Жаңалықтар

Темірғали КӨПБАЕВ: "Нарықтың өзі бәсекелестіктен тұрады"

Темірғали КӨПБАЕВ, ақын, журналист, филология ғылымдарының кандидаты.
31.07.2014 09:34 6406

Темірғали КӨПБАЕВ, ақын, журналист, филология ғылымдарының кандидаты.

Темірғали КӨПБАЕВ: "Нарықтың өзі бәсекелестіктен тұрады"

Қазақстанда 200-ден аса баспа бар екен. Соны көрiп, бiле-тұра «Қазығұрт» баспасын аштыңыз. Сондағы дiттеген мақсатыңыз не болды?

– «Қазығұрт» баспасы 2001 жылы заңды түрде тiркелiп, талғамы зор оқырман қауымға тиiстi дəрежеде қызмет көрсете бастады. Елiмiзде баспалардың көп екендiгiнен бiз де хабардар болатынбыз. Бiрақ сол тұстарда баспалар бағыт-бағдарларынан жаңылып, ұсақ-түйек дүниелердi басумен əуестенiп кеттi. Өйткенi нарықтық экономика осыған алып келдi. Ал баспа ашудағы негiзгi мақсатымыз – сөз қадiрiн түсiнетiн халыққа тұщынып оқитын қомақты, сүбелi əдебиеттердi ұсыну болды. Араға көп уақыт салмай, бағыт-бағдарымыз айқындала бастады. Сонан соң көптомдық шығармалар жинағын шығаруды қолға алдық. Өйткенi тəуелсiз ел болғанға дейiн Мұхтар Əуезов пен Сəбит Мұқановтан басқа қазақ қаламгерлерiнiң көптомдықтары баспа бетiн көрген жоқ. Қасиеттi қазақ топырағында туып, əлем əдебиетiнiң алдыңғы қатарында жүретiн қаламгерлер бiзде баршылық. Сондай бiртуар дарын иелерiнiң көптомдықтарын неге жария етпеске?! Мiне, осы бағытта қыруар шаруа атқардық. Ондаған танымал авторлардың алды он бес, соңы он томдық толық шығармалар жинағын басып шығардық. Базбiреулер бiздiң бұл қадамымызды хош көрмей: «Ол көптомдықтарға енген шығармалардың бəрi алтын емес қой» деуi мүмкiн. Рас сөз. Бiрақ олардың бəрiнiң алтын болуы да мiндет емес. Ол – ақын, ол – жазушы, ол – əдебиетшi. Олар өзiнiң көңiл-күйiн қалам қарымына қарай қағазға түсiрдi. Бiз олардың бəрiнiң басын қосып, жинақтап шығардық. Себебi ол туындылардың бəрi болашақ зерттеушiлер үшiн аса қажет. Ертеңгi күнi олар шаң жұтып, мұрағаттарда отырмайтын болады.

Бəсекелестiктен қорықпайсыз ба?

– Жоқ, қорықпаймын. Ондай адамдар үйде отыруы керек. Нарықтың өзi бəсекелестiктен тұрады. Оның заңы, шарты сон-дай. Өз өнiмiңдi өзiң нарыққа бейiмдей алмасаң, онда еңбегiңнiң еш болғаны. Бəсекелестiк деген бiр-бiрiнiң аяғынан шалу, оңтайлы сəттi пайдаланып тұншықтыру немесе мүлдем көзiн жою емес. Негiзi, бəсекелестiктi əрiптестiк деп түсiнгенiмiз абзал. Бiреудiң сыртынан қаңқу сөз айтқаннан гөрi, əркi м өз өнiмiмен бəсекеге түсуi керек. Жалпы айтқанда, өнiмн iң iшкi мазмұны мен сыртқы безендiрiлуi өлеңнiң əуезi мен сөзi тəрiздi үйлесiп, жымдасып тұрса, сұранысқа ие болады. Мiне, осы тұрғыдан алғанда бiз, шығарып жатқан өнiмiмiздiң сапасына қарап, кез келген бəсекеге түсе аламыз. Кез келген байқауға, тендерге қатыса аламыз. Өйткенi осы уақытқа дейiн шығарған, алдағы кезде жарық көретiн рухани дүниелердiң бəрi бүгiнгi күннiң талабына жауап бере алады.

Кiтап шығару бар да, оны тарату деген де бар емес пе?! Өз өнiмдерiңiздi қалай таратып жатырсыз? Жалпы, бiздiң елде кiтап тарату жүйесi жолға қойылған ба?

– Рас, кiтапты кез келген баспа шығара алады. Ал оны тара-ту – ең өзектi мəселелердiң бiрi. Қазақ – сөзге қонақ берген, ақын-жазушыларын құрметтеген халық. Олардың қаламгерлерге деген iлтипаты əлi де сол қалпында. Сондықтан бiз кiтап шы-ғарарда ең əуелi оның өтiмдiлiгiн зерттеп аламыз. Кiтаптың авторына, оның безендiрiлуiне, оқырманның сұранысына айрықша мəн беремiз. Егер ол өтпейтiн болса, қоймада жатып, шаң басатын болса, онда оны неге бiз басуға тиiспiз? Əрi-берiден кейiн ол кiмге керек?! Сондықтан бiз маркетинг, менеджменттiк зерттеулер жасап, оқырмандардың сұранысын тап басып, ең өтiмдi деген кiтаптарды шығаруға тырысамыз. Бүгiнгi күнi кiтап тарату iсi жекеменшiк кəсiпкерлер тарапынан жақсы жолға қойылып, жанданып келе жатыр. Бiз бүкiл Қазақстан бойынша кiтап сатушы мекемелермен байланыс жасап отырмыз. Қай қалада болмасын, кiтап дүкендерi баршылық. Оларға кiтап сатылған соң есеп айырысуға мүмкiндiк берiп отырмыз. Ал жалпы кiтап тарату iсi елiмiзде қалай жүргiзiлiп отыр дегенге келетiн болсақ, бұрынғы кiтап таратуды ұйымдастырушы, жүйелеушi ұйым ешбiр аймақта жоқ. Дəл қазiр олар өте қажет. Бұрынғы баспалар осы ұйымдар арқылы кiтаптың таралымын анықтайтын. Мен осы iсте сол ұйымдардың жұмыс iстеу тəсiлiн ұстанып қалдым. Дегенмен, «шығарған өнiмдерiмiздi 100 пайыз таратып тастап отырмыз» дей алмаймын.

Тапсырысты өздерiңiз iздейсiздер ме, əлде авторлар сiздердi iздеп келе ме?

– Баспа ашылғалы берi жарнамалық өнiмдердi көптеп шығарып келемiз. Оның үстiне, өнiмдерiмiз өзiн-өзi жарнамалап отыр. Авторларымыздың беделi де игi ықпалын тигiзедi. Қазiр «Қазығұрт» баспасы республикадағы беделдi баспалардың қатарында келедi. Оны дуалы ауыздар да айтып жүр. Ең алғашқы кезде авторларды бiз iздеушi едiк. Ендi авторлар бiздi iздейтiн жағдайға жеттiк. Жылдан жылға авторлар құ-рамы өсiп келе жатыр. Бүгiнгi күнде, үлкен жобалар жасап, соларды жүзеге асыруға дайын отырмыз. Алдағы уақытта баспадан «Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаттары», «Ұстаздар кiтапханасы» атты сериялар бойынша жеке жинақтар мен көптомдық ғылыми еңбектер жарық көредi. Үш жылдан берi мемлекеттен тапсырыс алып келемiз. Биыл Сəкен, Iлияс, Бейiмбеттердiң 10 томдықтарын шығаруды қолға алдық. Жыл соңына дейiн əрқайсысының 3 томы жарық көредi. Келесi жылы қалған томдары баспа бетiн көретiн болады. Бiз, негiзiнен, көптомдықтар шығаратын болғандықтан олардың атауы аз болуы мүмкiн. Бiрақ əрқайсысы 10 – 15 томнан тұратынын ескерсек, бұл – қыруар жұмыс.

ҚазМУ-дың журналистика факультетiнде шəкiрт тəрбиелеп, дəрiс оқыдыңыз. Филология ғылымдарының кандидатысыз. Бiлдей телерадио кафедрасын басқардыңыз. Осының бəрiн тəрк етiп, кеттiңiз де қалдыңыз. Бұл iсiңiзге өкiнбейсiз бе?

– Мен ҚазМУ-ды «қара шаңырақ, қасиеттi орда» деп есептеймiн. ҚазМУ-де бiлiм алдық, сол жерде қызмет атқар-дық. Сол киелi ордада қалыптасып, шыңдалдық. Сол ордада ғылыммен айналыстық. Мен ҚазМУ-дың жанынан алғысымды айтып, басымды иiп өтемiн. Бiрақ сол ҚазМУ-де жүрiп елге сiңiрген еңбегiмнен гөрi, қазiргi атқарып жатқан шаруаларымның маңызы əлдеқайда зор деп ойлаймын. Өйткенi бiз қазiр ұлттың рухын шыңдап, болашаққа қызмет ететiн мол əдеби мұра қалдыруға мұрындық болып отырмыз. Əлi алда атқарылар шаруалар көп. Мен өз орнымды ендi таптым. Осы жерде жүрiп елге көп пайда тигiземiн деп ойлаймын. Бiрақ қайда жүрсем де ғылымды тастамаймын. Баспа, кiтап iсi туралы докторлық диссертация жазу үшiн iзденiп жүрмiн. Ол ел мен халықтың игiлiгiне асар сүбелi еңбек болса екен деймiн.

Жас ақын-жазушылардың бүгiнгi деңгейi қай дəреже-де? Олардың шығармаларын оқып тұрасыз ба?

– Жас қаламгерлердiң туындыларын жiтi қадағалап оқып отырамын. Əсiресе, «Қазақ əдебиетi» газетiндегi «Жас қа-лам» – өте сəттi шыққан қосымша. Əдебиетте «жас ақын» деген ұғым бар. Бiрақ əдебиет жасқа, жасамысқа қарамайды. Тума талант жарқылдап келiп, жасындап өтедi. Дегенмен, бiр ақын-ның поэзиясы жаныңды жадыратса, екiншi бiреудiң өлеңi кө-ңiлiңдi құлазытады. Олардың бəрiн «керемет» деп көтермелей беруге тағы келмейдi. Дара дарынды халық өзi танып, iрiктеп алады. Олар да құрмет, қошеметтен кенде қалып жатқан жоқ. Оның үстiне, соңғы кезде Жазушылар одағында поэзия кештерi жиi өтiп тұратын болды. Бұл жас ақындарды танытуға үлкен мүмкiндiк бередi. Ертеңгi əдебиеттiң үлкен өкiлдерi осы жас толқыннан шығады. Негiзi, кез келген талант əдебиетке «айтарым бар» деп келедi. Ендеше олар айтарларын айтсын. Қазақ поэзиясының үлкен көшiне iлiсе бiлсiн. Жалпы, мен поэзияға сын айтуға қарсымын. Өлең – ақындардың сүйiктi iсi iспеттес нəрсе. Əр ақын өзiнiң iшкi бұлқынысын, көңiл-күйiн қағазға түсiргiсi келедi. Осыдан əдебиетке, халыққа келiп-кетер зиян жоқ. Сосын оларға «Сен неге былай жазбайсың?» деп айтуға ешкiмнiң хақысы да жоқ. Əркiм жанының жарқ еткен сəтiн жазады.

Əңгiмеңiзге рақмет

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, «Ағынан жарылсақ», 2004 ж.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға