Жаңалықтар

Темір жол саласында жарты ғасыр еңбек еткен Нұрмамедовтер әулеті

Темір жол саласында жарты ғасыр еңбек еткен Нұрмамедовтер әулеті
Фото: коллаж El.kz 30.07.2024 18:30 1050

Маңғыстау облысында ата дәстүрді жалғастырып, темір жол саласының қыр-сырын меңгеріп, халқына адал қызмет етіп келе жатқан Нұрмамедовтер әулеті тұрады. Нұрмамедовтер отбасы темір жол саласында 55 жылдан астам уақыт бойын қызмет етіп келеді. Әулеттің үлкен-кішісі де, ұл-қызы да осы саланың білікті мамандары. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі әулеттің үлкендерімен тілдесіп, темір жол саласының қызығы мен қиындығы жайлы сұрады.

Ағайынды Нұрмамедов Қален мен Аманберді 1968 жылы Түрікменстан Республикасынан көшіп келіп, Маңғыстау станциясының депосына тепловоз машинисі болып жұмысқа орналасады. 1975 жылы Ішберген Нұрмамедов те туған өлкеге оралып, темір жол саласындағы қызмет жолын бастайды. 6 айлық машинист көмекшісі оқуын бітіріп, Маңғыстау депосында тепловоз машинисінің көмекшісі болады. Жан жары Жұбай Нұрмамедова тепловоздарды жанар-жағармаймен жабдықтау цехында қызмет еткен. Ішберген мен Жұбайдың 8 баласының төртеуі әке жолымен темір жол саласына бетбұрған. Бүгінде олардың 4 баласы, 2 келіні және 4 немересі темір жол саласының білікті мамандары.

Темір жол саласында жарты ғасыр еңбек еткен Нұрмамедовтер әулеті

Суреттегі Қален Нұрмамедов

Темір жол саласында жарты ғасыр еңбек еткен Нұрмамедовтер әулеті

Суреттегі Ішберген Нұрмамедов пен жары Жұбай Нұрмамедова 

Үлкен ұлдары Ереш Нұрмамедов – 1978 жылы алғаш Маңғыстау депосында тепловоз жөндеушісі болып бастап, жанар-жағармай цехының меңгерушісі қызметіне тағайындалады. 24 жыл темір жол саласында қызмет еткен. Дегенмен 2016 жылы денсаулық жағдайына байланысты жұмыстан кетеді.

Темір жол саласында жарты ғасыр еңбек еткен Нұрмамедовтер әулеті

Суреттегі Ереш Нұрмамедов

Доғдырбай Нұрмамедов – 58 жаста. АО «НК» ҚТЖ» филиалының Маңғыстау магистральдік желі бөлімшесінің №12  қалпына келтіру мекемесінде  кран машинисі болып жұмыс істейді. Жұбайы Ақтілеш Баймұхашева  АО «НК» ҚТЖ» Маңғыстау  магистральдық желі бөлімшесінің қаржыландыру бөлімінің менеджері.

Қуандық Нұрмамедов – темір жол саласына ең ерте қадам басқан маман. Ол мектеп бітіріп, АО «НК»ҚТЖ» – ЭЧ-5 Маңғыстау мекемесіне көлік жөндеуші қызметінен бастап, 2014 жылдан бері депо кезекшісі қызметін атқарып келеді. Депо кезекші – темір жол саласындағы ең жауапты мамандардың бірі. Бүкіл қозғалыс, тасымал локомотив бригадалары арқылы жүзеге асыралса, сол машинистердің жұмысын жоспарлап, белгілі бір кестемен басқарып отыратын – осы депо кезекшісі.

Темір жол саласында жарты ғасыр еңбек еткен Нұрмамедовтер әулеті

Суреттегі Қуандық Нұрмамедов

Байрам Нұрмамедов – 1994 жылдан бері АО «НК» ҚТЖ» филиалының Маңғыстау магистральдік желі бөлімшесінің №12  қалпына келтіру пойызында бульдозер машисі болып қызмет етеді. Оның  жұбайы Эльмира Қаржауқызы бүгінде ТЧЭ-6 Маңғыстау мекемесінде есепшілер бөлімі бастығының орынбасары. Темір жол саласында қызметіп жүргеніне 27 жылдан асқан. Бүгінде олардың ұлы Исламбек Ішберген және Доғдырбай Нұрмамедовтың ұлы Айсұлтан Ішберген Алматы қаласында Мұхаметжан Тынышбаев атындағы логистика және транспорт академиясында оқып жатыр.

Темір жол саласында жарты ғасыр еңбек еткен Нұрмамедовтер әулеті

Суреттегі Байрам Нұрмамедов

Темір жол саласында жарты ғасыр еңбек еткен Нұрмамедовтер әулеті

Суреттегі немересі Шоқан Нұрмамедов 

Нұрмамедовтер әулетінде темір жол саласында ең көп қызмет етіп келе жатқан – Доғдырбай Нұрмамедов. Ол темір жол – темірдей тәртіпті талап ететін бірден бір сала екенін айтады.

Кез келген адамға темір жолда жұмыс істеу оңай емес. Өйткені, адамның, жолаушылардың, тіпті өзіңнің әріптестеріңнің өмірі үшін де жауапты қызмет. Күннің аптап ыстығына, қыстың қақаған аязы мен қарына, күн-түнге қарамастан қауіпсіздікті сақтау маңызды. Сол себепті жұмыс технологиялық карта бойынша іске асырылады. Мысалы,  бір күн кранның аккумуляторын қараймыз, тростарын тексеріп,  майлаймыз, екінші күні колесный парды тексереміз. Жаз айларында  аптасына бір рет кранды қыздырып тексеріп отырсақ, қыста күнделікті қыздырамыз. Осылайша технологиялық картада көрсетілгендей күнделікті істейтін жұмысымыз жазылған. Себебі апат болып қалған жағдайда техникамыз кез келген уақытта дайын болу керек, - дейді ол.

Доғдырбай Нұрмамедовтің темір жол саласында қызмет етіп келе жатқанына биыл 42 жыл болды. Ол электромонтер болып бастап, бүгінде кран машинисі қызметіне дейін көтерілген. Ресейдің Челябинск қаласында кран машинисі саласына қатысты арнайы курс оқып келген.

Темір жол саласында жарты ғасыр еңбек еткен Нұрмамедовтер әулеті

Суреттегі Доғдырбай Нұрмамедов

Доғдырбай осы жылдар аралығында темір жол саласында болған өзгерістердің басы-қасында болып, көзімен көрген.

Жарты ғасырға жуық ғұмырымды темір жол саласына арнадым. Әлі де 5 жыл қызмет етуге дайынмын. Осы уақыт аралығында еліміздің темір жол саласы күрделі кезеңдерді де өткерді. Бүгінде сала қарқынды дамыған деп айтар едім. Жаңа тепловоздар, жаңа жолаушы вагондары беріліп жатыр. Тіпті бірқатар өңірде жаңа ғимараттар бой түзеуде. Жөндеу жұмыстары жасалып, вагондардағы тазалық пен қызметтің сапасы өсті. Барлығы да заманауи және қолжетімді. Бүгінде темір жол саласындағы үлкен жаңалық – әйелдер вагонының ашылуы. Бұл әлемде кеңінен тараған тәжірибе болғандықтан Қазақстан да қалыс қалмады. Жолаушылар билеттерін электронды түрде алуға жағдай жасалған. Жалпы темір жол саласының қарқыны мен қызметін жоғары бағалаймын, - дейді Нұрмамедов.

Сөзінше, қызметкерлерге де қолайлы жағдай жасалған. Жыл сайын жалақы көтеріліп, қажетті әлеуметтік пакет қарастырылған.

Темір жол саласының мамандарына әлеуметтік көмектің ең тиімді түрі беріледі. Мәселен, курорттық орындарға, шипажайларға емделуге, демалып келуге жолдама береді. Сонымен қатар жылына бір рет пойыз билеті төленіп, тегін жүруге мүмкіндік қарастырылған. Балалы болсаңыз, үйленсеңіз немесе ата-анаңыз қайтыс болған жағдайда қолдау ретінде ақшалай көмек беріледі. Одан бөлек қызметкерлердің жазғы, қысқы киімдерін, аяқ киімдерін және бас киімдерін береді. Зиянды жұмыс жағдайында қосымша ақы төленеді. Денсаулығымызға күтім жасау үшін сүт береді және еңбек демалысына күн қосылады, - дейді кейіпкеріміз.

Доғдырбай Нұрмамедовтің жұбайы Ақтілеш Баймұхашева 35 жыл темір жол саласында қызмет етіп келеді. Балаларының бірі бұл салада қызмет етсе, енді бірі оқу оқып жатыр. Сөздерінше, бұл мамандыққа балалары өз қалауымен келген.

Темір жол саласында жарты ғасыр еңбек еткен Нұрмамедовтер әулеті

Суреттегі Ақтілеш Баймұхашева

Ата-анасы, туыстары темір жол саласының білікті мамандары екенін көріп өскен ұлдарым да осы салаға қызығып өсті. Ұлым Ануарбек Ішберген  жұмыс қаншалықты қиын болса да өз қалауымен теміржол саласын таңдап, адал еңбек етіп жатыр. Ал кіші балам Айсұлтан студент.  Олардың ешқайсысын ата жолын таңдауға үгіттеп, насихаттаған емеспін. Бала күндерінен бұл саланың қызығымен де, шыжығымен де таныс болғандықтан таңдады деп ойлаймын. Әкесі де, анасы да темір жол бағытында жүргеннен кейін «бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», - дейді Доғдырбай Нұрмамедов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға