Жаңалықтар

«Терезе – ойын алаңы емес». Балалардың терезеден құлау оқиғалары көбейген

«Терезе – ойын алаңы емес». Балалардың терезеден құлау оқиғалары көбейген
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney 29.04.2025 18:20 216

Елімізде балалардың терезеден құлап кету оқиғалары әлі де азаймай тұр. Былтырғы жылы 200-ден астам бала терезден құлаған. Оның 12-і мерт болған еді. Биылғы бірінші тоқсандағы көрсеткіш  одан да асып кеткен. Осы ретте Астана қаласы Есіл ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Сағдат Әнеспен тілдестік.

Астананың өзінде көрсеткіш мәз емес. 2025 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін елордада 13 баланың терезеден құлау фактісі тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,6 есе көп.

– Өкінішке қарай, биыл тіркелген оқиғалардың екеуі бала өлімімен аяқталды. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша 40 жағдай орын алып, оның ішінде 7 бала қаза тапқан еді, – деді Сағдат Әнес.

Қауіп тобы – 2 мен 4 жас аралығындағы балалар

Маманның айтуынша, терезеден құлау деректері негізінен 2-4 жас аралығындағы балалар арасында жиі кездеседі. Бұл жас ерекшелігі балалардың қызығушылығы жоғары, қозғалыс белсенділігі дамыған, бірақ қауіп-қатерді толық сезіне алмайтын кезеңімен байланысты.

Көп жағдайда мұндай оқиғалар ата-ананың баланы бірнеше минутқа қараусыз қалдыруынан болады. Сонымен қатар москит торына жалған сенім, терезе маңындағы жиһаздың орналасуы және қауіпсіздік құлыптарының болмауы негізгі себептердің қатарында, – деп атап өтті басқарма өкілі.

Жаңа құрылыс нормалары мен алдын алу шаралары

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазіргі уақытта бірқатар шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, ҚР Құрылыс нормаларына енгізілген жаңа талаптар бойынша көпқабатты үйлерде терезелер міндетті түрде қауіпсіздік құлыптарымен жабдықталуы тиіс.

ҚР Құрылыс нормалары (3.02-01-2023)  сәйкес, жаңадан жобаланатын және салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлерде терезе конструкциялары абайсызда адамдардың, соның ішінде балалардың құлап кетуін болдырмауға бағытталуы керек. Бұл нормалар қазіргі уақытта қолданысқа енді, – дейді Сағдат Әнес.

Сонымен қатар Есіл ауданының төтенше жағдайлар қызметі жергілікті әкімдік, полиция және еріктілер ұйымдарымен бірлесіп күнделікті профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Бұл шараларға тұрғын үй кешендерін аралау, түсіндіру жұмыстарын өткізу және ақпараттық парақшалар тарату кіреді.

Ата-аналарға арналған кеңестер

Басқарма өкілдері ата-аналарға терезе маңындағы қауіпсіздікке ерекше мән беруді ескертеді.

Терезеге арнайы қауіпсіздік құлыптарын орнату;

Москит торына сенбеу;

Жиһазды терезеден алыстату;

Баланы терезе ашық кезде жалғыз қалдырмау;

Қауіп туралы балаларға жас ерекшелігіне сай түсіндіру жүргізу.

Бала – біздің болашағымыз. Терезе – ойын алаңы емес. Сондықтан әрбір ата-ана баласының қауіпсіздігі үшін жауапты екенін түсінуі қажет, – деді басқарма бастығының орынбасары El.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға