлеуметтану» деген сөзден  әсте қашуға болмайды. Бұл термин пәннің мәнін толық ашады.

Социологияның түп-төркіні латын тіліндегі soci(еtас) - қоғам деген сөзден шыққан. Ал бұл ғылым қоғамнан гөрі соны құрап отырған әлеуметті (халықты, жұртты) зерттейді. Ал әлеумет сөзі қолданыста ертеден бар. Осыны назарға алсақ, әлеуметтану нағыз өз мағынасына дәл келетін пән. Сол себепті қоғамтану мен әлеуметтанудың арасында принципті айырмашылықтар бар екенін ескермеуге болмайды.

Термин мәселесімен айналысатын арнаулы комитеттің алда қажеттігіне тағы бір дәлел келтіре кетсем. Осы университеттің бір топ ғалымдары мемлекеттік тіл туралы Заң жобасын дайындағандарынан хабардар боларсыздар. Күндердің-күнінде Парламентте осы жоба қабылданып жататын болса, қазақ тілінің шын бақытты күні туады. Онда қазақ тіліндегі терминмен айналысуды қоғамдық негізде емес, мемлекеттік дәрежеде жүзеге асыру қажет болады.

Меніңше, терминология сөздік жасау жұмысымен де тығыз байланысты. Кейінгі кезде әртүрлі сөздіктер жасалуда. Және ол  жеке мекемелік дәрежелерде жүзеге асуда. Жеке жақсы бастамаларды қолдау керек, оған мемлекеттік мән берген жөн.

Жақында маған Алматыда бір достым авторлық бірлікте дайындалған «Спорт атауларының қазақша – орысша сөздігін» сыйлады. Кітап екі бөлімнен тұрады. Екінші бөлім «Русско-казахский толковый словарь спортивных терминов» деп аталады. Егер Терминком болмаса термин проблемасымен айналысатын арнайы орталық болып жатса, мұндай жеке бастамаларға қамқорлық жасап, оларды республика халқының қолы жетерліктей данада басып шығарар еді.

Бұлардың барлығын айтқанда мен осы кезге дейінгі мемлекеттік терминологиялық комиссияның қыруар жұмысын жоққа шығармын келіп отырған жоқ. Егер бұл анда-санда бір жиналатын комиссия болмай, штаттық әрі тұрақты негізде қызмет ететін белгілі бір мемлекеттік орталық болып жатса, табысымыз бұдан да мол, жұмысымыз  әлдеқайда жемістірек болар еді.

Міне, осылардың барлығын айта отырып, термин жасау тіліміздің - күрделі де тағдырлы мәселесі, бұған ерекше мемлекеттік қамқорлық керек деумен сөзімді аяқтағым келеді.

     //Современная терминология: состояние и перспективы. Материалы Мездународной научно-практической конференции, 17-19 апреля 2008года, Република Казахстан, Астана, 2008, 24-28 бб.

Үстіміздегі жылдың сәуірінің 3-інде «Ана тілі» газетінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі туралы» Заң жобасы басылды. Осыған орай жобаны дайындауға белсенді атсалысқан, газетіміздің авторларының бірі, саяси ғылымдарының докторы Әбдіжәлел Бәкірдің  ой-пікірлерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 Әбдіжәлел Бәкір: «Тіл тағдыры», 2013 ж.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға