Жаңалықтар

Теміртауда Ұлттық инженерлік академиясының филиалы ашылды

Теміртауда Ұлттық инженерлік академиясының филиалы ашылды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі 12.04.2025 20:42 211

Қарағанды индустриялық университетінің базасында «Инженерлік еңбектің беделін арттырудағы ғылымның рөлі» тақырыбында Республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, Ұлттық инженерлік академиясының қолдауымен ұйымдастырылған бұл іс-шара инженер мамандықтарының мәртебесін арттырудағы ғылымның маңыздылығына, ғылым, бизнес және білім беру арасындағы ынтымақтастыққа, сондай-ақ жастардың инженерлік мамандықтарға деген қызығушылығын арттыруға арналды.

Қарағанды индустриялық университетінің басқарма төрағасы – ректоры Бахыт Жәутіков:

Біздің университетіміз білім берумен қатар ғылыми қызметпен де белсенді айналысып, ғылымды насихаттауға зор үлес қосып келеді. Қазақстанда 35 жылдан бері Ұлттық инженерлік академия табысты жұмыс жасап келеді. Оның президенті – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бақытжан Жұмағұлов бүгін бізге құрметті қонақ ретінде келіп отыр. Сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен делегация мүшелері келді. Олардың қатарында жас ғалымдар, өндіріс орындарының өкілдері бар. Әрине, бұл жерде бізге жақын Qarmet, QazTehna, Іңкәр-1 және басқа да кәсіпорындардың өкілдері де бар, – деді.

Конференция аясында қатысушылар Qarmet зауытына экскурсия жасап, шикізатты өңдеуден бастап дайын өнім шығару процесіне дейінгі технологиялық үдерістермен тереңірек танысты. Зауытқа сапар барысында конференция қатысушылары металлургия саласының даму перспективаларын, сондай-ақ ғылым мен өндірістің өзара іс-қимылын талқылады. Университетте сондай-ақ ғылыми жобалар көрмесі ұйымдастырылды. Қатысушылар инженерияның түрлі аспектілеріне арналған ғылыми баяндамалар мен зерттеулерін ұсынды. Олар ғылым мен технологияның қазіргі жетістіктері мен даму келешегін талқылады.

ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті Бақытжан Жұмағұлов секциялардың жұмысына жоғары баға берді. Оның айтуынша, секция отырыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мазмұнды баяндамалар ұсынылды. Сонымен қатар ол көрмені аралап көріп, ғылыми жетістіктермен танысты.

Ғылым Теміртауға келді. Бұл – тек символдық қадам емес, нақты істердің бастамасы. Біз осы әзірлемелердің практикада қолданылуына бар күшімізді саламыз, – деді Бақытжан Тұрсынұлы.

Бұл күні Қарағанды индустриялық университетінде ҚР Ұлттық инженерлік академиясының филиалының ашылуы маңызды оқиға болды. Бұл – Қазақстанда ғылыми-инженерлік қызметті үйлестіріп, дамытып отырған беделді әрі ірі бірлестік. ҚарИУ-дегі Академия филиалы университеттің ғылым нәтижелерін тәжірибеге енгізу, өндіріс және бизнеспен тиімді интеграция, нарықтың келешектегі технологиялық талаптарын қанағаттандыру бағытында мүлде жаңа деңгейге көтерілуін қамтамасыз етеді.

Пленарлық отырыс соңында ғылыми қызметтегі жоғары жетістіктері үшін ҚарИУ ғалымдары, оқытушылары мен қызметкерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға