Жаңалықтар

«Теріскей айналайын келбетіңнен». Созақтағы тарихи орындар

«Теріскей айналайын келбетіңнен». Созақтағы тарихи орындар
30.09.2021 16:10 7056

 

Созақ – өлкесінің тамаша тарихы бар, киелі мекен, алғаш исламның нұры төгілген қасиетті аймақ. Көне Жібек жолы бойындағы ескі Созақ, Шолаққорған, Бабата қалалары мен Ақсүмбе бекеті және Таңбалы тас жері ел тарихының тылсым сырын шертеді. Созақ өлкесі – қазақ елінің қара шаңырағы. Аудан 1928 жылдың қаңтар айында Теріскейді мекендеген 6 болыс ел мен Жылыбұлақ болысы негізінде құрылды. Аудан орталығы – Шолаққорған ауылы. Созақ топырағында Бабатүкті Шашты Әзіз, Ысқақ баб, Қарабура, Саңғыл би әулиелерінің кесенелері, Ақбикеш мұнарасы сияқты тарихи ескерткіштері бар.

 

 

 

Ысқақ баб кесенесі мен медресесі

 

 

 

Қазақ ауыз әдебиетінде, батырлар жырында Арыстан баб, Баба түкті Шашты Әзіз әулиелермен бірге аты аталып, тарыққанға таяныш, жабыққанға жұбаныш болған Ысқақ баб әулие кесенесі Созақ ауданы Бабаата елді мекенінде орын тепкен. Ысқақ бабтың сағанасына мешіт-мазар салуды 1883 жыл шамасында қолға алып, бір мезгілде мешіт қасынан медресе салуды да қолға алса керек. Бұл кешен салуды ойдағыдай жүргізу үшін Қаратаудың күнгей-теріскейіндегі алты болыс ел осы іске жұмылдырылған екен. 

Жалпы мешіт пен медресе құрылысы он жылға созылып, 1893 жылы аяқталғандығы туралы дерек бар. Бұл деректің дұрыстығын 1901 жылы Бабаатаға келген В. Колоссовскийдің: “Төменде өте әдемі мешіт тұр. Ол Түркістандағы Әзірет Сұлтан мешітінің үлгісі бойынша бар-жоғы осыдан сегіз жыл бұрын салынған” деген сөзінен де білеміз. В. Колоссовскийдің Түркістан үйірмесі Протоколының 1901 жылғы 3-санында бастырған мақаласында “Ысқақ баб сағанасына 1025 жыл болған” деген нақты дерек айтады. Демек, Ысқақ бабтың сағанасы 876 жылы салынған. Жергілікті тарихшылар А.Көлбаев пен Ә.Бабақұловтың деректеріне сүйенсек, сағана ІХ ғасырдың екінші жарьысының орта шешінде үш метрлік тас дуалмен қоршалған. Кейінірек Ислам діні тереңдей еніп, тамыр тартқан кезде сағананың үстіне мешіт-мазар салынса керек. Өйткені ғалымдардың жазбаларына сүйенсек, ортағасырлық Бабата қаласы орталық бекінісінің оңтүстік-батыс жағындағы рабаттардың бірінен мазардың қиранды орны табылған. Салыну композициясы мен кірпіштердің қалану ерекшеліктеріне қарай келіп, Г. Герасимов оны XVI-XVII ғасырларға жатқызады. Осы деректерді өзара салыстыра қарағанда қазіргі Ысқақ баб мешітінің орнында бұған дейін екі рет құрылыс салынған деген жорамал айтуға болады. Ысқақ баб кесенесі құлаған мазар орнына күйдірілген қыштан көтеріліп, ортағасырлық дәстүрлі композициялық үлгіде ХІХ ғасырда тұрғызылған. Ол тілеуетхана мен қабірхана бөлмелерінен тұрады. Үлгісі тікбұрышты, қос күмбезді етіп салынған. Құрылыстың астыңғы негізгі бөлмелері төртбұрышты. Кесенені зәулім биік етіп көрсетіп тұрған бас күмбез сегіз қырлы барабан үстіне салынған. Ысқақ бабтың қос порталды және күмбезді кесенесінің биіктігі 14 метр, ені 15 метр, ұзындығы 33 метр. Бес бөлмеден тұрады, екеуі жоғары қабатта. Ел арасындағы әңгімелер мен шежіре-аңыздарда, Ысқақ баб 120 жыл өмір сүрген. Оның 90 жылы соғыспен өтті. Ысқақ баб Исламды уағыздап, осы жолда бар өмірін сарп етіп, сол жолда қызмет еткен.

Баба түкті Шашты Әзіз кесенесі

 

Баба түкті Шашты Әзіз басына қойған белгісі мен қабірі Қаратаудың Теріскейінде, қазіргі Құмкент елді мекенінен 6 шақырым оңтүстік-батысындағы Жылыбұлақ жерінде. Алғашқы кесенені саллырған Құттыбай мен Бостан датқалар екен. Ол жайында ел арасында аңыз-әңгіме бар. Олар халықты ұйымдастырып, кесек құйып, шамамен 1916 жылдары сағана салдырған. Кейіннен замандар лебінен күйреген сол сағана үстіне күйдірілген кірпіш қаланып, төртбұрышты қабырға үстін жаңадан еңселі күмбезбен көмкереді. Баба түкті Шашты Әзіздің осы кесенесінің ішінде 1929 жылға дейін төрт бейіт болған екен. Қазір жаңа архитектурада екі мұнаралы, екі қабаттан тұратын күмбезді, әсем көріністі кесене бой көтерген. Жалпы биіктігі 16,5 метр. Астыңғы қабат үш бөлмеден - баба жатқан бөлме, мұражай бөлме және намазхана бөлмеден тұрады. Үстіңгі қабат бір бөлмеден тұрады, онда бабаның құлпытасы бар. Шашты Әзіз жайлы ел аузындағы аңыздар төмендегіше болып келеді. Алпамыс, Шора, Қобыланды, Төлеген мен Сансызбай сияқты батырлар мен бектерге күш пен білек сыйлаған өте құдіретті, киелі керемет иесі. Қазақтың, қала берді түркі елінің намысы мен бірлігін қорғаған әрбір адам әулиенің атын аузына алып, сиынған, сағанасына түнеген. Аңыз-әңгімелерде, ежелгі жыр-дастандарда Шашты Әзіз әулие өте көне заманнан келе жатқанын дәлелдегенмен Арыстан бабтан жолы кіші. Оны Алпамыс батыр жырындағы “Жам әулие жиылдық, бастығы болып Арыстан баб” деген жолдан байқаймыз. Бұл жерде перзент болатыны жөніндегі жақсылық хабарды жеткізуші әулие - Шашты Әзіз. “Баба түкті Шашты Әзіз - маңғыт Едіге батырдың түптегі тараған бабасы еді” деп сипаттама береді.

 

Бірінші аңыз: Шашты Әзіз VII ғасырда өмір сүрген. Ысқақ баб дін таратуға осында келгенде жергілікті ел “Сенің дінің біз ұстанған діннен несі артық, дәлелің бар ма?” деп сенімсіздік білдіргенде Шашты Әзіздің көмегімен дәлелдейді. Баба түкті әулиенің ол замандағы есімі Туклас дейді.

 

Екінші аңыз: Қарадан туып хан болған, Ноғайлы елінің маңғыт руынан шыққан Едіге ноғайлының биі, батыры бола жүріп, сонау Еділ бойынан үш рет осында арнайы зиярат жасап келіп, түнеген, Баба түкті әулиені өзіне түп бабасы санаған.

 

Үшінші аңыз: Оғыз заманындағы “Қорқыт ата” кітабында жазылғандай, Сыр бойын жайлаған Байбөрі бектің сиынған пірі болған аңыз кейіпкері.

 

Баба түкті Шашты Әзіз әкесіне тартып, түкті болған. Шашы тобығына түсіп, көбіне қысы-жазы жалаңаяқ жүретін, зор денелі, батыр тұлғалы екен. Әу бастағы азан шақырып қойған аты - Туклас. Бір деректерде Ықылас деп аталады. Жазушы Жұбатқан Мұратбаевтың Баба түкті Шашты Әзіз туралы қосымша мынадай жазба деректері бар: “Баба түкті Шашты Әзіз әулие 1292 жылы Сыр бойында дүниеге келіп, 1382 жылы тоқсан жасында Созақ өңіріндегі Жылыбұлақ деген жерде қайтыс болған. Уақытында жергілікті халық Жылыбұлақтан 80 шақырым Үш көкше деген жерден құм, сексеуіл алып келіп, құмды Жылыбұлақтың сазбалшығына араластырып илеп, кірпіш құйып, күйдіріп үлкен кесене салған”.

 

Қарабура әулие кесенесі

 

Қарабура әулиенің басына салынған кесенесі мен қабірі Қаратаудың теріскей жағындағы ежелгі Созақ шаһарының орнында. Ислам дінінің таралуына көп ықпал еткен, қазақ даласында Қарахан мемлекетінің орнығуына күш салған Қарабура туралы аңыз-әңгімелер ел ішінде көп кездеседі. Бірде оны оғыз-қыпшақ заманының айтулы тұлғасы, ардақты абызы десе, бірде Қожа Ахмет Иассауидің замандасы, Қараханид түркілер кезінде өмір сүрген дейді. Енді бірде Қорқыт атамен замандас етсе, келесі бір болжамда оны араб елінен арнайы алдырған ғұлама деген ой да айтылады. Тіпті өзбек ғалымдары Бұхрахан деп атап, Нұрата тауымен байланыстырады. Аңыз деректеріне қарағанда Қарабура “Түйем шөккен жерде дүниеден өтіп, жерленемін” деген екен. “Түйесі Созақ даласына келген уақытта шөгіп, осы жерге Қарабура қолындағы асасын қадап, дүниеден озыпты” деседі. Ол асатаяғы кейін көгеріп, үлкен ағашқа айналады.

 

Қарабура әулие өзінің әділдігімен, көріпкелдігімен, болжағыштығымен, ғажайып іс-әрекеттерімен қалың елді таңғалдырып ұйыта білген Қарабураны халық әулие деп атап кетеді. Қарабура әулие дүниетанымы мен өмірлік пәлсапасы Иассауимен үндес болып, олар бір-бірін қолдап, құрметтеп отырған. Сондықтан болар, замандасы қайтыс болар алдында жаназа шығаруды Қарабураға өсиеттеген. Қарабураның әулие атануы бір ғана қазақ елі емес, күллі түркі дүниесі мойындарлық рухани пір саналуы, атадан балаға осы уақытқа дейін жетуі, оның үлкен құдірет иесі екенін білдіреді. 1997 жылы Құрал Ержанов пен ғалым Әбдірахман Омбаев ұйытқы болып, Созақ жерінде Қарабура әулиенің зәулім кесенесі тұрғызылған. Кесененің жалпы аумағы 240 шаршы метрді құрайды.

 

Ақбикеш мұнарасы

 

 

 

Ақбикеш мұнарасы – Созақ ауданы, Ақсүмбе ауылының оңтүстік-батысындағы Қаратау қойнауынан бастау алған Ақсүмбе өзені аңғарының таудан шығаберісіндегі 200 метрдей биік жота үстінде тұрғызылған. Мұнараның іргетасы текше тастармен қаланып, жоғары жағы қамкесекпен өрілген. Мұнараның солтүстік-шығысында төбесіне шығатын есігі бар. Қар мен жаңбыр суынан, желден мұнараның оңтүстік-батысының тең жартысына жуығы мүжіліп құлаған. ХІІ ғасырда салынған деген дерек бар. Ақбикеш мұнарасының кезінде биіктігі 25 метр, ені 14 метр болса, бүгінде биіктігі 11 метр, ені 7 метр. Ел арасындағы әңгімелер мен жазба деректерде Ақбикеш мұнарасында төрт терезе мен төбесінде от жағып хабар беретін тегістік жай болған деседі. Өкінішке қарай, бүгінде екі терезесі ғана қалып, қалғандары табиғи апат салдарынан жойылған. Дәурен Әлмаханов деген азамат мұнара туралы жазылған деректерге шолу жасай келе: “Ақсүмбе мұнарасының биіктігі енімен салыстырғанда кем дегенде екі есеге жуық артық болған. Олай болмаған жағдайда Шараф ад-дин қолжазбасындағыдай “Ақсүмбе - Қарашық (Қаратау) тауының ең биік жотасында сорайып тұрған мұнара” болмас еді. Жергілікті аңыздар мұнараны жоңғар шабуылы кезінде салынған деп жориды. Бірақ тарихта мұнара Темір дәуірінен белгілі. Қонысбек Сералыұлы: “Ортағасырлық көне қала Ақсүмбені айтқанда, ойымызға ең алдымен Ақбикеш мұнарасы еске түседі. Дешті Қыпшақ даласын мұқият түрде биіктен қарап, бақылап отыру үшін Қаратаудың биік шыңына салынған қарауыл мұнарасы болғандығы туралы деректер бар. Сондай-ақ ел аузында Ақбикеш атты махаббаттың құрбаны болған ару қыздың тағдырымен байланыстыратын аңыздар да бар. Мұнараның ішіне кіріп, өрмелей көтерілетін есігінен, бірі батысқа, екіншісі солтүстік-шығысқа қарата салынған екі ойық-тесігі бұл ескерткіштің қазақ даласындағы көптеген соғыс салдарынан қауіпсіздікке байланысты салынған қарауыл мұнарасы дегенге де сәйкес келеді” дейді.

 

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға