Жаңалықтар

Телефоннан үш күн бас тартсаңыз ми қызметіне қалай әсер етеді?

Телефоннан үш күн бас тартсаңыз ми қызметіне қалай әсер етеді?
Фото: Pixabay 23.03.2025 13:40 485

Смартфон — адамның күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналды. Алайда оны шектен тыс қолдану, тіпті уақытша бас тарту да ми жұмысына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Бұл туралы Германиядағы Гейдельберг және Кельн университеттерінде жүргізілген жаңа зерттеу мәліметтері көрсетіп отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Смартфон — заманауи адамның серігі ме, әлде тәуелділік пе?

Соңғы деректерге сүйенсек, қазіргі адам күніне орта есеппен 4 сағат 37 минутын смартфонға жұмсайды және оны 58 рет қолына алады. Z ұрпағының 24%-ы смартфонды тым жиі қолдану өз өмірлерінде проблемаға айналғанын мойындаса, 41%-ы экран алдында өткізетін уақытты азайтуға нақты әрекет жасап жатыр.

Гаджеттердің кең таралуымен қатар, олардың денсаулыққа, психикаға және әлеуметтік өмірге әсері туралы мәселелер де күн тәртібінен түспей келеді. Бұл тұрғыда ғалымдар тәжірибе жасап, смартфонды пайдалануды шектегенде мида қандай өзгерістер болатынын зерттеуге кірісті.

Зерттеу қалай жүргізілді?

Жас мөлшері 18 бен 30 арасындағы 25 адамға 72 сағат бойы смартфонды барынша аз қолдану тапсырылды. Қатысушыларға тек шұғыл қоңырауларға немесе жұмысқа қатысты мәселелерге байланысты құрылғыны пайдалануға рұқсат етілді. Бұл үш күндік мерзім ми белсенділігін өзгертуге жеткілікті, әрі қатысушыларға артық жайсыздық туғызбайтындай етіп таңдалды.

Эксперименттің басында және соңында қатысушыларға магниттік-резонанстық томография (МРТ) жасалып, психологиялық тесттер алынды. МРТ кезінде қатысушыларға жұмыс істеп тұрған және өшірілген смартфондардың, қайықтар мен гүлдердің суреттері көрсетілді.

Смартфон бейнелері арқылы мидың құрылғыға деген ықылас пен тәуелділікке жауап беретін бөліктерінің белсенділігі тіркелді. Телефонның суретін көргенде, қатысушылардың мидағы марапат және тәуелділікпен байланысты аймақтарында — атап айтқанда, nucleus accumbens (қызметі марапатпен байланысты аймақ) пен anterior cingulate cortex (қабылдау мен шешім қабылдауға жауапты аймақ) — белсенділік артқаны байқалды.

Қандай нәтижелерге қол жеткізілді?

72 сағаттық шектеуден кейін осы аймақтардағы нейрондық белсенділік айтарлықтай өзгерген. Бұл, ғалымдардың пікірінше, дофамин мен серотонин жүйелерімен байланысты. Бұл нейромедиаторлар адамның көңіл күйін, мотивациясын және тәуелділікке бейімділігін реттейді.

Кейбір қатысушылар тәжірибе соңында өздерін жақсы сезінгенін және көңіл күйінің көтерілгенін айтқан. Ал нақты психологиялық тест нәтижелері айтарлықтай өзгерісті көрсете қоймады. Дегенмен, мамандар мұндай субъективті оң өзгерістер адамның өз уақыты мен назарын қайтадан бақылауға алғанымен түсіндірілуі мүмкін деп есептейді.

Зерттеушілер смартфонды шамадан тыс пайдалану мидағы белгілі бір аймақтардың белсенділігін күшейтетінін және бұл тәуелді мінез-құлықтың дамуына түрткі болуы мүмкін екенін атап өтті.

Алдағы уақытта ғалымдар зерттеу аясын кеңейтуді, көбірек қатысушыларды тартуды, психологиялық тесттердің түрін көбейтуді және миды зерттеудің күрделі әдістерін қолдануды жоспарлап отыр. Мұндай зерттеулер нәтижесі гаджетке тәуелділіктің алдын алу мен оны жеңу жолдарын табуға көмектесуі мүмкін.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға