Жаңалықтар

Теріс қылығы үшін жұмыстан босатылған мемлекеттік қызметкерлерге тағы бір мүмкіндік берілмек

Теріс қылығы үшін жұмыстан босатылған мемлекеттік қызметкерлерге тағы бір мүмкіндік берілмек
Фото: © El.kz 28.02.2024 11:11 1059

Мәжіліс Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Конституция нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Заң жобасының нормалары мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы қамтиды. 

Конституциялық сот «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңының мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін қызметтен босатылған азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруіне шексіз тыйым салуды белгілеу бөлігін Конституцияға сәйкес емес деп таныды. Бұл орайда Конституциялық сот заңда мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы құқық бұзушылықтар үшін тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шараларынан туындайтын құқықтық шектеулердің сай келмейтінін атап көрсетті, - деді Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай. 

Осыған байланысты заң жобасы мемлекеттік қызметтен босатылғандар үшін келесі шектеу мерзімдерін белгілеуді ұсынады:

Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді немесе қызметтік әдепті сақтамағаны үшін жұмыстан шығарылған адамдарға - бір жыл;

- тәртіптік теріс қылықтары үшін жұмыстан шығарылған адамдарға - екі жыл;

- әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары немесе қылмыстық қылмыстық теріс қылықтар жасаған адамдарға - үш жыл;

- онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасаған адамдарға - бес жыл.

Бұл ретте, мерзімсіз шектеулер тек сыбайлас жемқорлық, ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған, сондай-ақ қылмыстық топтың құрамында қылмыстар жасағандар үшін сақталады.

Конституциялық сот 2023 жылғы 14 шілдедегі нормативтік қаулысында кәсіби жарамсыздығына байланысты атқаратын лауазымына сәйкес келмеуі сияқты теріс себептермен өкілеттігін тоқтатқан судья еңбек бостандығына конституциялық құқығын өзге салаларда, оның ішінде мемлекеттік қызметте іске асыра алатынын көрсетті.

Конституциялық сот азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруге құқығы тең заңдармен және Конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, денсаулығы мен адамгершілік қағидаттарын ақтау мақсатында қажетті шамада ғана шектелу мүмкін екенін айта кетті. Конституциялық соттың пікірінше, әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасаған азаматтар теріс қылықтары үшін жұмыстан шығарылған адамдармен салыстырғанда жеңілірек жаза алады, - дейді Дархан Жазықбай.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға