Теннистен алар асуым әлі алда – жас чемпион
Қазақстандық жас теннисші Томирис Нұржан Испанияда өткен Open Banc Sabadell Champion турнирінде 14 жасқа дейінгі теннисшілер арасында чемпион атанды. Жас чемпион бүгінде өзінің кезекті жарыстарына дайындалып жатыр. El.kz ақпараттық порталына берген сұхбатында болашаққа деген жоспарларымен бөлісті.
– Барселонада өткен Open Banc Sabadell Champion турнирінде чемпион атандыңыз. Сізді құттықтаймыз. Турнир қалай өтті?
– Турнир өте жоғары деңгейде өтті. Әлемнің түкпір-түіпірінен ең мықты деген жас теннисшілер қатысты. Чемпионат Испанияда өткендіктен испаниялық 32 теннисші қыз қатысты. Үздіктерге арнайы сертификаттар да табысталды. Жалпы, теннисшілер арасындағы бәсеке қызу болды деп айтуға болады.
– Турнирге қанша уақыт дайындалдыңыз?
– Испанияға былтыр тамыз айында келіп, сол уақыттан бері осында жаңа тренермен бірге дайындалдым. Қазіргі таңда менің екі бапкерім бар. Біріншісі Астанада қаласындағы Мұқамадан Ерматов, екіншісі қазір бірге жаттығып жүрген Моралес Рэмзи. Екеуі де білікті, өз істерінің үздік мамандары. Олардан үйренгенім көп болды. Сол үшін де алғысым шексіз.
Бапкері Моралес Рэмзи мен Томирис Нұржан
– Жалпы бұл спорт саласындағы алғашқы жеңісіңіз бе?
– Бұл менің биылдыққа алғашқы жеңісім. Былтыр Еуропа теннисі жарыстарында жұптық сында чемпион болдым. Сондай-ақ, желтоқсан айында Барселона қаласында өткен Babolat Cup-тің он төртінші турнирінде чемпион атандым. Негізінде тенниспен 5 жасымнан бастап айналысамын. Осы спортты серігіме айналдырғаныма 8 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында көптеген додаларға қатысып бақ сыңадым.
– Кумиріңіз кім?
– 2019 жылы әлемге әйгілі теннисші Рафаэль Надаль академиясында өткен 10 жасқа дейінгі балалар арасында Ten PRO GLOBAL JUNIOR турнирінде чемпион атанғаным және сол кісімен кездесіп селфи жасағаным әлі есімде. Сол кез есімде ерекше естелік болып қалды. Сонымен қатар, америкалық теннисші Серена Вильмостың жанкүйерімін деп айта аламын. Оның әр жарысын бақылап отырамын. Тарихта аты аңызға айналатын мықты және белді теннисші қыздардың қатарына жатқызар едім.
– Қандай хоббиіңіз бар?
– Менің хоббиім – спорт. Спортқа мені әкем алып келді. Есімі Талғат. Ол өзі дзюдо, самбо қазақ күрестерінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Түрлі додаларда топ жарып жүр. Менде әкеме ұқсап бір ғана спорт түрімен шектеліп қалмадым. Тенниспен, жүзумен, жүгірумен айналысамын.
Өзім Астана қаласында туып-өстім. №9 зерде дарынды балаларға арналған мектепте оқыдым. Қазіргі таңда Барселона қаласындағы Institut XXV Olimpiada коледжінде оқып жатырмын.
– Болашаққа қандай жоспарыңыз бар?
– Қазіргі таңда Испаниядағы бапкерім Моралес Рэмзимен бірге күнделікті жаттығамын. Сәуір айының 14-22 күндері аралығында Испанияның Жирона және Льейда қалаларында турнирдің кезекті жарысы өтеді. Онда осы турнирде чемпион атанған 8 қыз бен 8 бала қатысады. Бұл турнирде мықтылардың мықтысы қатысатын болғандықтан уақытымның көп білігін дайындыққа жұмсап жатырмын. Топ 8 турнирінде жеңіп шыққан теннисші Малайзияда өтетін әлем кубогіне жолдама алады. Сондықтан, теннистен алар асуым әлі алда.