Жаңалықтар

Теңіз жаяу әскерлерінің сарбаздары парашютпен секірді

Теңіз жаяу әскерлерінің сарбаздары парашютпен секірді
Фото: gov.kz 23.11.2023 03:27 622

Жетісу гарнизонында теңіз жаяу әскерлерінің 60-тан астам жауынгері парашютпен секірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Теңіз десантшыларының дайындығы екі аптадан астам уақытқа созылды.

Теңіз жаяу әскерлерінің десанттық-шабуылдау батальоны Әскери-теңіз күштерінің құрамына кіреді. Әйтсе де ол десанттық деп аталғанымен, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер мен мерзімді қызмет сарбаздары бұған дейін парашютпен секірген емес. Тек командалық құрамның бірнеше офицері ғана бұл сынақтан өткен.

Қорғаныс министрінің нұсқауына сәйкес, теңіз жаяу әскерлерінің десанттық дайындығы осымен екінші жыл қатарынан Десанттық-шабуылдау әскерлері құрамаларының базасында жүргізіліп келеді.

Алғашқы секірушілер үшін бұл жерде бірінші үйренетін нәрсе, ол – теория. Негізгі және қосалқы күмбездердің тактикалық-техникалық параметрлерін білу тәжірибелі десантшылардың өзін әуедегі штаттан тыс жағдайларда талай рет құтқарып қалған. Оқытудың екінші кезеңі – парашют жүйесін төсеу. Парашют өздігінен төселеді. Нұсқаушылар әр кезеңді қатаң тексереді. Олар парашюттің сызықтары, тұрақтандырғыш жүйесі мен басқа да компоненттері туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп береді. Содан кейін барып секіру элементтерінің жердегі жаттығулары жүргізіледі.

Осы негіздерді біліп алмай аспанға ұмтылудың керегі жоқ. Парашютпен секіру – жаттығудың соңғы кезеңі. Біз әуе-десанттық кешеніндегі жаттығу кезінде де, әуеден секіру барысында да қауіпсіздік шараларын сақтауға барынша мән береміз. Бұл жұмыстардың бәрі қауіпті барынша азайтады, – деді қолбасшының әуе-десанттық дайындық жөніндегі орынбасары полковник Нұрмахан Құдайбергенов.

Теңіз жаяу әскерлері десанттық-шабуылдау батальоны командирінің орынбасары капитан Ағабек Мақұлбектің айтуынша, бөлімшенің міндеттеріне Каспий жағалауы мен теңіз суына десант түсіру кіреді.

Десанттық-шабуылдау әскерлерінде тәжірибелі нұсқаушылар жетерлік. Бұл жерде арнайы тренажерлармен жарақтандырылған әуе-десанттық кешендері бар. Сондықтан жеке құрамды осы жерде оқыту туралы шешім қабылданды. Жігіттердің көңіл-күйі жақсы. Барлығы да рұқсат алып барып, секірді, – деп нақтылады офицер.

Теңіз жаяу әскерлері десанттық-шабуылдау батальонының әскери қызметшілері әуе-десанттық дайындық сабақтарын 25 қарашада аяқтайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға