Теннистен ӘЧ: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы іріктеу турнирінің ширек финалына шықты

Шымкент қаласында 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Билли Джин Кинг кубогінің Азия - Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы мерзімінен бұрын ширек финалға шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ярослава Шведованың шәкірттері А тобында Индонезия құрамасын 3:0 есебімен жеңді.
Алдымен Ева Корышева бір сағатқа жетпейтін уақыт ішінде Наомиді тас-талқан қылды - 6:0, 6:0.
Ариана Гогулина Синклердің мысын басты - 6:4, 6:2.
Жұптық сында Гогулина Альбина Кәкеновамен бірге командаға үшінші ұпайды әперді - 6:0, 6:2.
Қазақстан құрамасы 15 мамырда Жапониямен ойнайды. Осы матчта қай команданың А тобынан бірінші орынмен ширек финалға шығатыны белгілі болады. Жапониялықтар да Қазақстан секілді мерзімінен бұрын ширек финалға жолдама алды.
Іріктеу турнирінде жартылай финалға шыққан төрт команда әлем чемпионатына барады.
