Жаңалықтар

Теміртауда тек әйелдер қызмет көрсететін полиция бөлімшесі ашылды

Теміртауда тек әйелдер қызмет көрсететін полиция бөлімшесі ашылды
Фото: Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі 03.02.2024 08:05 932

Қарағанды облысы Теміртау қаласында әйелдер полиция бөлімшесі ашылды. Ол өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған мемлекеттік дағдарыс орталығымен бір ғимаратта орналасқан. Зардап шеккен әйелдер өздерінің проблемалары туралы айтып, қолдау ала алады. Онда тек әйел полицейлер қызмет көрсетеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қарағанды облысы әкімдігінің мәліметінше, аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Теміртауға жұмыс сапары кезінде әйелдер полициясының қалай құрылғанын көрді.

Жаңа бөлімше дағдарыс орталығымен мақсатты түрде біріктірілді. Мұнда пана тапқандардың ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары да бар. Олар "осында және қазір" қағидаты бойынша көмек ала алады.

Дағдарыс орталығындағыдай мұнда да ең жылы атмосфера құруға тырысқан. Интерьерде ашық түстер қарастырылған, балалар бұрышы бар. Учаскеде тек әйелдер ғана: ювеналды полиция қызметкерлері, тергеушілер, жедел уәкілдер, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор. Заңгерлер мен психологтардың көмегін алуға болады.

Әйел - әйелді жақсы түсінеді. Біз қарым-қатынастың мүмкіндігінше сенімді болғанын қалаймыз. Бүгін біз формадамыз, бірақ күнделікті жағдайда біздің дресс-кодымыз - іскерлік костюм. Бізге жүгінген әйелдер формадағы полиция қызметкерін көргенде іштей кедергі сезінбеуі үшін, – дейді аға жедел уәкіл, майор Жәния Рахматулина.

Ал дағдарыс орталығында қажетті әлеуметтік көмек, соның ішінде жұмыспен қамтып, қайта оқытумен қамтамасыз етілуде. Мұнда бір уақытта 50 отбасына дейін тұруға мүмкіндік бар. 

Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар мұнда бір жылға дейін өмір сүре алады. Күніне төрт рет тамақтану қарастырылған, ол үшін асхана бар.

Сіздер жасап жатқан барлық нәрсе - өте маңызды. Біз тұрмыстық зорлық-зомбылықты жойып, қиыншылыққа тап болған адамдардың өмірін өзгертуге көмектесуіміз керек, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Дағдарыс орталығының мекенжайы: Теміртау қаласы, Панфилов көшесі, 13.

Оқи отырыңыз: 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға