Теңге ілуден жастар арасында ел чемпионаты аяқталды
Алматы облысындағы «Қобыланды» ипподромында жастар арасында теңге ілуден Қазақстан Республикасының XVIII чемпионаты аяқталды. Жарысқа еліміздің 10 облысы мен 2 қаласынан келген спортшылар қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Теңге ілу федерациясының атқарушы директоры Айбек Түркебайдың айтуынша, жарысқа қатысушы спортшылардың саны жыл сайын артып келеді.
Былтыр жалпы саны 25 спортшы қатысқан болса, биыл тек жастардың арасында 35 спортшы бар. Осы жастар және жасөспірімдер чемпионатында жалпы саны 75-ке жуық спортшы бақ сынап жатыр, - деді А.Түркебай.
Жарыс нәтижесінде «Бес белес», «Қос құлаш» және «Жеті құт» стильдері бойынша жеңімпаздар анықталды.
Сонымен, «Бес белес» стилінде бірінші орынды Ұлағат Амангелді (Шымкент), екінші орынды Қанат Бақтыбай (Түркістан облысы) алса, үшінші орынды Ерасыл Қоқанбай (Қызылорда облысы) мен Азат Әмірбеков (Шымкент) бөлісті.
«Қос құлаш» стилінде Арнұр Шалқар (Түркістан облысы) жеңімпаз болды. Екінші орынды – Нұрәлі Ерсін (Алматы облысы), үшінші орынды Дарын Мырзағали (Алматы қаласы) мен Руслан Сейдахмет (Қызылорда облысы) алды.
«Қос құлаш» стилі бойынша екінші орын жеңімпазы атанған Алматы облысының спортшысы Нұрәлі Ерсін барлық спортшылар жақсы дайындықпен келгенін, қарсыластарының да керемет өнер көрсеткенін алға тартты.
«Жеті құт» стилінде бірінші орынға Мейіржан Жұмаш (Шымкент қаласы), екінші орынға Ернұр Серікбай (Түркістан облысы) ие болса, үшінші орын Нұрислам Намазбай (Жамбыл облысы) мен Ерболсын Мақашевқа (Батыс Қазақстан облысы) бұйырды.
Айта кетейік, бүгін «Қобыланды» ипподромында теңге ілуден жасөспірімдер арасындағы жарыс жалғасып жатыр.