Жаңалықтар

Телғозының Шоңы

Болыс болған, би болған Шоң жайлы не білеміз?
Телғозының Шоңы
24.09.2018 20:11 8067

Шоңның өскен, тәрбие алған ортасы

Халқының ақылгөйі болған Щоң Телғозыұлы  адамның ала жібін аттамай, адалдыққа қиянат жасамаған, билікте жүргенде «Тура биде туған жоқ, бұрған биде иман жоқ» деген қағидамен өмір сүрген екен.

Шоң мырза орта жүздің ішіндегі Арғын-Қуандықтан тараған, қазақтың талай жақсы-жайсаңдары шыққан, өскен, өркен жайған белді рулардың бірі Алтай-Қарпықтың тоқа руынан шыққан. Уақытында Алтай-Қарпықтың жақсы-жайсаңдары бас қосып, келелі мәселелер талқылағанда көп жағдайда ақырғы сөзді Шоңкең айтып, сол кісінің тұжырымы өтеді екен. Өйткені, Шоңкең ешкімнің байлығына, батырлығына, немесе атағына қарамай, істің әділін айтып, дұрыстығына қарап шешетін болған.

Алтай-Қарпықтың ұрпақтары Қазіргі Қарағанды облысының Жаңаарқа, Нұра аудандарының, бұрынғы Ақмола облысының Теңіз ауданында және Қарағанды қаласында шоғырланған.

Ұлы бабаларымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, жас жеткіншектің келешекте адамгершілік асыл қасиеттерді бойына сіңіріп, тәрбиелі, тәртіпті, парасатты азамат болып жетілуі үшін ұшқан ұясы мен өскен ортасының берер әсері  мол.

Шоң Телғозыұлының ұшқан ұясы мен тәрбие алған  ортасы - ғасырлар бойы жинақталған халық даналығын, адам баласының бойындағы асыл құндылықтарды жоғары бағалаған, адалдықты ту еткен, адамгершілік талаптарды күнделікті тұрмысында  бұлжытпай орындап өскен адамдар еді.

Шоңның ұлы бабасы Жәнкелді би өз ортасында басқа тұстастарынан қара қылды қақ жарған әділдігімен ерекшеленсе, Телғозының әкесі Зейнетпен бірге туысқан ағайынды Байғозы, Қарағозылар бірі шешен, бірі ісмер шебер, несібесін адал еңбекпен тапқан, адам баласына қиянат жасамауды өзіне асыл мұрат еткен тақуалығымен қатар алып күштің иелері де болған екен. Сөзіміз дәлелді болуы үшін ұлы аталар өмірінің кейбір кезеңдеріне тоқтала кеткенді жөн көрдік.

Байғозы баба бір топ жолдастарымен бірге ел аралап келе жатса, бір түйенің батпаққа батып жатқанын көреді. Дереу аттан секіріп түсіп, шылбырын атқосшысына ұстатады да, батып жатқан түйені екі өркешінен мықтап ұстап, ырғап-ырғап ұйықтан суырып алған екен. Сол кезде екі аяғы тобығына дейін сазға кіріп, кебісінің арты айырылып кеткен еді деп еске алады екен көргендер.

Байғозы 37 жасында екі әйелі мен бала-шағасын, тәп-тәуір байлығын тәркі дүние  етіп (дүниеден безіп), еңбекпен тапқан-таянғанын жоқ-жітік, кедей-кепшікке Аллаһтың ризалығы үшін таратып беретіндігін, қалған өмірін Аллаһқа құлшылық ету мақсатында өзінің Әзірет сұлтанға сапар шегетінін айтып, ризашылық алысу үшін ағайын-туыстарын жинайды.  Бәкеңді қимаған туыстары, елдің жақсы-жайсаңдарының  оған  «басың жас, балаларың да әлі өз бетімен кетіп, ер жете қойған жоқ, байқастай тұрсаң қайтеді» дегеніне көнбей, «ағайын, мені сыйласаңдар сапарыма бөгет болмай, ырзашылықтарыңды беріп аттандырыңдар, сендерге бір Аллаһ жар болсын» деп сөзін түйіндеп жолға шығады. Елден бір күндік жол ұзап шыққаннан кейін артынан кіші әйелі қуып келіп, бірге түнеген екен. Сонда Бәкең «мен кетерде сенің қасыңнан аттанып едім ғой, ендігі кезек бәйбішенікі ғой, оған қиянат жасамайық, менің қолымды құшақтап жатып дем ал, соған риза бол» деп кіші шешемізді ертеңіне елге қайтарған екен.

Елден ұзап шыққаннан кейін Бәкеңді қимай, орталарынан жібергілері келмеген елдің жақсы-жайсаңдары артынан қуып келіп, араларындағы қара сөздің майталманы, шешендіктен алдына жан салмаған Тұңғышбай шешен Бәкеңнің алдын орап, «елде жақсы көретін дос-жолдастарың, туған-туыстарың, Аллаһ қосқан қосақтарың қалды, Аллаһқа құлшылықты үйде отырып жасасаң да болады ғой» сияқты жалынды сөздер айтып тоқтатпақшы болғанда: «Тұңғышбай, сөз білем деп, алды-артымды орап, жолыма бөгет болдың ғой, жеңгеміздің арқасында отындық ағаштан оқтау шығып ең, сен айтты деп кері қайтпаймын, әуре болма, қайта бер» деп тиып тастайды.

Үйіне келген соң Тұңғышекең аттан түспей, «Шеше, әкемді айт» деп сыртта тұрып алыпты. Сонда шешесі ақылды адам екен: «Менің арқамда сен Байғозыдан бір рет қана жеңіліп келдің, әйтпесе, күнде жеңілетін едің, күн ыстық, шөлдеген шығарсың, аттан түсіп, сусыныңды іш» деп жауап берген екен.

Бәкең Әзіреті сұлтанға барған соң егін егіп, мал бағып тынбай еңбек етеді. Аллаһ қолдап, еңбегі жемісті болып, салған егіні бітік шығып, малдары өсіп-өнеді. Тапқан табысын елге таратып, өзі үшін дүние жинамай, өмірін өткізеді. Арада біраз уақыт өткен кейін кіші шешемізді ертіп, мал-мүлік алып ағайындары артынан іздеп келгенде, ел-жұрттың, жалпы ағайынның амандығын сұрағаннан кейін Бәкең «мен осылай қарай сапарға шыққанда Қарағозының үйіндегі келін екіқабат еді, аман-есен босанды ма, не туды» деп сұрайды. Сонда артынан іздеп келген ағайын «мына Байғозының ақыл-есі дұрыс па, елдің жақсы-жайсаңдарын, өз бала-шағасын, мал-мүлкін сұрамай қайдағы бір тоқалдың ішіндегі шаранасын сұрайды» деп таңданғанда «Ей, бейбақтар-ай, ертеңгі күні сол баланың ардақты азамат болып ер жетіп, кейін менің басыма белгі орнатып, құран оқып, Аллаһтан мені жарылқауын тілеп, дұға етпесін қайдан білесіңдер» деген екен. Бұл бала Бәкеңнің інісі Қарағозының кіші әйелінен туған Бозмұхаммед (ел арасында Бозайғыр атанған) еді. Бабкеңнің ерекше сұраған  баласының Бозайғыр аталып кету себебі былай еді:

Ертеректе үлкен кісілердің жаз уақытында жас жеткіншектерді жинап алып, бір жағы қызық үшін, екінші жағынан жастардың дене тәрбиесіне пайдалылығын ескеріп, балаларды күрестіріп, жаяу жарыстырып, ат үстінде әртүрлі сайыстар ұйымдастырып отыруы күнделікті әдетке айналған жағдай болатын. Балалар арасындағы жаяу жарыста Бозмұхаммед алдына жан салмайтын жүйрік болып өсіпті, сондықтан үлкен кісілер оның жүйріктігіне сүйсініп Бозайғыр деп атап кеткен екен. Сол Бозайғыр жастайынан еңбекке ерте араласып, оқу-білімді де жақсы меңгеріп, білімді де дәулетті, қатарластарының алды болып ер жетеді. Азамат болып, өз қолы өз аузына жеткен соң Бозайғыр қажылық парызын өтеп, Байғозы бабасының қабірін Түркістандағы Қожа Ахмед Яссауидің кесенесінің жанынан іздеп тауып, басына белгі орнатып, арнайы Құран бағыштап, Алладан ол кісіге жарылқау тілеп, дұға оқып отырушы еді деп еске алатын көзі көрген үлкен кісілер. Осылайша, Байғозы бабамыздың Бозмұхаммед туралы айтқан көрегендік сөзін Алла қабыл қылып, орындалған екен.

Адам баласы тіршілікте арамнан қанша қашық жүремін дегенімен, қоршаған  орта  мен  өмір сүрген орта сол адамды тікелей арамды пайдалануына мәжбүрлей алмағанымен шүһба келтіретіндей жанама жағдай туғызады. Адалдыққа толық мойын бұрған адамның да кейде мұндай шүһбалық жағдайдан өзін арашалап ала алмайтын жағдайлары  ара-тұра болса да кездеседі.

Телғозының Шоңы уақытында 40-50 жыл болыстық қызмет атқарып, Ақмола уезінің жер комитетінің төрағасы болып қызмет істеген уақытында адалдықты ту қылып көтерген адам екенін Шоңкең өмір сүрген, Шоңкең қоныстанған, жұмыс істеп, туып-өскен елінде тұратын сол елдің көзі көрген батагөй қариялары жыр қылып айтып өтсе, олардан естігенін кейінгі жастары да осы уақытқа дейін еске алып отырады.

Бірде Шоң бір топ жора-жолдастарымен ел аралап аулына қайтып келе жатса, өзінің қонысы Қарағаш деген  жерде көп ағаштың ішінде бір айғыр үйірлі қысырақтың матаулы тұрғанын көріп, жақындап қараса, өз жылқыларының және маңайдағы жақын-жуық ағайындарының жылқыларының ен-таңбаларынан бөлек, бөтен жылқылар екенін байқайды. Үйіне келісімен бәйбішесі Әйімкүл мен биі әрі немере ағасы Қаспақты шақырып, «Қасеке, Әйімкүл, Қарағаштың ішінде матаулы қысырақтың үйірін көрдім, ен-таңбасы бөтен, біздің елдің малының ен-таңбасына ұқсамайды, бұл не қылған мал» деп сұраса, әлгі екеуі, «Мырза, біз білмейміз» депті. (Шоңкеңді өзінің азан шақырып қойған атын атамай, ел-жұрты сыйлап «Мырза» деп атап кеткен екен). Шоңкең «Ә, білмесеңдер, Әйімкүл, Қасеке, сол жылқылар өз иесін табатын болсын» деп үш қайтара шегелеп айтып шығып кеткен екен. Шоңкең өзінің ақыл-парасатымен талдың арасындағы матаулы жылқы ол кісінің қонысына тегін келмегенін, яғни, бір ісі түскен адамның өз сөзін өткізіп жіберу үшін алдын-ала жіберген пара малы екенін, оның мән-жайын бәйбішесі мен биінің білетіндігін түсініп-сезініп, олардан жылқыларды иесіне қайтаруды талап еткен екен. Өзінің билігі жеткен маңайда Шоңкеңнің сөзі екі болмаған, сондықтан қысырақтың үйірі өз иелеріне айтқан уақытында қайтарылып еді деп отыратын үлкен кісілер. Әдетте, көп ретте пара, суық қол арқылы келген мал үйдегі бәйбіше мен жақын жүретін билері  арқылы өтіп кететіндіктен Шоңкең үнемі «Әйімкүл, ертеңгі күніңді ойлай жүр» деп қайталаудан жалықпайды екен. Шоңкең бұл сөзімен таңдамахшар, яғни, Алланың сотының күні бүкіл адам баласына өзінің жалғандағы істеген ісі үшін жауап беретіндігін бәйбішесінің есіне үнемі салады екен.

Шоңның жас бозбала кезі болса керек. Айттырған қалыңдығы Әйімкүлдің төркіндері мен Шоңкеңнің туғандарының арасында қалыңмалға байланысты келіспеушілік болғандықтан, қалыңдықты күйеуіне әкеліп қосу уақыты аздап созылып кетсе керек. Мұны сезген Шоңкең әке-шешесіне айтпай қайын-жұртына «Қалың малға алатын малдарыңды алып кететін кісі жіберіңдер» деген  хабар  жібереді. Шоң келген кісілердің алдына он қысырақтың үйірін салып айдатып жібереді. Мұны естіген әкесі Шоңкеңді шақырып «шырағым, қыздың қалыңдығы 47 бас емес пе еді, сенің 100 жылқы айдатып жібергенің не» деген сөзіне «Телғозыға мал керек, Шоңға қатын керек»  деп тұрып кеткен екен.

Жас та болса Шоңкеңнің  бұл қылығы  ел жақсыларына «азды аясаң, көптен құр қаласың» деген халық мақалының мағынасын түсіндіріп, «ағайынмен аз шаруа үшін бет жыртысып, араларыңды ашпа, сыйластықтың қаймағын бұзба» деген ескертуі сияқты еді.

Шоң қыздарын ерте айттырып, ешкіммен бесік құда болмаған екен. Қызы бойжеткеннен кейін көрші отырған кіші жүздің сыйлы азаматы Жәнібек (кіші жүздің адамдары Жәкеңді хан ретінде дәріптеген) Шоңның қызын өз ұлына айттыру үшін жаушы жібереді. Шоңкең келген кісілерді қонақ қылып, құрметтеп сыйлап, қонақтарға қайтарында былай дейді:

«Жәкең ренжімесін, кіші жүз рулары мал жағдайына байланысты қысы-жазы көшіп-қонып жүреді. Бұл кеш жатып, ерте тұруға, қысы-жазы бел шешпей ат үсті демалуға, ыстық-суық асын уақытында ішпеуге соқтырады. Біздің ел – отырықшы өмір сүрген, сондықтан жастайынан басқа жағдайда тәрбиеленген адамға көшпелі өмір салты қиынға соғады және көндігіп кетуі екіталай, сондықтан қызымды баласына бере алмаймын» деп қайтарады. Бұл Шоңкеңнің жастайынан өмір сүру жағдайы екі түрлі тәрбие алған адамдардың бір ортадан екінші ортаға барып сіңісіп кетуінің қиындығын түсініп, қысы-жазы көшіп-қонып жүретін тіршілікке көндіге алмай  баласының қиындық көретінін сезіп, қызына жаны ашығандығы еді. Сол қызын кейін саудамен айналысатын ауқатты адам баласына айттырып, қалың малын төлеп келін қылып алады. Қызды ұзатып, жасауын даярлап, қыздың отауының көшімен Әйімкүл шешеміз барады. Шоңкең өзінің маңайында қалжың сөзге ұтқыр, күлдіргі, ұтымды көңіл ашар сөздердің білгірі ретінде Төлебай салды және салиқалы, ұстамды, орнымен сөз тауып сөйлейтін Бек деген шешенді ұстаған. Міне, қызының отауының көшімен бірге құдаларға сол Бек шешенді бірге жібереді. Шоңкең қазақтың «жақсыға да бір шіркін, жаманға да бір шіркін» деп түйіндегені сияқты біткен іске әйтеуір бір мін тағылатынын алдын-ала пайымдап, Бектің қолына 5 тиын бақыр ұстатады да, егер құда қыздың жасауына «олай екен, бұлай екен» деп жатса осы 5 тиын бақырды құданың қолына ұстатып «берген қалың малыңыздың қалғаны осы, Шоңкең сізге қайтарып бер деп еді» деп айтарсың деп тапсырып жібереді. Құданың аулына отау барып қонып, ел жайғасқаннан кейін құда «Шоң мырзаның қызының жасауында біз көрмеген заттар бола ма десек, бәрі өзіміз көрген мүліктер екен ғой» деп өзінше сын айтады. Сонда Бек «Құда, Шоң мырза құданың қызға берген қалыңмалынан қалғаны деп мына 5 тиын бақырды сіздің қолыңызға тапсырарсың деп беріп жіберіп еді» дегенде құда өзінің ағаттық айтқанын түсінген екен. Қазақ халқында қызына қалыңмал алған қыздың төркіні қалыңмалдан пайда тауып байиды деген түсінік қалыптасқан. Шоңкең бұл түсініктің қате екенін, баласына жаны ашыған ата-ана қалың малдан келген пұлды сол балаларға отау жасауға, үй болуға керек-жарақ мүлікті түгендеп, солардың келешекте таршылық көрмей жақсы өмір сүруіне жағдай жасауға жұмсайтындығын меңзеген.

Шоңның тұстастары туралы

 Шоңның тұстастары «Мырза, Алтай-Қарпықтан, өз қатарыңыздың ішінен сізден ақыл сұрамағаны болды ма» деп сұрағанда «Менен үш адам ақыл сұрамады, екеуінің өз ақылы өзіне жеткендіктен, ал біреуі - кесірлігінен» деген екен. «Бұл кімдер» дегенде «Қаңтарбайдың Исасы мен Сайдалы сары Тоқа өз ақылы өзіне жеткендіктен, ал Кеттебек - кесірлігінен» деген екен. Бірақ осы сөз айтылғаннан кейін біраз уақыт өткеннен соң Кеттекең де басына іс түсіп, Шоңнан ақыл сұрауға мәжбүр болады. Кеттекең бір шаруалармен кіналанып, ісі үкіметте қаралып, жазаланатын жағдайға тап болады. Іс насырға шапқан соң бір ақылын тапса, «шоқынды»  ғана тауып, жұмысты жаптырады деген үмітпен Шоңкеңе кісі жіберген екен. Сол замандағы орысша оқып, орыс тілін меңгерген аз адамның бірі Шоң болғандықтан оны құрдастары «шоқынды» деп те атаған екен. Кеттебектен келген кісіге Шоңкең «Кеттебекке айта бар, ақыл башайдың басында, ақыл башайдың басында» деп қайтарып жібереді. «Ақыл башайдың басында» деу себебі, бұдан бұрынырақта Кеттебекте алашағы бар бір жуас адам Шоңкеңе келіп «осындай алашағым бар еді, Кеттебек теңдік бермеді» деп шағымданады. Шоңкең Кеттекеңе арнап қағаз жазып, шағым иесінің қолына ұстатып, «Кеттебекке осыны алып бар» деп жібереді. Алашағы бар адамның Шоңға арызданғандығын, ол кісінің оған хат жазып бергенінен хабардар болып отырған Кеттебек алашағын даулап жүрген кісінің келе жатқанын естіп, үйінің төрінде аяғын айқастырып жатып қарсы алады. Келген адам қатты айтуға шамасы жетпей «Кеттеке, сізге Шоңкең мына хатты бер деп еді» десе, Кеттебек екі бақайының арасын ашқан екен. Хат әкелген адам қолындағы хатын Кеттекеңнің башайының арасына қыстырып кетіп, болған уақиғаны Шоңкеңе айтады ғой. Осы жағдайды Шоңкең Кеттебектің есіне «Ақыл башайдың басында» деп салған еді. «Менің жазған хатымды қолыңмен алмай, оқымай, аяғыңның башайымен қабылдадың, енді сол бақайыңнан ақыл сұра» деп  Кеттекеңе ағаттығын ұқтырған екен. Бірақ ағайын «өкпеге қиса да, өлімге қимайды» дегендей Шоңкең Кеттекеңнің білместігін кек тұтпай, басына түскен ісінен құтылуға ықпал жасап құтқарған екен.

Шоңкеңнен ақыл сұрамағандардың ішінде аты аталған  Алтай-Қарпықтың игі жақсыларының бірі - Сайдалы сары Тоқа  Шоң мырзамен жас шамасы қатарлас, асқан күйші композитор болған адам. Ол кісінің күйшілік өнері мен музыкалық шығармашылығын бағалаған ұрпақтары қабіріне ескерткіш орнатып  қадірлесе, Шоңның ұрпағы,  күй өнерінің шебер орындаушысы, композитор Қанай ұлы Мұхаметжан Сайдалы Сары Тоқаның шығарған күйлерін кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында және келешекте ұмытылып қалмауын ойластырып нотаға түсіріп, домбырада ойнап, жас жеткіншектерге үйрету жолында көп еңбек сіңірді. Сол Сары Тоқа бір жылы қыс айында Шоңкеңнің үйіне кештетіп келіп, есіктен кірмей, үйдің терезесін теуіп кіріп, төрге барып жастық салып қисаяды. Үйдегілер «Мынау қайтеді-ей» деп тіксініп реніш қылғанда, Шоңкең маңайындағыларға «Абыржымаңдар, бұл Сары тентек (ел ішінде тұстастары оны еркелетіп «Сары тентек» деп атайды екен) бірдеңеге ренжіп келген ғой, қонақасыларыңды дайындаңдар» деп болған істі жайма-шуақтатады. Әлден уақытта, дастарханға шай дайындалып, жайланғаннан кейін Сары Тоқа  «Шоң, көш бұл жерден», - дейді. «Сен мына төменгі жақта орналасқан Алтайдың елін қыстың көзі қырауда қырамысың» деп әрі өкпе, әрі арыз айтады. Мұның себебі, Алтай руының ауылдары Ортау, Қызылтау, Ақтау деп аталатын жерлерді қыстайды. Ол уақытта қазіргі Жаңаарқа ауданының тұрғындары егін екпей, бірыңғай мал шаруашылығымен айналысып, егін өнімдерін Нұра ауданының маңайында орналасқан екпелі шаруашылықпен айналысатын елден сатып алады екен. Егін өнімдерін алып келу үшін күзгі жиын-терін біткеннен кейін ел қыстауға орналасқан соң жолға шығып, айлап жүріп елге оралады екен. Ол заманда жол бойында қонақ үй, асхана дегендер болмайды, сондықтан жолаушылар жолдағы елге қонақтап күн көреді. Сол жылы қыс қатты, қар ерте түсіп, Нұраға қатынайтын жолдың бойында орналасқан тоқа руының ауылдарының да хал-ауқаттары онша болмай, қонақ күтетін жағдайы жоқтар Нұрадан өткен Сары тоқаларды үйлеріне қондырмай жібереді. Осыған ренжіген Тоқа сол елдің болысы және бетке ұстар азаматы Шоңның үйінің терезесін сындырып кіріп базынашылық жасаған ғой.  Тоқаның ренішін дұрыс түсінген Шоңкең «Сары тентек,  сен ашуыңды бас, тамағыңды ішіп дем ал, бір жағдайы болар» деп ашуын басады. Келесі күні Шоңкең Нұраға баратын жол бойында орналасқан елдің бәріне шабарман жіберіп  «Жол бойында орналасқан ауылдардың барлық үйінің есігі жолаушылар үшін қысы-жазы ашық болсын. Жағдайлары барлар келген қонақты күтіп тамақтандырсын, жағдайы жоқтар түнделетіп келген жолаушыларды үйге түнемелікке жіберіп, жылы жерге орналастырсын, көліктеріне қорадан орын берсін. Бұны орындамағандар отырған қыстауларынан өзінің қалаған жағына көшсін» деп жарлық берген екен. Осылайша, елге сыйлы Шоңкеңнің жарлығы мүлтіксіз орындалып,  жүргіншілер тарапынан мұндай жағдай кездеспеген екен.

Бірде Шоң бір топ жолдастарымен Сайдалы сары Тоқаның үйіне қоналқыға тоқтайды. Шоң мырзаға кішігірім мал союдың ретін таппай, соя қоятын ірі семіз жылқының реті болмай Тоқа қысылады. Сол кезде күтушілердің бірі Шоң мырзаның мінген атының семізден жарағанын айтады. «Ендеше сол атты малға бата сұрап, соя беріңдер де, осы маңайдағы аттың ең тәуірін әкеліп мырзаның ерін ерттеп қойыңдар» деп Шоңкеңнің мініп келген атын сойып қонақтарды сыйлайды. Ертеңінде Шоңкеңнің ері ерттелген аттың басқа ат екенін байқаған мырзаның атқосшыларының бірі «Мырза, сіздің атты  өзгертіп жіберіпті» дегенде Шоңкең «Үндеме, түндегі жеген семіз етің сол аттың еті екенін білмедің бе, ат орнына ат тұр ғой» дейді. Тоқаның қонақасыдан қысылып өзінің атын өзіне қонақасыға сойып берген еркелігін Тоқаның бір еркелігіне және тапқырлығына бағалап, Шоңкең ат жөнінде бір ауыз жақ ашпастан аттанып кеткен екен. Мұндай мәрттік,  әрі қалған замандастарының өзіне істеген базынашылығын жарға секірген лақтың «ойыны» деп білген Шоңкеңнің ғана қолынан келетін даналық пен маңғаздық !

Бірде Шоңның үйіне ел сыйлайтын азамат, өткір тілді, орақ ауызды Сұраған шешен келіп қонады. Іңір уақытында Шоңкең Сұрағаннан «Қыздарбек, Жайма ұрлық қыла ма» деп сұрайды.  Қыздарбек те, Жайма  да сол елдің бай- болысы, Шоңкеңмен тұстас, елдің бетке ұстар азаматтары екен. Сұраған  шешен «Қыздарбек, Жайма ұрлық қылмайды» дегенде Шоңкең «Қыздарбек, Жайма ұрлық қылмайды, ұрыға ат майын береді, ат майын алады» деу арқылы сол уақытта өмір сүрген дәулетті, елдің сөзін сөйлеп жүрген азаматтардың өздері ұры ұстап, ұрлықтан келген малдан үлес алатындығын меңзеген екен. Біраз уақыттан соң Сұраған «Шоң ұрлық қыла ма» деп қарсы сұрақ қойған екен. Сонда Шоңкең  «Шоң ұрлық қылмайды» деп үш қайтара айтып жауап береді. Сонда Сұраған отырып, «Шоң ұрлық қылмайды, бірақ Қыздарбек, Жаймамен құда болады, қыз алып, қыз береді» деген екен. Мұндағы Сұрағанның меңзеп отырғаны – құдалар арасында алыс-беріс болып тұратындықтан ұрлықтан келген малдан сен де аман емессің» деген сөзіне Шоңкең ақталуды орынсыз деп түсінгені ме, әлде маңайындағы өзі қатарлы атқамінерлерді жаман әдеттен тия алмағандығына назаланғаны ма  «Сұраған сөз біледі» деп үш қайтара айтып тұрып кеткен екен.

Шоңның Ақмола уезі бойынша жер бөлімінің төбе биі болғандығы жөнінде үлкендер мынадай бір жайды айтып отырушы еді. Қанжығалы руынан шыққан, ел сыйлайтын, «Тура биде туған жоқ, бұрған биде иман жоқ» деген халық даналығын бұлжытпай, қара қылды қақ жарып  билік айтып, әділ би атанған Саққұлақ би сексеннен асып, қартайған шағында туысқандары арасынан оның жеріне көз алартушылар шығып, ағайын арасы ашыла бастағанын байқаған Саққұлақ би мынадай өлең жолдарымен

Шырағым, Шоң мырзаға сәлем деңіз,

Кім десе Саққұлақ ағаң  деңіз.

Сегізде тісім түсті, сексенде ісім түсті,

Мал басы, одан басқа аман деңіз! - деп бір ауыз сәлем айтып Шоңға арнайы адам жібереді.

Келген адамынан Сәкеңнің сәлемін естігенде Шоңкең «е, Сақаңды қарттық билеген соң туыстары жеріне таласқан сыңайлы ғой» деп мән-жайды бірден түсініп, «Сақаңа сәлем айт, өзім жақында барып сәлемдесіп шығармын» деп жауап қайтарыпты. Көп уақыт өткізбей Сақаңның аулына келіп, Атбасар тауын ортасынан жүріп өтіп, «мына жағы - Сақаңның жайлауы болады, мына жері -сендердің жерлерің» деп жер жөнінде туындаған түсініспеушілікті шешіп, екі жақты да  ырза қылып қайтқан екен.

Шоңның тұстасы, кезінде ауқатты болған Құтжан деген кісі істі болып, оны Сібірге – ит жеккенге жер аудару туралы шешім шығарылып, Ақмоладан ояз бастаған комиссия Құтжанды Сібірге жер аударуға әкетіп бара жатқан жолында Шоңның аулына соғады.

Шоңкең келген оязға бөлек, Құтжанға бөлек үй тіктіріп, арнайы қонақасын беріп, сый көрсетеді. Шоңкең ояз бастаған қонақтарға «жер көрсетемін» деген сылтаумен Қарағаштың ішін аралатады. Жаз айларында Қарағаштың ішінің шөбі шүйгін, суы мол, ағашы адамға да, малға да күннің ыстығынан көлеңке, жайлы болғанымен, қалың өскен тал арасында бармақтай-бармақтай соналары көп болады. Неге екенін кім білсін, сол соналар жаңадан келген адамды болсын, малды болсын, шағып шыдатпайды және сона шаққан жер қолма-қол  талаурап ісіп кетеді. Сол Қарағаш жерінде кейінгі Кеңес уақытының кезінде ауданның орман шаруашылығының басқармасы орналасып, шаруашылықта жұмыс атқаратын адамдар орман ішінде қысы-жазы тұрып жататын. Сол шаруашылыққа жұмыс бабымен жаз айында жолым түсіп, барып едім. Аз уақыттың ішінде қол-аяғымды, денемнің ашық жерлерін сона шағып қып-қызыл болып шыға келді, астымдағы атым да жанын қоярға жер таппай мазасы кетіп, әбден берекеміз кетті. Сонадан қорғалап, атты қораға байлап, өзім үйге кіріп жан сауғаладым. Бір қызығы, сол жердің тұрғындары жеңіл киіммен, ашық-шашық, сонада шаруасы жоқ сияқты күнделікті тіршіліктерін жайбарақат атқарып жүр. Тіпті оларға сонаның бар-жоғы білінбейтін сияқты, малдарының да мазасызданғаны байқалмайды, күннің ыстығынан ағаштың көлеңкесін саялап, жайбарақат. Сонаның шаққанынан қызарып, ісіп кеткен менің бет-жүзімді, қолымды көріп жергілікті жігіттер «ештеңе етпейді, адам да мал да біраздан кейін сонаның шаққанына үйреніп кетеді» деп күліп қояды. Неге екені белгісіз, сол жердің тұрғылықты тұрғындары мен малдарының ағзасында сонаны жолатпайтын бір зат пайда бола ма, әйтеуір жергілікті тұрғындарға сона жоламайды. Міне, осындай ерекшелігі бар орман арасын аралауға шыққан ояз бен оның жанындағыларды сона шағып, шыдамай үйге қашып тығылады. Сөз арасында Шоңкең оязға «Құтжанды Сібірге айдап әуре болмай-ақ қойсаңызшы, мына жердің малға да, адамға да қолайсыз, жайсыз екенін көрдіңіз, айдалып бара жатқан адам жазасын осы жерде өткізсін, ұзап шықпауын өзім-ақ қадағалаттырайын» деген ұсыныс жасайды. Оязға бұл ұсыныс ұнап, «адамдардан оқшау отырып, бір жапа шексе, сонаға таланып, берекесі кетсін, бұл дұрыс ұсыныс екен» деп айтылған ұсынысқа келісіп, Құтжекеңді  жер аударылған мерзімін сол жерде өткізуге шешім шығарып,  қалдырып кеткен екен.

Халқымызда «Жақсылыққа жақсылық - әр жігіттің ісі, ал жамандыққа жақсылық - ер жігіттің ісі» дейтін нақыл сөз болғанымен, жақсылықтың өзін жақсылықпен қайтару әрбір адамның қолынан келе бермейтіні – өмір шындығы. Бірлі-жарым жыл отырғаннан кейін адам баласының арасы өлім-жітімсіз бола ма, Құтжекеңнің отбасынан о дүниелік болғандарын сол қоныстанған жеріне жерлеп, кейін сол молаларды айғақ қылып Құтжан «Бұл жер менің жерім еді, Шоң қызметін пайдаланып, уақытында менен тартып алған осы жерді өзіме қайтаруыңызды сұраймын» деп Шоңкеңнің үстінен жоғарғы жаққа арызданады. Бұл жағдайды естіген, ит жеккенге жер аударылып бара жатқан жерінен өз жерінен қоныс беріп, оязға беделін салып алып қалған Шоңкең Құтжанды өз жеріне көшіртіп жіберіп, «адамның бал тіліне нанба, алтын берсе алма» деп артына нақыл сөз қалдырған екен.

Осылайша, ұлы адамдар өмірінен алынған мысалдардан шығатын қорытынды мынадай, сөзінде тұрақ жоқ, адамды көзінше жер-көкке сыйғызбай мақтап, сыртынан іске алғысыз қылып жамандап жүретіндерді, бал тіліне нанбайтын, алтын берсе алмайтын, маңына жоламайтын адамгершілігі төмен адамға бағалап, ондайлардан есі барлар арақашықтық сақтап, яғни, тым араласпай да, аса араздасып та кетпей, сұлу сыпайы сыйластық сақтау жөн саналады.

Бірде Шоңның үйіне Лекер деген мосқал тартқан бір замандасы жоғалған түйесін іздеп, ел аралап жүріп келіп қонады. Сөз арасында Шоңкеңнің балаларының бірі  қалжыңдамақшы болып Лекеңе «балаларыңыз ер жетіп, малға ие болатын жасқа жеткен жоқ па, қартайғанда мал іздеп, неге әуре болып жүрсіз, үйде тыныш отырмайсыз ба? – депті. Лекең «Шырағым, жасы ұлғайған адамға мал керегі жоқ болса, қартайғанда көзіне терезесін киіп, қолына айырын ұстап әкең не ғып отыр? – деп қарсы сұрақ қойыпты. Сөзден ұтылған Оспан үндей алмай тосылып үнсіз қалады. Мұны естіген Шоңкең баласына жақтырмай тесіліп бір қарап, бірақ сөзге сөз қайтармаған екен.

Бірде Сайдалы сары Тоқаның үйіне атақты Шөже ақын сәлем беріп кіріп келе жатқанда, өнер адамдары бірімен-бірі қатты ойнайды ғой, Тоқа «әй, соқыр, табалдырықта тұрып мені бір ауыз өлеңмен мақташы» деп қалжыңдапты. Сонда Шөже ақын бөгелместен:

Сандыбай Ерден Дүзен шықты төменгі елден,

Шоң шықты Дәулетбике деген елден.

Баласы бес Мейрамның бас қосқанда,

Ей, Тоқа, бәрі келіп, саған сәлем берген, - дегенде,  Сайдалы сары Тоқа:

«Ой, соқырым, асыра мақтап жібердің, асыра мақтап жібердің», -  деген екен.

Шіркін, баяғының жақсылары-ай, бірін-бірі түсінген, сыйлаған, бірінің жетпегенін екіншісі жеткізіп қолдап, бірінің қатесін екіншісі түзетіп отырған.

Бірде Шоңның үйінде ел сыйлайтын белгілі Талжан би қонақта болады. Шоңкеңнің әдеті бойынша келген қонаққа қонақтың сыбағасы деп бөлек табақ жасатып, өзі маңайындағылармен бөлек табақтан тамақтанып отырады. Тамақты жаңа ала бергенде Шоңкеңнің еркелеткен сөз шебері, өзі сері, өзі сал Төлебай сал сәлем беріп кіріп келеді. Қалыптасқан әдет бойынша қонаққа тартылған тағам қонақтың ризығы, қонақтың иелігі саналғандықтан, сырттан келген кісіні табаққа шақыру қонақтың еркінде деп санап, әдеп сақтап, қонақ шақырады ғой деп үй иесі сәл кідіреді. Талжан би Төлебай салға өкпесі бар ма әлде менсінбей ме отырған табағына «кел» деп шақыра қоймайды. Қонақ шақырмаған соң Шоңкең өзі отырған табағына шақырады. Төлебай сал ел аралап келген соң, Шоңкеңе келіп сәлем береді екен, ал Шоңкең салдан «не көрдің, не білдің» деп ел арасының жәй-жапсарын сұрап отыру әдеті болған. Сал төрге шығып отырып, жайғасқан соң әдетінше, «Төкім, не көрдің, не білдің» деп сұраса, Төлебай сал, «Мырза, мына жақта Аманғұл деген ел бар екен, Амантау деген тау бар екен, Шошқакөл деген көл бар екен, Шошқакөлге жақындап келгенде алдымнан бір топ шошқа қалың ну қамысқа қарай қашты. Екі тазым шошқаны қуып қамысқа кірген соң тазыларым аң алып жүрген ерен жүйрік жақсы иттер еді, шошқа жарып тастамасын» деп атымды тебініп келсем, шошқа –Талжандай, ит – мендей» біріне бірі ежірейіп қарап тұр екен дегенде, өз қатесін түсінген Талжан би орнынан тұрып «сал, менен бір қателік болды, енді бұл сөзді ешкімге айтпа» деп салдың қолын алыпты. Бірақ «отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жайылады» деп халық даналығы айтпақшы, бидің адамды сыйлау, адамдар арасындағы қарым-қатынас әдебін сақтаудағы жіберген қатесі, табанда өткір ұтымды сөзбен сынап бетіне айтқан ауыр сын сөзі ұрпақтан ұрпаққа айтылып келеді. «Өнер алды - қызыл тіл» деп сөз қадірін түсінген сол уақыттың адамдары сөзден жеңілгеніне және өзіне айтылған сынның қанша ауырлығына қарамай айтқан адаммен өштесіп, араздаспай, қайта өз мінін мойындап, келешекте қайталамауға әдеттенген. Біздің заманымызда біреудің қателігін жай сөзбен айтсаң да сол жіберген қатені мойындап, келешекте жібермеудің орнына «менің арым былғанды» деп соттасып жату әдетке айналып барады. Әрине, мұндай жағдайда дана Абай айтқан «ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» нақылы азаматтардың санасына сіңуі қиындау.

Төлебай сал егде тартып, салдық, серіліктен бас тартып, байсалды ел ағасына айналған шағында маңайындағылар «Төке, сал-серілік құрып, елді көп араладыңыз, талай от ауызды, орақ тілді шешендермен сөз таластырдыңыз, сізді сөзден жеңген адам болды ма» деген сұраққа,  «Ой жігіттер-ай, қанша сөз білем дегенмен, ел арасында  асқан сөз шеберлері болады екен, мен өмірімде бір әйелден үш рет жеңілдім» деп мойындапты. «Ел іші - өнер кеніші»  демекші, елге атағы жайылып, халыққа кеңінен танымал болмаса да сөзге шебер, ұшқыр ойлы, ойындағысын өлеңмен жеткізетін суырыпсалма адамдар ел ішінде табылып жатады. «Төлебай салды жеңген кім болды екен, және қалай жеңді екен» деген қызығушылық жеңгендер тақымдап қоймаған соң, «Жас кезім, менің алдымнан сөзден кім шығады» деп кеудеме нан пісіп жүрген уақыт: бір ауылдың тұсынан өтіп бара жатып, құдықтан қауға тартып, мал суарып тұрған қызыл көйлекті бір қызды көріп қалдым. Жақындап келсем, қыздың көйлегінің қолтығы жыртық екен, қауға тартқан сайын қыздың қолтығы ағарып көрініп тұрды. Қызды бір сүріндірейін деген оймен түлен түртіп, «қарындас, ақ қолтық қызыл қашар жоғалттым, көзіңе түспеді ме» дегенімде «Иә, ағай көрдім, әлгі бір әзірде ақ қолтық қызыл қашар былай қарай, - деп қолын батысқа қарай сілтеп, - кетіп бара жатқан, артынан бір үлкен қара пұшық бұқа сүйіп, жалап бара жатқан» демесі бар емес пе! Сөзден жеңіліп, «тіліңді құдай кессін» деп атты бұрып кетіп бара жатыр едік, артымыздан қыздың қасындағы ит шабаланып үріп, ілесті. Сөзден ұтылып, ренжіп келе жатқан жігіттердің бірі итті қамшымен бір тартып еді, ит қыңсылап қыздың етегіне барып тығылды. Сонда қыз «Жылама, Жоламан, жылама, ағасы ұрар болар, інісі жылар болар» деп иттің басынан сипады. Мен қыздың көйлегінің жыртығын бетіне басып, салақтығын сынап, өзін қашарға теңесем, ол мені бірінші рет қара пұшық бұқаға теңеп, екінші рет «итпен ит болдыңдар» дегендей итке теңеді. «Қап, тағы бір кездессем есемді қайтарармын-ау» деп жүргенде, бір жәрмеңкеге барсам, әлгі қыз үйлі-баранды болған, жәрмеңке өткізіп жатқан жерге желі тартып, бие байлап сауады екен. Биенің сауымы болды-ау деген мезгілде сол жерге жақын қос тігіп, мосы орнатып, шәугімге шай қойып екі-үш ақсақалды қасыма алып, әңгімелескен болып отырдық. Бір кезде келіншек келіп, бізде шаруасы жоқ бір тізесін жерге бүгіп, екінші тізесіне ыдысын қойып биесін сауа бастады. Осы кезде мен «сүрінетін жерің енді келген шығар» деп  «ей, көргенсіз, алдыңда ақсақалдар отыр, ұялмайсың ба, бізге қарап отыруға» дегенімде:

Ақсақалыңа сиейін қосыңменен,

Шәйнегіңе сиейін мосыңменен.

Қайта-қайта соңымнан бір қалмайсың,

Дәл аузыңа сиейін осымменен!!! – деп әйел астын қолымен үш рет ұрып жүріп кетті.

Бие сауатын жерге барып отыру әрине біздікі әбестік, бірақ келіншекті сөзден тосамын деп, әдейі істедім ғой, олай болмады, тапқыр әйел өзіміздің әбестігімізді ескертіп, қатты масқара қылып кетті. Қалай дегенмен, үлкен сыйлап өскен елдің ұрпағы ғой, кейін бізді іздеп тауып, мал сойып, үйіне қонақ қылып, арқамызға шапан жауып, «сөз атасы өлмесін деп, сіздерге әбестік сөз айттым» деп кешірім сұрады деп әңгімесін аяқтады Төкең сал.

Шіркін, әр қадамын саралап, салмақтап, талдап, қатесін келешекте қайталамай, дұрысын елге өнеге етіп ұсынған тәрбиелі де, тәртіпті даналарымыздың әрбір іс-әрекеті бізге күнделікті өміріміздің бұлжытпай орындайтын өмір әдебіне айналса кәне!

Тұңғышбай шешеннің Құнанбай қажыға қонақ  болуы

Тұңғышбай шешеннің шешесі тобықты руынан шыққан, Құнанбай қажыға жақын адамдардың қызы екен. Тұңғышекең қарадан хан шыққан аса шешен адам, ақылымен, парасатымен ел асқан Құнанбай қажыға - нағашыма сәлем беремін деп іздеп барады. Құнекең келген қонағын екі-үш күн қонақүйде дем алдырып, күтіп қабылдайды екен. Тұңғышекең алыс жолдан келіп, дем алып, жайланған соң Құнекең қабылдап, дәм арасында әр түрлі әңгімелер айтылып, қонақ пен үй иесі бірін-бірі сынап отырады. Тұңғышекең қарасөзге дес бермейтін тілмар шешен, Құнекеңе сөзден ұстатпайды. Намаз оқитын уақыт келеді, Құнекең мен Тұңғышекең жамағат болып намаз оқығанда Тұңғышекең намаз сабағын білмейді екен, «иа, патша-құдай, құлым дей гөр»  деп намазға жығыла беретінін Құнанбай байқап қалады. Намаз біткен соң Құнекең «Тұңғышбайым, намазың намаз болмады, намаз сабағынан ештеңе айтпадың, намазыңды қайта оқы»  дейді. Сонда Тұңғышекең «Қажеке, менің намазым - намаз-ақ. Сіз өзіңіз намазыңызды қайта оқыңыз, намазда тұрған адамды кім аңдиды»  деп Құнекеңді сөзден тосқан екен. «Намазға тұрған адамды шайтан аңдиды»  деген қағиданы айтпаса да сөзімен ұғындырып, «Намазда тұрған мені аңдып, сіздің ниетіңіз құдайға жасаған құлдық ғибадатыңызда емес, менің оқыған намазымда болды, сондықтан сіздің өзіңіздің намазыңыз бұзылды»  дегенге меңзейді.

Тұңғышбайды  сөзден ұта алмаған Құнекең  «Тұңғышбайым, сенің нағашың кім»  деп сұрапты.  Сонда Тұңғышекең «ой, Қажеке, нағашысын кім сұрап жүр дейсің, әкем шешемді 5 байталға сатып алған күң деп үй айналдырып сабап жүруші еді» дейді.  Егер «нағашым сіз ғой»  десе Құнекеңнің «е, кімге тартып тәуір болып жүр десем, өзімізге тартқан екенсің ғой»  деп сөзден ұтып кететінін алдын-ала пайымдаған Тұңғышбай бұл сұраққа да тұзаққа түспей жалтарып жауап берген екен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға