Жаңалықтар

Тележүргізуші Ғалым Кәлмен: Журналистика – жұмысым, дубляж – хоббиім

Журналист, тележүргізуші Ғалым Кәлменмен сұхбат
Тележүргізуші Ғалым Кәлмен: Журналистика – жұмысым, дубляж – хоббиім
Фото: жеке мұрағат 25.11.2022 12:28 5347

Журналистика – қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін үлкен сала. Себебі төртінші билік халықтың көзі, құлағы әрі жанашары. Қоғамдағы өзекті мәселелерді көтере отырып, жан-жақты зерттеу жұмысын жүргізу, ақпаратты жылдам жеткізу оңай емес. Әсіресе эфир тізгінін қолға алып, экран алдына шығу үшін мол тәжірибе қажет.

Бүгінде көрерменнің көзайымына айналған сүйікті тележүргізуші Ғалым Кәлменмен журналистика саласының қыр-сырын талқылау мақсатында әңгіме өрбіттік.

- Халық сізді Еуразия бірінші арнасындағы «Басты жаңалықтардың» жүргізушісі ретінде таниды. Жаңалықтар бөлімінде қызмет етудің жүгі ауыр емес пе?

- Кез-келген арнаның ең қызығы да, қиыны да осы жаңалықтар бөліміндегі жұмыс. Бірақ арқалаған жүгімізді айтып, өзіме ұпай жинамай-ақ қояйын. Шерхан аға Мұртазаның бір ауыз сөзі бәрін сипаттап тұр ғой.

- Жұмыс барысында қандай принциптерді ұстанасыз?

- Жұмысыңды үндемей істе. Бағасын әріптестерің емес, көрермен береді. Құл секілді еңбек ет те, хан секілді демал! Осы ғана.

- Эфирге шығу үшін қаншалықты дайындаласыз?

- Әр тележүргізуші күнделікті жаттығуын жасайды. Дикция мен дауыс та спортшының денесі секілді, әрдайым дайындықта, тонуста жүру керек. Маған мысалы, эфир алдында 5 минут жаңылтпаш айту мен бір стақан жылы су ішкен жетеді. Әркімде әрқалай. Ал мәтінді өзінің қарым-қабілетіне қарай қайталап оқып алады.

- Эфирде суфлерді оқып үлгермей қалған немесе ыңғайсыз жағдайға тап болған кезіңіз болды ма?

- Техникалық ақаусыз «таза» эфир өте сирек кездеседі. АСБ-да (эфир кезінде редактор, режиссер мен техникалық мамандар отыратын бөлме) күнде бірдеңе болып жатады ғой. Біресе дыбыс шықпай қалады, біресе суфлер өшеді, біресе аяқ астынан сюжет тоқтап қалады. Адами факторларға байланысты да материалдардың орны ауысып, эфирге үлгермей, оқитын жаңалықтың орнына суфлерға басқа мәтін шығып кетеді. Ондайда қолымыздағы қағазға қарап, режиссердің пәрмендеріне қарай жұмыс істейміз. Құлаққап арқылы АСБ-дағы барлық айқай-шуды тыңдап, арасынан өзіңе қажет пәрменді естіп, керек десең айтылған әзілдерге жымиып отырасың күнде. Өз басым бірнеше рет қатты түшкіргім келді, бірде күлкім келді, эфир үстінде жөтелгім келгені де бар. Бір күні мұрным қанап, әбігер болғам. Ал ең есімде қалғаны, «Хабар 24» телеарнасында жүріп, дәл эфир алдында көзіме тағатын линзамды (көзім нашарлау көреді) таппай қалған кезім. Қағазға шұқшиып отырып жүргізу де жақсы көрінбейді. Сондықтан, барлық позицияны жаттауға тура келді. Арасында сандарды шатастырып, адамдардың аттарын ауыстырып, жылдардан жаңылып, эфирді ботқа қылғаным бар.

Тележүргізуші Ғалым Кәлмен: Журналистика – жұмысым, дубляж – хоббиім

- Сіздей кәсіби журналист, тележүргізуші болуға ұмтылатын жастар көп. Оларға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

- Бірден айтайын, дәл мен секілді журналист болуға тырыспасын. Ешкім ешкімді қайталай алмайды. Ешкім екінші Мақсат Толықпай, екінші Нартай Аралбай, екінші Есболат Айдабосын бола алмайды. Біреуге қызығу дұрыс, еліктеп қайталау дұрыс емес. Ол өзін жоғалтады. Одан да өзінің ерекше тұсын дамытып, айдар етіп алсын. Біле білсеңіз, тіліндегі аздаған мүкісін де, даусындағы ғырылын, дикциясындағы шалалықты та дұрыс қолдана алса, өзінің «фишкасы» болады ертең. Біз мықты жағымызды дамытуға тырысамыз, керісінше, елден өзгеше тұсын таныта алса, сонысымен есте қалады. Өйткені әдемі сөйлеудің, керемет жазудың, эфирді тамаша жүргізудің стандарты жоқ. Қайталанбас адамдардың ешқайсысы идеал емес, жай ғана ерекше.

- Жеке өзіңізден тәлім-тәрбие алатын шәкірттеріңіз бар ма?

- Өзімді әлі шәкірт тәрбиелейтін деңгейге жеттім деп ойламаймын. Оқушыңның алдындағы жауапкершілікті де білу керек! Экранға жарқырап шықтым екен деп ұстаз бола салу пайдакүнемдік деп ойлаймын. Ал дикцияны дұрыстау, мәтіннің құрылымын түзу, эфир тізгіндеу, әріптерді анық дыбыстау бойынша кез-келген адамға кеңес беруге дайынмын. Тегін! Мен осынша жыл журналистикада жүріп, «Мен Шерхан Мұртазаның шәкіртімін», «Мен Әбдірәлі Бөлебайдың шәкіртімін», «Мен Нұртілеу Иманғалиұлының шәкіртімін» деген адамды кездестірмедім. Сол ұлы кісілердің өзі идеалдыққа ұмтылып, өмір-бақи өздері оқып өткенде, мен қалай біреуді оқытпақпын? Сосын ол курсыңнан өткен жастардың бәрін топырлатып не істейсің? Онша журналист кімге керек?

- Журналистерді төртінші билік өкілдері деп жатады ғой. Қазір осы төртінші биліктің сөзін бірінші билік тыңдай ма?

- Тыңдағанда қандай! Тыңдамақ түгілі, санасады. Журналистердің көтерген мәселелері көбіне шешімін тауып жатады. Халық та өз үнін жоғарыға журналистер арқылы жеткізеді. Шеше алмаған кез келген проблемасын тілшілер арқылы айтып, көпшіліктің назарын аудара алады. Соңғы уақыттағы әлеуметтік маңызды бастамалар мен реформалар да журналистердің зерттеуінен кейін қолға алынып, соңына дейін жетіп жатыр. Өңірлердегі түрлі саланың олқылықтары, қоғамның әлеуметтік қиындықтары, саясат, экономика, қылмыстың дұрыс тергелуі, соттың әділ шешімі, айта берсең көп. Бәрі де тілшілердің көзі түскенде резонансқа айналып, ең лауазымды адамдарды еріксіз құлақ түргізеді.

- Бүгінде журналистика саласының қай тұсына көңіліңіз толмайды?

- Біріншіден, тележурналистерде шығармашылық еркіндік аз. Көбіне күнделікті ақпараттармен айналысып кетеді. Сайттарда жылт еткен жаңалықтың соңына түсіп, сол туралы зерттеуге кіріседі. Яғни, өзі ньюсмейкер (жаңалық жасаушы) журналист аз, бастама көтеретін тілші жоқтың қасы. Екіншіден, цензурадан құтыла алмай жатырмыз. Журналистердің жек көретіні – «жоғарғы жақтың» жұмысқа кедергі келтіруі. Әсіресе, саясат, тіл, ұлт тақырыбына келгенде «қадағалаушылар/түзетушілер» көбейіп кетеді. Елімізде БАҚ-на ықпалы күшті, кей жаңалықты эфирден/баспадан алдырып тастай алатын бірнеше орган бар. Үшіншіден, өзін журналиспін деп жүрген көп адам – копипастер. Бар білгені отандық және шетелдік телеграм арналардың жазғанымен шектеледі. Халықаралық сарапшы аталатын түсініксіз адамдардың көзқарасын баяндап берушілер, былайша айтқанда. Өзінің көзқарасы көлеңкеде қалып, фейсбук қолданушыларының тықпалаған позициясын өзіне жұтып алғыш. Төртінші, әрі ең жанға бататын проблема – калька. Таза қазақ тілінде жазатын журналист кемде-кем. Көбінің сөздері қазақша болғанымен, мәтіндегі сөйлемдерінің құрылымы орысша сайрайды. Сосын, жұрнақ-жалғаулары орыс тілінің ережелеріне бағынып кетіп жатады.

- Білуімше, сіз дубляжды қайта қолға алып жатыр екенсіз. Алдағы уақытта сіз дыбыстаған қандай туындыларды көре аламыз?

- Жуырда Қазақстандағы барлық кинотеатрда болатын Голливудтың бір туындысындағы танымал кейіпкер менің даусыммен қазақша сөйлейді. Бірақ оны қазір айтуға болмайды екен. Әзірше құпия бола тұрсын. Талап сондай.

Тележүргізуші Ғалым Кәлмен: Журналистика – жұмысым, дубляж – хоббиім

- Журналистика саласы мен дубляжды қатар алып жүру қиын емес пе?

- Егер уақытымды дұрыс реттей алсам, бірінің біріне пайдасы болмаса зияны жоқ. Қайта тыңғылықты әрі тұрақты дайындық дауыс ырғағым мен дикцияма оң әсерін береді. Оның үстіне өзім қызығып қолға алған істен ләззат аламын. Журналистика – жұмысым, дубляж – хоббиім болып тұр қазір.

- Қазақстандағы ең үздік журналистер деп кімдерді атай аласыз?

- Осы жерде менімен келіспейтіндер табылар. Мен үшін үздіктер танымал болмауы мүмкін, ал танымалдардың бәрі үздік деген сөз емес. Өйткені журналистиканың әуелгі мақсаты – танымал болу емес. Тура сол сияқты эфирде жарқырап жүргендердің бәрі журналист емес. Сіз үздік әншіні қалай анықтар едіңіз? Әні міндетті түрде хит болу керек пе, әлде вокалдық білімі терең, академиялық дауыс иесі болуы шарт па? Мәселен, Димаштың қандай хит әні бар? Әлеуметтік желіде танымал, ел атын жатқа білетін көп журналистің жазған мәтінін жаратпайтын редакторлар бар. Керек десеңіз, танымалдардың кейбірі тіпті жазып берген нәрсені жатқа айтып қана жүр. Сондықтан, журналистикадағы менің фаворитім тілі шұрайлы, дүниетанымы кең, сөз саптауы сауатты, мәтіні жұмыр, зерттеуі терең, қалам тербей алатын тақырыптары алуан-түрлі әмбебап тілші болуы керек. Яғни халықтың емес, ең әуелі әріптестерінің құрметіне ие адам. Ондайлар некен-саяқ. Қазіргі журналистикада мен мықты деп «Еуразия бірінші арнасында» қызмет ететін Қайыркен Отыншыны айтар едім. Ол тақырыпты терең зерттей алады. Әр нәрсенің байыбына барып, астарына үңіле алады. Түйткілдің түйінін тарқатарда көп жылдық тәжірибесіне сүйенгендіктен, сюжеттері салмақты, ойлы шығады. Саясатты, халықаралық қатынастарды, экономиканы, әлеуметтік саланы, спортты да сараптауға дайын. Сондықтан оны біздің арнаның редакторлары суға да, отқа да салады. Өйткені сенеді. Маңызды мәселелерді, бәрі мұқият бақылап отырған тақырыптарды, басшылық басқаға емес, Қайыркен Отыншыға сеніп тапсыратыны содан. Қазірдің өзінде алдыңғы буын оны «қазақ журналистикасының қаранары» деп атап жүр. Ол өзге мемлекеттердің саясатын, түрлі саладағы тәжірибесін, тарихын жақсы білетін жүйелік жады бар журналист болғасын, зерттеулері тұңғиық. Сараптауы Қазақстанмен шектелмейді, уақытпен өлшенбейді, ғасырға сыймайды. Тілінің жатықтығы, жазуының жұмырлығы өз алдына. Ол Еуропадан бір ақпарат берсе, бүкіл кәрі құрлық қазақша сөйлеп тұрғандай әсер қалдырады. Эфирге тікелей жауапты редакторлар кейде Қайыркен Отыншының мәтіндерін тексермейді де. Ал бұл – өте сирек болатын жағдай. Сондықтан, менің фаворитім – қазақ журналистикасында қайталанбас Қайыркен Отыншы.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға